• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:17:56
Алматы
+35°

22 Ақпан, 2019

“Dombyra” телеарнасы дүйсенбі күні шымылдығын ашады

Мақсатымыз – еліміздің, салт-дәстүріміздің, өнеріміздің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімізді қосу.

2019 жылдың 21 ақпанында Қазақстан Баспасөз клубында “Dombyra” телеарнасының іске қосылуына арналған баспасөз мәжілісі өтті.

Домбыра телеарнасы

Баспасөз мәжілісіне ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Мұқасан Шахзадаев, Zhuldyz TV Media құрылтайшысы Смайыл Жаңылбеков, “Dombyra” және "Zhuldyz" телеарнасының директоры Қанат Ержігітов қатысты.

Домбыра телеарнасы

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Елбасымыздың шешімімен шілде айының 1-ші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып жарияланды. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. ЮНЕСКО-нің шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Осыған орай, телеарнаның директоры қанат Ержігітов «Dombyra» телеарнасы – қазақ халқының рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарын, дәстүрлі әндері мен ұлттық күйлерін халыққа барынша насихаттайтын жаңа форматтағы телеарна болуын көздейтінін жеткізді. Онымен қоса, эфирде бағдарламалар қазақ тілінде жүргізілетіндігін, телеарнаның тек қазақстандық өнімді ұсынып, дәстүрлі аспаптарымызды толыққанды дәріптейтін Қазақстан тарихындағы тұңғыш телеарна болатындығын және отандық эстраданың бұрынғы өкілдері мен қазіргі заман өкілдерінің үздік жұмыстары көрсетілетіндігін айта кетті. Телеарнаның миссиясы қарапайым: жастар арасында патриоттылықты қалыптастыру және мәдениетті ілгерілету. “Dombyra” телеарнасы қазірдің өзінде Қазақстанның кабельдік желілері «IDТV», интернет желісінде YOUTUBE каналы, әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.

Домбыра телеарнасы

Күллі қазаққа сүйіншілеп, «Домбыра» телеарнасы ашылды" деп жар салған едік. Жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанның елең етіп, қуанғанын айтпа да түсінікті шығар. Аталмыш жаңалықты жазған бойда, оқырмандар арасында «Оны қайдан көре аламыз? Қалай қосыламыз? Ақылы ма? Қашан қосылады?» деген мазмұндағы түрлі сауал келіп түсті. Мұны білмек ниетпен, тәй-тәй басқан телеарнаның директоры Қанат Құдайбергенұлы Ержігітовке хабарласқан едік.

«Алла қаласа, телеарнамыз дүйсенбі күні көпшілік назарына шымылдығын ашады. Қазірше iD TV жерсеріктік дербес теледидардың 26-ыншы каналынан көре аласыздар. Телеарна 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта Ұлттық жерсеріктік OTAU TV телерадиохабар тарату желісіне де қосыламыз. YouTube-та да каналымыз ашылады. Көрерменмен тікелей эфирде жүздесеміз.

«Жұлдыз» телеарнасын ашқаныма шамамен, 3 жыл болды. Бұл телеарнамызда өзге телеарналар секілді шашын бояп, етек қиғандардың бейнебаяндарын көрсетпейміз. Мұнда да тек қазақи әндер шырқалып, бейнебаяндар көрсетіледі. Соңғы кезде көрермендер тарапынан «Неге терме қоймайсыздар? Дәстүрлі әндер, күйлер көп берілсе...» деген сауал-ұсыныстар қойылды. Бұрыннан-ақ ойымда жүрген істі жүзеге асыруға көрермендердің «талабы» түрткі болды. Сөйтіп, «Домбыра» телеарнасы да дүниеге келді! «Домбыра» тек дәстүрлі ән, терме, қазақ әндеріне түсірілген бейнебаяндар ғана емес, телебағдарламалар да түсіреміз, көрсетеміз. Шетелдегі қазақ әндеріне байқаулар ұйымдастырамыз.

"Көштің басын аға буыннан бастайық" деген ниетпен, еліміздің беткеұстар өнер адамдарының орындауындағы дәстүрлі әндерге ұлттық киіммен түскен бағдарлама, бейнебаяндарын іздеп едік, өкінішке орай, тым аз екен. Сондықтан, біраз аға буынның қатысуымен арнайы бағдарлама дайындадық. Әуелі сол көрерменге жол тартады. Алдағы уақытта орта буынға, кейінгі буынға да кезек келері сөзсіз. Ата-апаларымыздың батасын алсақ, ісіміз де оңға басар. Батадан асып кеткен қазақты көрмеппін.

Алдағы уақытта өзге де өнер жұлдыздарының телеарнаның ережелеріне сай түсірілген бейнебаяндары болса, міндетті түрде оқырман назарына тегін ұсынатын боламыз.

Мақсатымыз – еліміздің, салт-дәстүріміздің, өнеріміздің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімізді қосу.

Шетелдегі қазақ бауырларымыздың да әндерін еліміздің өнер жұлдыздарына ұсынып, айтқызып, бейнебаян түсіру де ойда бар. Тіпті шетелдегі бауырларымыздың түсірген бейнебаяндары телеарнаның стандартына сай келсе, қалың көрерменге ойланбастан ұсынатын боламыз. Бәрі де уақыт еншісінде.

Бастысы – алға қадам аттадық! Ендігі қадамды көрермендер жасаса, бұл істі бекер бастамағанымыздың дәлелі болар еді. Еңбек! Аянбай еңбек етсек, нәтижесі де көп күттірмесі анық! Телеарнамыз көпшіліктің көзайымына айналып, жүрегінен орын табады деп үміттенеміз» - деп сөзін сабақтады өмірге жаңа келген «Домбыра» телеарнасының директоры.

Домбыра телеарнасы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір