• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 11:24:45
Алматы
+35°

12 Желтоқсан, 2018 Әлеумет

Ел басқарған алғашқы мұсылман әйелдің шытырман өмірі мен құпия өлімі

«Накстоящее время» басылымы өміріне қанша қауіп төнсе де, ислам әлемін өзгерте алған батыр әйел Беназир Бхуттоның дәуірі жайлы жазыпты.

Дәл 30 жыл бұрын Пәкістанның үкімет басына алғашқы мұсылман әйел келді. Демократиялық жолмен сайланған Пәкістанның алғашқы президенті Зұлфықар Әли Бхуттоның қызы Беназир Бхутто мемлекеттік төңкеріс кезеңін сәтті пайдаланып кетті. Себебі ел ішінде Беназир аса танымал еді. Пәкістандағы әйелдер образын өзгерте білген нөмірі бірінші әйел болды. Алайда өмірі қайғылы өліммен аяқталды.

«Накстоящее время» басылымы өміріне қанша қауіп төнсе де, ислам әлемін өзгерте алған батыр әйел Беназир Бхуттоның дәуірі жайлы жазыпты.

Сыры ашылмаған өлім

Беназир Бхутто 2007 жылдың 27 желтоқсанында 15 жастағы террористің қолынан қаза тапты. Әйел ірі шеру барысында өлтірілді. Шабуыл барысында тағы 20 адам ажал құшты.

Ал қылмыстың артында кім тұрғаны әлі күнге дейін  белгісіз. Шабуылдың жауапкершілігін «Әл-Каида» өз мойнына алды. Алайда арнайы қызмет пен халықаралық тергеушілер бұл өлімнің артында пәкістандық «Талибанның» қатысы барына сенімді. Тіпті пәкістандық ведомство аралық барлау органы да жоспарлауы мүмкін деген болжамдар кездесті. ПВБ – елдегі түрлі экстремистік топтармен байланысы бар ірі саяси орган. Ал Бхутто орган басшылығымен ұзақ уақыттан бері сөзге келе алмай жүрген.

«Білесіздер ме, бұл «Кеннедиді кім өлтірді» тобының жұмбағы. Кім тапсырыс берді, не үшін тапсырыс берді, әлі күнге дейін белгісіз, тіпті ешкім білмейді де. Оны өлімінен кейін бар айғақ жоқ болып кетті. Меніңше, бұл іс ешқашан да ашылмайды», - деп сеніммен айтты пәкістандық журналист Гүл Аяз. Ол да Бхутто өлтірілген шеруге қатысқандардың бірі.

Беназир Бхутто

Бхуттоны өлтіру жоспарының алғашқысы оның өлімінен 2 ай бұрын орын алған екен. 8 жылдық қуғын-сүргіннен кейін Пәкістанға оралған Бхуттоны Карачи әуежайында миллиондаған адам қарсы алады. Алайда террористер шабуыл жасап, нәтижесінде 136 адам қайтыс болды. Ал Бхутто аман қалды.

Бхутто қаза тапқан соң БҰҰ адам құқығы үшін күрескен әйелді марапаттайды. Марапат әр 5 жыл сайын беріледі.

Шығыс аруы

«Шығанақтай». Бхуттоны отбасы мүшелері мен жақындары дәл осылай атады. Шығанақтай қыз Пәкістанның аристократиялық әулетінде 1953 жылы дүние есігін ашты. Өз сұхбаттары мен мемуарларында Бхутто оның әр жетістігіне жақындарының әсері мол екенін жиі айтып жүрді. Ал ең маңызды рөл әкесі Зұлфықар Бхуттоға тиесілі еді. Ол – алғаш рет демократиялық жолмен сайланған Пәкістан басшысы, Пәкістан халықаралық партиясының негізін қалады. Алайда 1979 жылы әскери төңкерістен кейін өлім жазасына кесілді.

Беназир бала күнінен-ақ әлемнің саясаткерлерін өз көзімен көріп өсті. Себебі олардың бәрі ресми сапармен Бхуттоның үйіне жиі келетін. Қытайдың алғашқы басшысы Чжоу Эньлайдан бастап, АҚШ мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджерге дейін келетін. Беназир «Шығыс қызы» атты автобиографиясында әкесіне кепка сыйлаған Мао Цзэдунмен кездескісі келетінін жазыпты. Ол кезде шығанақтай қыз небәрі 10 жаста еді. Алайда қыздың арманы орындалмады.

Беназир Бхутто

Пәкістандық қоғамның қысымына қарамастан Зұлфықар Бхутто сүйікті қызын білімді етіп өсіруге күш салды. Тіпті қызына паранжа кимеуге рұқсат берген екен. Осылайша Беназир әулеттегі бетін бүркемеген алғашқы әйел болды. Алайда өз күнделігінде «алғаш паранжа киген күні мен өмірдің бар жарқын сәттерінен айырылдым» деп жазғаны бар.

«Аспан түсі, шөп, гүл – бәрі-бәрі өңін жоғалтқандай сұрғылт түске енді. Өз алдымда солғындап барады. Бірақ бірнеше күндерден соң әкем маған паранжа кимеуіме рұқсат етті. Себебі қоғам менің киімімді емес, мінезімді, әрекетімді сынайды», - деп жазды Беназир.

Бхутто қызын пәкістандық менталитет пен салттан тыс тәрбиелеуге тырысқанымен, келісім бойынша тұрмысқа беруге мәжбүр болды. 34 жасында Беназир пәкістандық танымал әулеттен шыққан Асиф Әли Зардаримен некелесті. Ерлі-зайыптылардың 3 баласы болды. Олардың бірі – Билавал Бхутто-Зардари 2018 жылы Пәкістанның премьер-министрлігіне ұсынылды. Күйеуі әйелін, ұлы анасын «ерекше күш иесі бар әйел» деп санайды.

Беназир Бхутто

«Күйеуім мені мықты әрі батыл деп ойлайды, бірақ, меніңше, мүлде олай емес. Мен өте жұмсақпын, нәзікпін», - деді Беназир 1995 жылы швед журналисіне берген сұхбатында.

Беназир әлемнің ең ірі университеттерінде білім алды. 16 жасында Гарвардқа аттанды, кейін Оксфордқа барды. Либералды ойлауға үйренді. Әлемді көрді. Кішкентай ғана қоғамның қысымынан босап шықты. Әйелдер мәселесін ойлай бастады.

1980 жылы түсік жасауға рұқсат беруді дұрыс деп санады. Себебі ол әр әйелдің жеке шаруасы. Алайда билік басына келгенде жүктілікті тоқтату туралы мәселеге аса бас қатыра қоймады. Онымен бірге жұмыс істегендердің бәрі дерлік дін жанкүйерлері мен әскери адамдар болған. Сол себептері әйел құқығын қорғауда шектеулер жиі кездесіп жатты. Беназирді әлемдік құқық қорғау ұйымдары мен Пәкістан феминистері сынағандықтан, ол да заңды өзгертуге қауқарсыз еді.

Алайда соның бәріне қарамастан әйелдердің саясатқа араласуына ықпал жасап, білім алуларына мүмкіндік сыйлады.

Бхутто ұзақ уақыт бойы «өлім жазасы» деген қатал заңға да қарсы болып келді. Тіпті әкесінің өлімінен кейін ондай заңды алып тастауға күш салды. Алайда ауыр қылмыстардың кесірінен жапа шеккендерді ойлағанда, жүрегі қанжылайтын. Дей тұрғанмен, аталмыш заңның да қажет екенінен көз жеткізеді.

Беназир Бхутто

Беназир Бхутто

Зұлфықар 1979 жылы өлтірілді, ал анасы мен қызы жарты жылға темір торға тоғытылды. Кейін оларды тас қапастан шығарғанымен, арнайы органдар өкілдері үйлерін күнде тінтіп кететін болған. Бхутто күнделігінде үй маңына күнде нөмірсіз жүк көліктері келіп, үйге келген қонақтарын еркін суретке түсіріп кететінін, телефондарын тыңдайтынын жазған.

Үкіметке апарар жол

1977 жылғы төңкерістен кейін билік әскери тәртіп орнатты. Азаматтық соттардың орнын әскер басты, олар сотталғандардың көбін өлім жазасына кесіп отырды. Арнайы қызметкерлердің тіпті адамдарды ешқандай себепсіз ұстауға, тергеуге құқығы болды. Бхутто мен әкесінің ізін жалғаушы он мыңдаған адам бірнеше рет сотталып, бірнеше аптаға тіпті айға дейін түрмеге қамалды.

1988 жылы төңкерістің ұйымдастырушысы және елдің басшысы генерал Мұхаммед Зийя қайтчс болды. Елде тікелей сайлау басталып, Беназир Бхутто жеңіске жетті. Екі мәрте Пәкістанның премьер-министрі болды. Партия басқару қасиеті Беназирге әкесінен дарыған. Өз күнделігінде Беназир саяси өмірге араласқысы келмегенін, алайда осылай болуын «өмірдің өзі қалағанын» жазады. Сайлауалды кампаниялар барысында ол демократиялық реформаларды алға тартып, әскерилерді қатаң сынай білді.

Беназир Бхутто

Реформаларының көбі сәтсіз шыққандықтан, үкімет басындағы мерзімі ұзаққа созылмады. Себебі әскерилер Беназирді аяқтан шалудың кез келген мүмкіндігін пайдаланатын. Сол әскерилер оның   заң жобаларын бұғаттаған.

«Беназир биліктің тізгінін қолына толық ала алмады. Пәкістандық саясаттың бір ұшы бәрібір әскерилерге байланған. Егер әскерилермен қарым-қатынасың жақсы болса, сен де қауіпсіз өмір сүресің. Олай болмаса, күндіз-түні бақыланасың», - деді журналист Гүл Аяз.

Алайда Бхуттоның тағайындалуы Пәкістан тарихындағы қайталанбас сәттерге тұнды. Ол әлемді өзгерте алды. Елдегі қиындықтарды, ащы шындықтарды ашық түрде айтты. Мұсылман елдері үнсіз қалған мәселелерді Беназир көтерді. Әйелдерге қарсы қорлық – Беназирдің басты тақырыбы болды.

Осы орайда әйелдерге арналған білім беру бағдарламаларын кеңейтті, мемлекеттік қызметтік қызметтің назарын сол бағдарламаға аудара алды, жағдайы төмен отбасылар мен адамдарға әлеуметтік сыйақы беру мәселесін қарастырды. Бұл жүйе әлі күнге жүріп жатыр.

Батыс елдерінің көшбасшылары қашан да Беназирді өздеріне үлгі тұтты.

Жемқорлық пен «Талибанның» пайда болуы

Беназир Бхуттоның билігі тұсында жемқорлық өркен жайды. Ешқандай білімі, тәжірибесі жоқ туыстарын басқарушы лауазымдарға әкелді. Кәсіпкер күйеуі Асиф Әли Зардари жемқорлықпен айыпталды. Бірнеше уақыт бойы күйеуі «он пайыз мырзасы» деген атақтан арыла алмады.

«Пәкістанда бұл – қалыпты жағдай. Мұны саясаттың бір дилеммасы десе де болады. Билікке келсең, серіктестің қажеті де болмайды. Саясаткерлер өзге адамдарға сенбейді. Саяси отбасында дүниеге келгенімен Бхутто өткеннен сабақ алмаған. Ол әлі күнге дейін жемқорлықпен айыпталып келеді. Сот та бұл істі жапқан жоқ», - деді Аяз.

Саясат пен исламды апаластырудан аулақ болған Бхутто «Талибанның» күшеюіне және оның көрші Ауғанстан билігіне араласуына күш салды. Вашингтонға сапарлап барған сайын Бхутто әкімшілік Билл Клинтонға «Талибанның» Ауғанстандағы жағдайды реттей алатын бірден бір күш екеніне көзін жеткізуге тырысатын. 90 жылдары бұған БҰҰ-ға Пәкістанның «Талибанды» қолдамайтынын айтып сендірді. Алайда сұхбаттарының бірінде Пәкістанның «Талибанды» қаржыландырып отырғанын мойындап қалғаны бар.

Беназир Бхутто

«Алдымен оларға отын, кейін қару-жарақтарын жіберді. Кейін ол жақтан ақша қажет деген хабар келді. Алғашында қарсы болдым. Бірақ ақша жіберуге келісімімді берген соң, қаншама құралдың жіберілгенін білдім. Тым көп еді. Бұл дегеніңіз – карт-бланш», - деді Беназир 2002 жылы америкалық журналист Стив Коллға берген сұхбатында.

1995 жылдары ауған-пәкістан шекарасы арқылы «Талибанға» ақша жіберу фактісі ашық көрсетіле бастады.

1996 жылы Пәкістан «Талибанның» Ауғанстандағы заңдылығын мойындады.

Пәкістандық журналист Гүл Аяздың айтуынша, Бхутто билікте қалу үшін арнайы қызмет пен әскерилермен келісімге келуіне тура келді. Пәкістан тәуелсіздік алғалы Үндістанның екі штаты – Джамму және Кашмирмен жауласып жүрді. Себебі екі ел де Пәкістанның жеріне таласқан, алайда оларды бақылап отырған Үндістан.

«Екінші мәрте билікте болған Беназир әскерилерге жақын болды. Олар да Бхуттоны қолдады. Есесіне стратегиялық тәртіпте еркіндік беруін талап етті. Әскерилер Ауғанстанды да сырттай билеуді көздеді. Беназир мұны жақсы білді. Ол билігін сақтап қалды, алайда Беназирді де билеген өзге адам болды», - деді Гүл Аяз.

Беназир Бхутто

1993-1996 жылдары Бхутто қоғамның наразылығына ұшырады. Карачь қаласында «Көк түлкі» операциясының бастау туралы бұйрығы үшін халық ашуға мінді. Беназирдің бұйрығымен күш иелері Үндістаннан шыққан этникалық өкілдерінің көзін жойды.

Беназирден қалған мұра

2007 жылдың қазанына дейін сегіз жыл бойы Беназир Лондонда әрі Дубайда өз еркімен қашып жүрді. 1999 жылы жемқорлықпен айыпталып, сырттай 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

2007 жылы елге қайтып келмек болған Беназирді АҚШ арнайы қызметкерлері райынан қайтаруға тырысты. Себебі Пәкістанға барса, әйелді міндетті түрде өлтіретін еді.  

Алайда пәкістандықтардың үлкен қолдауымен Бхутто Дубай-Карачи рейсіне отырды да, елге оралды.

Жемқорлық, адам құқығының бұзылуы сынды әрекеттерге қарамастан Бхутто демократиялық институттың алға қарай жылжуы үшін саяси шегінулерге барды. Гүл Аяздың пікірінше, Беназир Бхуттоның өлімі әскери емес билікке өз мерзімін толық аяқтап, билігін демократиялық үкіметке тапсыруына мүмкіндік берді. Әскери төңкерісті жойды.

Беназир Бхутто

«Ол әскери диктатура күшін жоғалтқанда қайтып келді. Халық дән риза еді. Беназир дәл сол кезеңде халыққа ауадай қажет болды. Бір сөзінде «демократияның – ұлы күш» екенін айтып еді. Ұлты үшін жасаған ең ұлы жақсылығы – әскери жүйені жойып, демократиялық және саяси жүйені қалдырды соңынан. Бұл бүгінгі өміріміздің кепілі, мұрасы», - деп сөзін қорытындылады Гүл Аяз.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір