• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:13:09
Алматы
+35°

07 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Елордада Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залы ашылды

Оқу залының қоры жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген жеке кітапханасының каталогы бойынша әдебиеттерді ұсынады

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы жаңа оқу залының салтанатты ашылу кеші өтті деп хабарлайды qamshy.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу залының қоры жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген жеке кітапханасының каталогы бойынша әдебиеттерді ұсынады. Атап айтсақ, адамзат тарихына арналған мәдениет және өнер тарихы туралы басылымдар, планетаның ұлы тұлғалары туралы кітаптар, Қазақстанның ақындары мен жазушыларының кітаптары, альбомдар мен атластар, Қазақстанның географиясы мен тарихы және оның Шағын Отаны – Маңғыстаудағы алманахтар мен көптеген қызықты басылымдар. Коллекцияда барлығы 6019 басылым ұсынылып отыр, оның ішінде 5 883 кітап, 134 дана CD және DVD дискілеріндегі бейнефильмдер мен аудио кітаптар және 2 библиографиялық брошюра бар.

Іс-шара барысында Ә.Кекілбайұлының жеке кітапханасы қорындағы қаламгерлердің қолтаңба коллекцияларының жинағы бойынша жарық көрген «Қаламгер қолтаңбасы» кітабы таныстырылды.

Қазір оқырмандардың сұранысына байланысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жазушының «Аңыздың ақыры» кітабын француз және қытай тілдеріне аударып жатыр.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы базасындағы Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының веб-порталында жазушымен авторлық келісім-шарт жасалынып, кітаптары оқырмандарға қолжетімді болып отыр. Оның бірнеше кітаптары цифрлық форматқа өтті: «Шыңырау», «Елең-алаң», «Құс қанаты», «Дала балладары», «Махаббат мұнарасы», «Заманмен сұхбат», «Ханша дария хикаясы».

50-ден астам кітаптың авторы Әбіш Кекілбаев Г.Мопассанның «Пьер және Жан», «Өмір», Ш. Айтматовтың «Ранние журавли» романдарын аударған. Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпикалық романының аудармасына қатысқан. Оның аударған В. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Король Лир», К. Гоццидің «Ханшайым Турандот», М.Кәрімнің «Айдың тұтылу түні», М. Фриштің «Дон Хуан немесе геометрияға деген сүйіспеншілігі», Г. Ибсеннің «Елес», А.Валехоның «Бүгін мереке» шығармалары республикалық театрлардың репертуарында қойылып жүр. Бұл жұмыстар көп томдық басылымдар мен жинақтарда ұсынылған.

Аталмыш зал ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір