• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 15:47:45
Алматы
+35°

26 Сәуір, 2018 NEWS

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, этнограф ғалым, баспагер, Қазақстан жазушылар одағының және Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының мүшесі Зейнолла Сәніктің 15 томдық және оның жары, ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызының 2 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті деп хабарлайды, Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Зейнолла Сәнік

Бұл іс-шара елорда төріндегі "Көрме" кешенінде осымен үшінші рет өткізіліп жатқан Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесімен тұспа-тұс келіп отыр. Алыс-жақын шетелдің 200-ге жуық баспасы қатысып жатқан көрмеде оқырман назарына тек жаңа кітаптар ұсынылса, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» ұйымдастырған таныстырылымға академик Сейіт Қасқабасов, профессорлар Серік Негимов, Дихан Қамзабекұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Дүкен Мәсімхан, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, т.б. белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар мен қаламгердің жақын-жуық жерлестері қатысты. Тағылымы мол туындылардың таныстырылымын филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин жүргізді.

Шәмшабану

Айта кетсек, 15 томдықтың 1-томына «Сергелдең» романы, 2-томына «Басбай» романы, 3-томына Басбай бай туралы зерттеулер, 4-томына «Қаракерей Қабанбай» және «Хан батыр Қабанбай» тарихи эсселері, 5-томына «Сүлеймен би» тарихи эссесі, 6-томына «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», Демежан» тарихи эсселері, 7-8-томдарға «Қазақ этнографиясы», 9-томына әңгіме, новелла, хикаяттары, 10-томына «Із» биографиялық хикаяты, 11-12-томдарға мақалалары мен рефераттары, 13-томына «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» еңбегі, 14-томына очерктері мен естеліктері, сондай-ақ, 15-томына жолжазбалары топтастырылған. Оған қоса, «Сөз-ғұмыр» атты жинақ пен «Зейнолла әлемі» атты естеліктер кітабы бар. Ал жазушының жары Шәмшабану Хамзақызының 2 томдық шығармаларынан бөлек, «Сөз-кесте» атты кітапшасы да жарық көрген. Бұның бәрі тұсаукесерге жиналған көпшілікке тегін таратылды.

тұсаукесер

тұсаукесер

Шара барысында алдымен ғалым Сейіт Қасқабасов Зейнолла Сәніктің шетелдегі қазақ әдебиеті мен тарихының көрнекті өкілі ретінде ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын баса айтты.

«Тау сілеміндей мол мұра фольклор, ауыз әдебиеті, жыр-аңыздар, ел әңгімелері, көркем проза, этнографиялық жазбалар, жолсапарлар, публицистикалық материалдар, романдар, повесттер мен көркем әңгімелер, қысқа афоризмдер мен нақыл сөздер сынды әдебиеттің алуан жанрында қалам тербеуі Зейнолла Сәніктің шығармашылық қазынасы бай адам болғанын қапысыз көрсетеді. Шын мәнінде, ол сан қырлы талант иесі болатын. Бір ғана «Бабалар сөзінің» 20 томы Қытай қазақтары фольклорының негізінде шыққанын айтсақ, бұл қыруар еңбекті жинау жолында Зекеңнің еңбегі ұшан-теңіз болды. Мына нарық заманында да қыздың жиған жүгіндей етіп, бақандай 15 томдықты шығарудың өзі оңай емес», – деді академик. Сол себепті, бұл мәселенің оң шешімін тапқан қаламгердің отбасы мен балаларына, оларға көмек қолын созған өзге де азаматтарға алғыс білдірді.

Ал профессор Серік Негимовтің айтуынша, Зейнолла Сәніктің «Басбай» романы – ертеректе жазылғанмен, қазіргі ауыл шаруашылығының алға жылжуына септігін тигізіп, осы сала мамандарына әжептәуір жол нұсқайтын еңбек. Неге десеңіз, заманында атақты бай болған Басбай атты кейіпкер кәдімгі арқарларды үй қойларымен будандастырып, екеуінен мықты тұқым алған селекционер болған. Соны көркем шығармаға арқау еткен жазушының өнегелік өрнегі мығым.

Негимов

Еске сала кетсек, Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын тәмамдап, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Сөйтіп, Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып 40 жылдай қызмет атқарады. Ал 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген "мәдени төңкерістің" ауыр соққысына ұшырап, "халық жауы" атанып, басынан небір ауыр күндерді де өткерген. Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған 20-дан астам кітабы жарық көріпті. Қазақстанда "Қаракерей Қабанбай", "Хас батыр Қабанбай", "Тұғырыл хан", "Демежан батыр", "Халық күйшісі Қайрақбай", "Баспай" атты кітаптары басылып шықты.

Қадірлі қаламгер 2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озды.

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір