• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 08:36:26
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018 Денсаулық

Енді байқоңырлық дәрігерлер Ресей заңымен жүрмейтін болды

Байқоңыр жалдаушылары кейде өздерін Қазақстандағы кішкентай Ресей сияқты ұстайтыны жасырын емес.

Қазақстан мен Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалдау келісім-шартына 1994 жылы қол қойғаны белгілі. Мәскеу Байқоңырды жалдау ақысы ретінде бізге жылына 115 миллион доллар төлейді. Десе де жалдау бар да, жерін жалға алып отырған елдің заңы мен халқының талаптарын назарға алу бар. Байқоңыр жалдаушылары кейде өздерін Қазақстандағы кішкентай Ресей сияқты ұстайтыны жасырын емес. Оның үстіне заңдар мен жалақы, төлемдер арасындағы айырмашылықтар осы аймақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына кәдуілгідей әсері бар.

Басқа ресейлік мекемелер тәрізді Байқоңырдың дәрігерлері де Ресей заңымен өмір сүріп, Ресей тарифтерімен төлемдер төлейтін. «Осы кезге дейін қолданыстағы заңға сәйкес Байқоңыр айлағында тұратын Қазақстан азаматтары медициналық көмекті тек ресейлік медициналық ұйымдардан Ресей Федерациясының заңнамасы бойынша алып келген болатын. Біздің азаматтарымызға көрсетіліп жатқан медициналық қызмет Қазақстанда қарастырылған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне сәйкес келмейтін. Сондықтан да Байқоңыр қаласында республикалық бюджет есебінен Қызылорда облыстық медицина орталығының филиалы болып табылатын емхана салынды. Ол 2016 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс жасап келеді. Алайда бұл емхана бүгінгі күнге дейін толыққанды медициналық жәрдем көрсете алмай келеді, өйткені, бұл емханада тек жоспарлы түрде ғана медициналық көмек көрсете алады». Сенаттың жалпы отырысында екі ел үкіметтерінің арасындағы Ресейдің «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау барысында сөз алған сенатор Мұрат Бақтиярұлы осылай деді.

Байқоңыр
Бүгінгі талқыға түсіп отырған хаттама ратификацияланған жағдайда Байқоңыр айлағында жұмыс жасайтын азаматтарымыз бен олардың отбасына көрсетілетін көмектің ауқымы да, сапасы мен қолжетімділігі де артады, - деген сенатор Үкіметтің және тиісті министрліктің назарын өзекті, тез арада шешімін табуға тиіс мынадай мәселеге аударды.
Денсаулық сақтау министрінің 16.09.2015 ж. №725 бұйрығы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін Қызылорда облысының денсаулық сақтау субъектілеріне адам басына бекітілген тариф айына 683 теңгені құрайды. Жүйелі жан басына шаққандағы норматив (КПН) бойынша амбулаторлық-емханалық көмек кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі аясында республикалық бюджеттен беріледі және оның ішінде барлық коммуналдық шығындар бар. Алайда, Байқоңыр қаласында көрсетілетін коммуналдық қызмет Ресей Федерациясының бекіткен тарифтерімен төленеді. Коммуналдық қызмет құны Қызылорда облысының тарифтерімен салыстырғанда бірнеше есе қымбат. Мысалы: суық судың 1 текше метрі Қызылорда облысында 95 теңге болса, Байқоңырда 479 теңге – 5 есе қымбат, жылу облыста 1 Гкал 14,0 мың теңге, Байқоңырда 56,6 мың теңге – 4 есе, электр энергиясы 1 квт-і 25,3 теңге болса, Байқоңырда 44 теңге – 1,7 есе қымбат, канализация 1 текше метрі 159,6 теңге болса, Байқоңырда 574 теңге – 3 есе қымбат. Нәтижесінде 2017 жылы Байқоңыр қаласындағы емхана 68 миллион теңге шығынға батса, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 30 миллион шығынмен аяқтады, деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы. 
Сондай-ақ, Сенат депутаты денсаулық министріне Байқоңыр қаласының ерекше статусын ескере отырып, адам басына шаққандағы нормативке тиіс коэффицент қосудың жолдарын және осы емханада жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысына экологиялық апат аймағына берілетін қосымша ақша бөлудің жолдарын қарастыруды да аманаттады. 


Әділбек Қаба

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір