• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:24:02
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2018 Ғылым-білім

Ғылыми жаңалықты неге жатырқаймыз?

Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасайтын адамдардың кезегі келді.

13 желтоқсан күні Алматыда қасқайып тұрған «Қазақстан» қонақүйінің «Grand Palace» залында «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қорының 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мен 15 қараша – Қаржыгерлер күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткізген «Еркін сөз» шығармашылық байқауы жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті. Бас жүлде мен 500 000 теңгені қанжығасына байлаған Дина Имамбайдың үздік атанған мақаласын "Қамшы" оқырман назарына ұсынады.

♦Дина Имамбай – 500 000 теңгелік мақаланың авторы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қайта түлеудің айрықша маңызды үдерісінің бірі экономикалық жаңғыру екені атап көрсетілгені белгілі. «Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деді Президент. Жаңа  тұрпатты жаңғырудыңф басты шарты – заман ағымына икемделу арқылы көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру. Бұл міндетке қол жеткізетін басты шарттың бірі –  бәсекеге қабілетті инновациялық экономика құру, ұлттың жаһандық нарықта бағасы мен сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Ол үшін, әрине, білім мен ғылым салтанат құруға тиіс. Елбасы айтқандай, ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасайтын адамдардың кезегі келді. 

Соңғы онжылдықта ғылымға бөлінетін қаржы еселеп артты. Экономикамыз түзеле бастаған 2003 жылдан бастап зерттеулерді қаржыландыру 4,4 есеге, 2010 жылдан бері ғылымға арналған шығындар 2,3 есеге өсті. Бір ғана Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) бірін­ші бесжылдығы үшін (2010-2014 жж.) 3,7 трлн теңге қаражат бөлінді. Бірақ бастамалар мен бағдарламалар­дың көптігіне қарамастан, инновация­лық салада қарқынды даму байқал­май отырғаны шындық. Осы уақыт­қа дейін «Қазақстанда жасал­ған», бүкіл халыққа танымал әрі керек­ті өнім әлі де аз екені белгілі. Оның басты себебі – ғылыми жаңа­лықтардың өндіріске енгізілуі төмен, технологиялық жаңалықтарды жүзеге асыру тетіктері әлсіз, шағын инно­вациялық кәсіпкерлік дамымай отыр.
Еліміздегі шағын және орта бизнес өз кәсіпорындарында жаңа­лықтар енгізуге мүдделі емес. Цифр­­лар­ға жүгінсек, тіркелген 31077 кәсіпорынның 1743-інде ғана өнімдік инновация бар. Яғни қазақстан­дық кәсіпорындардың инно­вация­лық белсенділігі – 5,6%. Салыстыратын болсақ, АҚШ-та инно­вацияны белсенді қолданатын кәсіпорындардың үлесі – 50%, Түркияда – 33%, Венгрияда – 47%, Эстонияда – 36%. Мұның барлығы ғылымды басқаруға, ұйым­дастыруға келіп тірелетіні белгілі. Әлеуметтік зерттеулердің дерек­тері бойынша, ғылыми-зерттеу инсти­тут­­тарының материалдық-техни­калық жарақтандырылуы әлі төмен, ғалымдардың жалақысы мардымсыз. Жыл сайын жасалатын ғылым ­туралы ұлттық баяндамаға қарағанда 2016 жылы елімізде ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы 0,17 пайызды құраған. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 3-тен 4 пайызға дейін. Ғылымға бөлінетін осы қар­жының қайтарымы да дұрыс қадағаланбайды, қаржыны бөлуде белгілі бір жүйелілік, жоспарлылық жоқ.

Мәселен, ғылыми-зерттеу ­институттары атқаратын жобаларға арналған қаражат жыл басында емес, әбден күз болғанда келіп түседі. Жыл бойы атқарылатын жұмыстың қаржысын бірнеше айда жанталаса игеруге кіріскен ғалымнан қандай сапа, қандай қомақты нәтиже күтуге болады? Ғылымды басқару жүйесіндегі кемшіліктер мен шенеуніктердің шалалығы осындай олқылықтарға әкеп отыр. Мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуына жауапсыз қарау қолданыстағы мониторинг жасау жүйесінің де тиімсіздігін көрсетеді.
Инновациялық даму дегеніміз – жасампаздық, жаңа және пайдалы өнім шығару. Оны шығаратын, ойлап табатын – ғалымдар, ­конструкторлар, технологтар. Нақты қолданысқа енгізілген жаңа идея ғана инновацияға айналады. Дамыған елдерде өнертапқыштарға, шағын фирмаларға техникалық жаңалықтарды қаржылан­дыру­ға көмек көрсетіледі. Мысалы, АҚШ-та жүз шақты жұмыс­шы­сы бар шағын фирмалар мың­да­­ған жұмысшы істейтін ірі кор­порацияларға қарағанда 20 есе артық жаңа өнім береді екен. Өйткені шағын бизнес тұтынушы үшін бәсекеге түсуге икемді. Мұндай фирмалар мен компаниялар бастамашыл, озық ойлы қызметкерлеріне жағдай жасайды. Яғни инновациялық даму мен ғылыми-техникалық әлеует өзара тығыз байланысты. Әрине, біз де жаңашыл ғалымдарға зәру емеспіз. Әрбір салада озық идеяларымен дараланған білікті мамандар көптеп саналады. Бірақ идея бар жерде оны іске асыру бар. Мәселе осы ғылыми идеяны коммерцияландыруда, яғни ақыл-ойдың жемісін дайын өнімге айналдыруда.
Осы мақсатпен елімізде көпте­ген технопарктер, бизнес-инкубаторлар құрылғаны белгілі. Солардың бірі – Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің технопаркі. Технопарк директоры Қанат ­Алтыбай «Технопарктердің басты міндеті – ғалымдар мен кәсіпорындардың арасын байланыстыру. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верси­тетінің технопаркі 2004 жылы құрылған. Технопарк 27 инно­вация­лық жобаны іске асырып, оның 11-і коммерцияланды. Яғни инноваторлар өндіріс орнын ашып, жұмыс орындарын құрды, жаңа өнімдерін өндіре бастады. Олар сөйтіп шағын және орта бизнес субъектісі ретінде бюджетке салық төлейді, кіріс келтіреді. Міне, технопарктер осы қызметпен айналысады» деп түсіндірді.
Көбінесе өнертапқыштардың идеялары болғанмен, оны іске асырып өндіріске енгізуге қаражаты жоқ. Сондықтан мемлекет гранттар ұсынады. Бұл гранттар ғылыми әзірлемелерді коммерциялауға арналған. Гранттық қаржыландыру әртүрлі ұйымдар арқылы беріледі. Олар – Индустрия және даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік (ТДҰА) және т.б.
Технопарк директоры Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ технопаркі өзін-өзі ақтап отырғанын айтады. «Бізде базалық қаржыландыру жоқ. Негізгі кіріс көзі – инноваторларға, кәсіпкерлерге түрлі қызметтер көрсету» дейді ол. Мәселен, көптеген ғалымдар өз өнертабысын қалай патенттеу керек екенін білмейді. Міне, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар осы жағынан консультациялық көмек көрсетеді, ақыл-кеңес береді. «Біздің алдымыздан жылына 120-140 ғалым өтеді» дейді директор. Сондай-ақ бұл көмектің барлығы тегін көрсетіледі. Оның ішінде өтінішті қалай жазу керек, қайда бару керек, интеллектуалдық меншік институтына жүгінудің реті қандай, т.с.с. Содан кейін барып олар өз идея­сына патент алады. Патент өз өнімдерін сатқан кезде басқалар оны пайдаланып кетпеуі үшін керек. Хош, патент алынды, ары қарай не істеу керек? 1-ші жолы – өз қаражатына сол өнімді өндіретін кәсіпорын ашу. 2-ші жолы – БҒМ немесе ТДҰА АҚ , т.б. даму институттарының грантына ұсыну. Тағы бір жолы – инвестор табу. Кез келген инвестор сіздің өнертабысыңызға патент бар ма деп сұрайды. Содан кейін ғана келіссе іске кіріседі.
Технопарктердің жанында өнертабыстарды сынақтан өткізуге арналған зертханалар жұмыс істейді. ҚазҰТЗУ технопаркінде, мәселен, тек тау-кен металлургиясы бойынша зертханалар бар. Наноматериал­дар зертханасы нанозерттеулер жүргізеді, полимерлер технологиясы зертханасы полимерлер бойынша жұмыс істейді. Яғни мұндағы зертханалар университеттің про­филіне сәйкестендірілген.

Еліміздегі технопарктерде осындай табыспен жүзеге асырылған  жекелеген жобалар бар. Бірақ олар шетелге экспортқа шығарылмақ түгілі, отандық нарықты да толтыра алмай отыр. Ол үшін цехтар ашып, өндірістік қуатқа шығу керек, қаржы салу керек, ол өнімдерге сұраныс болуы керек. Әйтпесе олар нарық қыспағына төтеп бере алмайды. Көпшілік ғылымға салынған қаржы бірден пайда әкелмейтінін түсінбейді, мәселен, іргелі ғылымға салған қаржы тек 15-20 жылдан кейін, ал қолданбалы ғылым – 5-15 жылдан кейін нәтиже береді.

Патент алынған кейінгі өнерта­быс­тың тағдыры не болмақ, сол жаңалық күйінде қалып қоймай ма деген сұраққа Қанат Әдиханұлы технопарк жаңа идеяны зерттеу, кеңес беру, құжаттарын реттеу, сынақтан өткізу сатыларымен ғана шектелетінін жеткізді. Берілген грант жетпей қалуы да мүмкін, ондай жағдайда қалған қаражатты өнертапқыштың өзі табуы керек. Ал ғылыми жаңалық өндіріске енуге дейін қанша уақыт керек дегенге келсек, бұл идеяның өзіне байланысты. Мәселен, ІТ саласындағы технологияны енгізуге бір апта да жетеді. «Бірақ оны ұрлап алу оңай. Өнертапқыш қажетті құжаттарын рәсімдеп жүргенде тың идеядан көзді ашып-жұмғанша айрылып қалуы мүмкін» дейді директор. Ондай суық қолдылар сарапшылардың арасында да кездеседі екен. Бұл енді адам факторына қатысты мәселе.
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ технопаркі қабырғасында жүзеге асырылған нақты жобаларға келсек, «Инокс ЛТД» кәсіпорнын айтуға болады. Олар жаңа технологияның көмегімен экологиялық таза материалдардан машина жабдықтарын жасаумен айналысады. Қазір олар­дың өнімдері шетелге де танымал, мәселен, испаниялық «Тальго» зауыты кейбір бөлшектерін солардан сатып алады. Тағы бір сәтті жоба – желдеткіш қондырғы, ол құ­рамында йод бар теңіз ауасын жа­сайды. Кәдімгі кондиционерге қара­ғанда ол мүлдем зиянсыз. Қазір бұл қондырғылар ­Назарбаев универси­тетінде қолданысқа енгізілген.
Еліміздегі технопарктерде осындай табыспен жүзеге асырылған жекелеген жобалар бар. Бірақ олар шетелге экспортқа шығарылмақ түгілі, отандық нарықты да толтыра алмай отыр. Ол үшін цехтар ашып, өндірістік қуатқа шығу керек, қаржы салу керек, ол өнімдерге сұраныс болуы керек. Әйтпесе олар нарық қыспағына төтеп бере алмайды. Көпшілік ғылымға салынған қаржы бірден пайда әкелмейтінін түсінбейді, мәселен, іргелі ғылымға салған қаржы тек 15-20 жылдан кейін, ал қолданбалы ғылым – 5-15 жылдан кейін нәтиже береді. Ірі бизнесмендер болса әлі аяғынан нық тұрмаған жобаға қаржы салып, тәуекелге барғысы келмейді, бұдан гөрі шетелде сақтағанды артық көреді. Соның салдарынан Қазақстанда жекеменшік секторының ғылымды қаржыландыруы 10%-дан аспай отыр. Ал дамыған елдерде 60% ғылыми әзірленімдерді жекеменшік компаниялар қаржыландырады. Біздегідей мемлекетке ғана арқа сүйеу оларда жоқ.
Елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) айналысатын мамандардың саны мен сапасы да күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда 383 ғылыми ұйым бар және оларда 17421 маман-зерттеуші еңбек етуде. Тағы да салыстыратын болсақ, Германияда 4 млн-ға тарта адам, Жапонияда 5 млн адам ҒЗТКЖ-да жұмыс істейді. АҚШ-та 2016 жылы 304 мыңнан астам өнертабысқа патент алынған, сонда күніне 800 өнертабыстан келеді. Ал Қазақстанда өнертабысқа берілген өтінімдер көлеміне келетін болсақ, 2014 жылы – 2012, 2015 жылы – 1503, 2016 жылы – 1221 өнертабысқа тиісті құжат берілген.
Қалыптасқан жағдайға зер салсақ, қазақстандық экономи­каның инновациялық сипат алуы үшін көп жұмыс істеу қажеттігі айқын көрінеді. Әсіресе еркін нарық пен заң үстемдік алмай мемлекет қаражатының қайтарымы болуы екіталай. Ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс «Идея – әзірлеме – үлгі – дайын өнім – өткізу нарығы» тізбегі бір­тұтас жүйемен жұмыс істегенде ғана күшейеді. Бұл ретте индустрия­ландыру бағдарламасының ашықтығын көтеру, инноватор­лар­дың жолындағы әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, танымал кәсіпкерлерді ЖОО оқытушыларының құрамына тарту, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен холдингтер қызметінің ашықтығы, ғалымдарға лайықты жалақы төлеу, жас ғалымдарды ынталандыру, инновациялық өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдау (салық, т.б. жеңілдіктер) оңды нәтиже берері анық. Өнертап­қыш­тар мен кәсіпорындар ең алдымен көпшілікке арналған инновация­лық өнімдер шығаруды ұлғайтуға тиіс. Арзан, пайдалы және халыққа керекті өнімге сұраныс та жоғары.
Бұл ретте шетелдік тәжіри­бенің жақсы жақтарын алуға да болады. Мәселен, Қытай техно­логия­лық даму бойынша соңғы 10 жылда АҚШ-тан кейінгі 2-ші орынға шықты. Пекиннің праг­мати­калық техно-ұлтшыл саясаты «экономикалық чемпиондар» аталатын ірі компанияларды қолдау арқылы ұлттық өнеркәсіпті дамытып отыр. Әлемнің ірі компанияларының тізіміне соңғы жылдары Қытайдың 70 компаниясы кірді, ал 2002 жылы олар небәрі 11 болған. Уақыт лебін жіті сезінген көршілеріміз бұл қадамға тегін барып отырған жоқ. Өйткені индустрияландыру тек әлеуметтік-экономикалық жоспар емес, оның саяси, ұлттық қауіпсіздік, елдің болашағы сияқты аса маңызды астарлары бар. Мұнайдың бағасы ары-бері ауытқып, күнде құбылған кезеңде білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығара бермей, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша табуға көшуіміз керек.
Алдымызда дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр. Әлеуметтік мәселелердің шешімін табу, халықтың әл-ауқатының көтерілуі де экономикалық өсімге тікелей байланысты. Таяу уақытта, сарапшылардың пікірінше, дамушы елдердің 5%-ы ғана озық елдердің қатарына қосыла алады. Демек, экономикасы «қуып жетуші» сипаттағы Қазақстанды алда қатаң бәсеке күтіп тұр – ғылымды өндіріспен ұштастырып, жаңа инновацияға ие болу.

Дина ИМАМБАЕВА

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір