• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:09:17
Алматы
+35°

08 Тамыз, 2018 Сұхбат

Фейсбуктің "жұлдызы" Мұрат Әбділдә өзіне тас лақтырғандарды аспен атпақшы

Сіз де тыңдаңыз, кемтар тұсын айтыңыз, бірақ менің қанатымды кеспеңіздерші, өтініш!

Фейсбуктегі "Жаға ұстатты" тобын әндерімен шулатып жүрген Мұрат Әбділдәмен сұхбаттасудың сәті бұйырды. Аядай бөлмеде отырып, өзін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейтін әнші жігіт әңгімеден қашпады, керісінше осы орайды пайдалана отырып, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергісі келетіндігін айтты.   

-Мұрат, фейсбукте біршама танымал адамсыз. Ән айтқан видеоңызды фейсбуктегі «жаға ұстатты» тобына жүктеп, көп лайк жинап, таң қалдырудан жалықпайсыз. Арасында ғана мақтау сөз естисіз, қалған жағдайда қарғысқа көбірек ұшырайсыз. Айтыңызшы, қандай мақсатпен ән айтасыз және оны ғаламторға жүктейсіз?

Әнші болуды армандайтын азаматпын. Өнерге ессіз ғашықпын. Ән әлеміне адалмын. Дәл қазір арманымды өмірге айналдырып, сахнаға шығуға мүмкіндігім жоқ болғандықтан әлеуметтік желінің күш-қауқарын пайдаланып жатырмын. Ән шырқап жатқан сәтім түсірілген видеоны ауылда отырып инстаграм мен фейсбукке тұрақты түрде салып отыруды әдетке айналдырдым. Фейсбуктің қыр-сырын меңгергеніме көп бола қойған жоқ. Басында осылай видеоны ғаламтор кеңістігіне жүктеуге батылым бармайтын. Ал, қазір шешінген судан тайынбастың күйін кешіп отырмын. Мұнымды ерлікке балаймын. Кім не десе де халыққа өз өнерімді паш етудемін. Мені балағаттаса да, қарғаса да үндемеймін. Өзімді мәдениетті ұстаймын. Өйткені менің мақсатым күлкіге немесе қарғысқа қалу емес. Мейірімділігі азайған қоғамға жарқын көңіл-күй сыйлағым келеді. Әрі арманымның орындалуына бір табан болсын жақындауымды мақсат еттім.

- Жағымсыз пікірлерді оқи отырып еңсеңіз түспейді ме?

Адам үш күннің ішінде қабірге де үйренеді дейді ғой. Өзім эмоцияшыл, сезімге жиі бой алдыратын адам болғандықтан басында қатты қабылдадым. Кейде «жындысың» десе, ашу-ызаға булықтым, «сәттілік» тілесе, көз жасыма ерік бердім. Ал, қазір менде иммунитет пайда болды. Пікір қалдырушылар мені шынайы өмірде танымайтындықтан олардың қарғап-сілегендері маған маса шаққан құрлы әсер етпейді. 

- Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың. Дегенмен сұрауға міндеттімін. Пікір қалдырушылардың арасында сіздің адекваттылығыңызға күмәнмен қарайтындар көп. Жасыңыз қаншада, Мұрат? Біліміңіз қандай? Отбасылық жай-күйіңіз қандай? Немен айналысасыз?  

Менің ән айтқанымды жындылыққа балайтындарға қарным ашиды. Мен ешкімге тиісіп отырған жоқпын, аузымнан былапыт сөздер шыққан емес. Бар болғаны жүрек қалауыммен ән айтамын. Одан кім зардап шегіп жатыр!? Педофилдер қаптап кеткен заманда заң күшейтуді талап етудің орнына менімен алысады. Мен ақиқатты айтқанды құптайтын жанмын. Әнші болу бұл менің қиял-арманым. Сіз де тыңдаңыз, кемтар тұсын айтыңыз, бірақ менің қанатымды кеспеңіздерші, өтініш! Өзім жайлы айтатын болсам, 1987 жылғымын. Түркістан облысынанмын. Жоғары білімім жоқ, өкінішке қарай. Құрылыста жұмыс істегенмін, дәл қазір жұмыссызбын. Үйде егде тартқан анам бар. Өзім ажырасқанмын.

-Әнші боламын деген ой-арман қалай және қашан дүниеге келді? Оның өмірге айналуына не кедергі етті?

Мектепте оқып жүргенде өнерге деген қызығушылығым болған емес. Тек 20  жасымда ғана ән айтуға, өлең жазуға деген құмарлық оянды. Қалтамда қомақты қаражатым болғанда, баяғыда-ақ Алматыға қоныс аударып, жеке шығармашылығыммен айналысар едім. Әттең, ондай мүмкіндік туар емес. Кезінде Арман Дүйсеновтің ұялы телефонын тауып, кездесудің, дастархандас болудың сәті бұйырған болатын. Сол кезде Арман мырза бір ән сыйлауға кет әрі еместігін айтып, бірақ өнер жолын жалғастырамын деген адамға міндетті түрде қаржы керек екендігін ашығынан айтқан болатын. Содан бері Алматыны күнде түсімде көремін. Бірақ әзірге бәрі тыныш.

-Шоу-бизнес сізді несімен қызықтырады?

Мені шоу-бизнес қызықтырмайды. Мен таза өнерге ғашық адаммын. Танымал, ел аузында жүрген әнші болу үшін өтірік мүләйімсуге дайын емеспін. Шоу-бизнес қанша дегенмен қырағылық пен қасқырлықты талап етеді ғой. Мен сияқты ауылдан шыққан азаматқа құр сахнаның өзі жеткілікті. Өнерге деген адалдығымды әйтеуір бір күні ел-жұрт бағалар деген ойдамын.

-Ат шықпаса, жер өртеуге қалай қарайсыз? Ұялмағанның бәрі әнші болуға лайықты ма?

Сайлаубектің кесірінен талай талантты тасада қалып жатыр. Себебі ғаламтор кеңістігінде ән айтып, видео жүктегенді сынап-мінеушілер, қарғап-сілеушілер көбейіп кеткен. Мен өзімді керемет таланттымын демеймін. Алайда керемет таланттылар да халыққа керексіз болып қалды.

- «Саған ән айту керек, сахнаға шығу керек» дегенді өміріңізде қаншалықты жиі естідіңіз? Танымалдылыңызға жақындарыңыз қалай қарайды?

Ешқашан естіген емеспін. Оларға бәрібір. Ауылдастарым, сыныптастарым әзілдеп сөйлейді маған.

-Кімге қарап бой түзейсіз? Ақылын сізден аямайтын жанашырларыңыз бар ма?

Өкінішке қарай, жоқ.

-Қазақтың қандай әншілерін сүйіп тыңдайсыз? Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай?

Мейрамбек Беспаевтың, Төреғали Төреәлінің, Жұбаныш Жексенұлының, Саят Медеуовтің, Досымжан Таңатаровтың өнерлерін қатты құрметтеймін. Алдағы уақытта фейсбукке әндерімді жүктеуді жалғастыра беремін. Шетелдің үздік әндерін қазақша аударып айтатын боламын.

-«Өзімді керемет таланттымын деп санамаймын, менен де асқан таланттар бар» дедіңіз. Бірақ аңсарыңыз сахнаға ауған. Оны қалай түсінсе болады?

Қайталап айтамын, компьютер экранының ар жағында отырған қауым менен әншілік өнерді де, лайкты да аямасыншы. Қазақ деген кең пейіл халықпыз ғой. Соңғы кезде пейіліміз тарылып кеткендей. Жан-дүнием өнерді аңсап тұрса, ән айтқанда кезде өзімді шексіз бақытты сезінсем, маған тас лақтырып, ор қазудың қажеті қанша?!

-Жұрттың жағасын ұстатып шаршамадыңыз ба? Бәлкім, өнердің биігіне көтерілудің басқа жолын таңдарсыз...

«Жаға ұстатты» тобының модераторы атандым. Сондықтан видео салуды көбейтпесем, азайтпаймын. «Бір адамды күнде көре берсең, танысыңа айналады» дегендей мен де видео салуым арқылы халық маған үйренсе деймін. 

-Тағы нені армандайсыз?

Қазақ киносы дамыса деймін. Қазақтың дархан даласын, көркем табиғатын, сұлу қыздарын, сымбатты ер-жігіттерін тартымды етіп көрерменге ұсынса деген арман-тілегім бар. Өзім оқымаған азамат болсам да бір кино түсіруге жетерлік қаражатым болған күні жастар, шетел қызығатындай кино түсіре аламын деп ойлаймын. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» мағыналық жағынан терең картина болғанымен, көркемділігі аз туынды, меніңше. Кәрістің сериал-киноларына қатты қызығамын. Олар эмоцияны да дөп басып бере алады. Бояулары қанық. Бұл тұрғыдан алғанда үнділер де қалыс қалмайды. Қазақ киносы да қарыштап дамыса, оған менің тарапымнан титтей де болса үлес қосылса бақыттымын. Шіркін, киноға арналған сценарийлерімді, жалпы идеяларымды естір құлақ, оқитын көз болғандай ғой... 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір