• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:47:55
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 Сұхбат

Ібілістің рөлін сомдаған актер қандай тәуекелге барған?

мен Ібілісті осылай елестетемін. Бұл образды өзім ойлап таптым.

Ақтауда Каспий жағалауы елдерінің екінші халықаралық театр фестивалінде Әзербайжан драматургы Гусейн Джавидтің "Ібіліс" трагедиясы қойылды. Басты рольді сомдаған Сабыр Амутбаев атындағы Мензелин татар мемлекеттік драма театрының жас актері Рүстем Зиннуров сұхбат берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мистикалық эпизодтар мен іс-қимылға толы, қазіргі заманғы музыкамен көркемделген трагедия ақтаулық театр сүйер қауымды бей-жай қалдырған жоқ. Аншлагпен өткен спектальдегі оқиға бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында Таяу Шығыста өрбиді. Шығармадағы негізгі кейіпкерлердің бірі Ариф – арманшыл, ақжарқын, мейірімді бозбала. Бірақ, Ібіліс араласқан жерде жақсылыққа орын жоқ. Ол адамдарды дүние үшін жанын сатуға азғырып, мәжбүрлейді.

Рүстем Зиннуров Ібіліс бейнесі арқылы кей адамдардың ерік-жігерсіздігін, олардың көбіне сайтанның арбауынан шыға алмайтынын, сол себепті Ібілістің адам жанының билеушісіне айналатынын шебер көрсеткен. Ал Ариф – Ілияс Закиров қойылымның соңында Ібіліске бағынып, өз әйелі мен туған ағасын өлтіреді, дүние мен алтынға құнығады. Осылайша бір байғұсқа айналады. Пьесаның ақыры Ібілістің "мен сендермен біргемін, сендердің әрқайсыңның жанындамын, сендер менің еркімдесіңдер" деген монологымен аяқталады.

 Ібіліс

Ібіліс ролін сомдаған Сабыр Амутбаев атындағы Мензелин татар мемлекеттік драма театрының актері Рүстем Зиннуровтың жасы 23-те. Қазір Қазандағы мәдениет пен өнер институтында оқиды. Әкесі Ильгам үй жөндеумен айналысады, анасы Рәбия үй шаруасында. Рүстем өз отбасы туралы "біз өте тату-тәтті тұрамыз. Дүкенде сатушы болып істейтін әпкем Динара да, мектепте оқитын інім Саид та, ата-анам да менің актер болғанымды қолдайды" деді. Ол Ібіліске дейін қуыршақ театрында ойнап, патша, жалмауыз кемпір рөлдерін сомдаған.

"ІБІЛІС - ЕҢ ІРІ ЖӘНЕ СҮЙІКТІ РӨЛІМ"

- Рүстем, "Ібіліске" қалай келдіңіз?

Рүстем Зиннуров: - Театрымызда "Ібіліс" трагедиясы қойылады екен деген дақпырт тарады. Әрине, менің де осы рольде ойнағым келді. Мен де естіп қатты қобалжыдым: "Вау, Ібіліс, Сайтан, оны кім ойнар екен?! Оны маған кім береді дейсің, тілімде де мүкістігім бар. Бірақ бұл мен үшін ерекше рөл болар еді. Денемде татуировкаларым тағы бар". Осылайша арман-қиялға беріліп жүргенімде режиссер Сергей Потапов келіп, кастинг өткізе бастады. Алғашында маған назар аударған жоқ. Бір аптадан соң менің бойымнан бірдеңені байқады ма: "Рустик, кел, сайтанды сен ойнап көрші" деді. Ал өзім "мүмкін мені алып қалар" деген үмітпен үйде бұл шығарманы оқып, өзімше дайындалып жүргем. Ібіліс - мен сомдаған ең ірі және сүйікті рөлім.

- Шашыңыз бен қасыңызды осы рөл үшін қырып тастадыңыз ба? Әлде режиссер талабы солай болды ма?

Рүстем Зиннуров: - Жоқ, мен Ібілісті осылай елестетемін. Бұл образды өзім ойлап таптым. Ібілісті осылайша стандарттан тыс, адамға тән емес жабайы, қассыз, шашсыз етіп көрсеткім келді.

- Ал татуировкалар ше? Олар бұл образ үшін тым әсіре көрінбей ме?

Рүстем Зиннуров: - Бұл татулар менде бұрыннан бар. Өзім тату жасатқанды жақсы көремін. Ібіліс ролін ойнайтыным белгілі болған соң режиссерден ол туралы сұрағанмын. Ол "жоқ, қалдыр, Ібілістің нақты бейнесі жоқ, сондықтан тиіспе" деді. Кейін мына кеудемдегі қой терісіне оранған қасқырды да салдырттым. Бұл – екіжүзділікті білдіреді.

 Ібіліс

"БІЗ ТӘУЕКЕЛГЕ БАРДЫҚ"

- Ібілісті Татарстанда көрермен қалай қабылдады? Қанша рет сахналанды? Ресейдің өзге аймақтарында ше? Оны орыс тілінде де қоясыздар ма?

Рүстем Зиннуров: - "Ібіліс" Татарстанда ажиотаж туғызды. Біз оны бірнеше мәрте қойдық. Актерлерге де өте ұнайды. Дәл осы қойылымда тамаша ұжым қалыптасты. Бір адамды алып тастасаң не қоссаң бар мәні жоғалып кетеді. Біз "Ібілісті" тек татар тілінде қоямыз, ал орысша ілеспе аударма жасалып отырады. Негізі мұны Татарстанда қойып келеміз, Ресейдің басқа қалаларында да көрсеттік.

- Пьесада исламға, ұлтқа қатысты кей фразалар бар екен. Мәселен, жаралы офицер (Ильмир Кашапов) "біздің қанымыз бір, мен де Қазаннанмын" дейді. Бұны алауыздық тудырды деп бағаламады ма, яғни қойылымға кедергі болмады ма?

Рүстем Зиннуров: - "Қанымыз бір" дегенде біз, түріктер қанымыз бір дегенді айтқысы келді. Иә, қойылымда Ібілісті атқан кезде "бәрін өлтіру керек, сұбханалла, бәрін сою керек, сұбханалла" деген дауыстар шығады. Бұлай тәуекелге бара аламыз ба деп театр басшылығының күмәнданған сәттері болды. Бірақ біз тәуекелге бардық, спектакль сахнада қойылып келеді, құдайға шүкір.

Жалпы, бұл пьесаға әр жағынан қарауға болады. Қарап отырсаңыз, сайтан бәрін алдап-арбап алады. Бірақ оның басты мақсаты Ариф емес – қарт шейх (Рүстем Муллин ойнаған). Мен осы тұрғыдан қараймын. Ібіліс қарияны торына түсіріп, ақ жолдан тайдырғысы келеді. Бірақ шейх Ібілістің арбауына түсе қоймайды. Дәм-тұзы таусылуға жақын қалған қария жуық арада Алланың алдына барады, яғни Ібілістің де уақыты аз қалған. Ол пьесадағы оқиғалардың бәрін алдын ала біліп отырады, тіпті бәрі соның жоспарымен орындалды деуге де болады. Бірақ қарт шейх соңында қызының өлгенін білсе де, Ібіліс оған Арифті өлтіруге қылыш бергенімен ол қарудан бас тартады.

Дінге қатты берілген адамдар үшін Ібілісті суреттейтін бұл пьесаны көру қиын. Көбіне олар залдан шығып кетіп жатады. Мен өзім ойнаған қойылымның бейнежазбасын Құран оқитын, мешітке баратын тәтеме көрсеткем. Оның қан қысымы көтеріліп кетті.

"БІЗ ТАТАР ТІЛІН ҰМЫТЫП БАРАМЫЗ"

- Татарстандағы татар тілінің ахуалы туралы айта кетсеңіз.

Рүстем Зиннуров: - Онша мәз емес. Біз Татарстанда тұрамыз. Бірақ ана тіліміз өшіп бара жатқан секілді. Жақында мектептерден татар тілін алып тастауы мүмкін деп жұрт арасында қобалжу болды (Ресей құрамындағы ұлттық республикаларында тіл мәселесіне қатысты дау Ресей президенті Владимир Путин 2017 жылы жазда өзге тілді мәжбүрлеп оқытуға болмайтынын мәлімдеген соң өрши түскен. Татарстанда бірнеше митинг өткен - ред.). Татарстанда татар тілін алып тастау деген енді ақылдан адасу ғой. Шүкір, бәрі қалпына келді. Бірақ біздің проблемамыз - біз өзіміз татар тілін ұмытып барамыз. Отбасында да, балалар бір-бірімен де орысша сөйлеседі. Кемшіліктер өзімде де бар. Үйде орысша-татарша сөйлесеміз, көшеде де солай. Ата-анамды татарша әниім, әтиім демей, мама, папа дейміз. Бұл проблеманы біле тұра соны қайталаймын. Өзім театрда жұмыс істейтінімнің арқасында татар тілін жақсы білемін.

- Ал татар тіліндегі театр қойылымдарының көрермені кім? Қойған шығармаларды қалай қабылдайды?

Рүстем Зиннуров: - Халық театрға келеді. Әрине, негізінен ересек адамдар. Жастар сирек келеді, дегенмен дәл осы "Ібіліске" жастар көп келді. Әдетте татар театры көбіне аққайыңдар ортасында "Сүйемін сені, сұлуым!" деп әндетіп жүрген бейнелер түрінде қабылданады ғой. Ал "Ібілісте" жастар үшін маңызды экшн көп.

- Кейде мұңлы әндер, қайғылы рөлдердің оның орындаушысына да кері әсері болады деп ырымдап жатады ғой. Ібілісті ойнаудан қорықпайсыз ба?

Рүстем Зиннуров: - Мен олай ойламаймын. Не нәрсеге сенсең сол болады. Мен Ібіліс маған көп нәрсе беретініне сенемін. Халықтың жадында Ібіліс рөлін сомдаған актер болып қалсам деймін. Бізде Равиль Шарафиев деген үлкен актер бар, ол халықтың есінде өзі ойнаған Әзірейл ролімен сақталып қалды. Әзірейілдің жаналғыш екенін білесіз ғой. Мені де солай есте сақтаса екен деп тілеймін.

Дереккөз: Азаттық

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір