• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:34:28
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Бүгінгі сиқымыз – халау-лалау-лилау, гигөк-кигөк, шиқ-пиқ, тарс-тұрс..."

«Тілбұзар», «сөзбұзар» дегендер болушы еді, енді бұған «әнбұзар» дегенді қосыңыз.

«Тілбұзар», «сөзбұзар» дегендер болушы еді, енді бұған «әнбұзар» дегенді қосыңыз. Экраннан түспейтін әншілеріміздің «инновациясымен» халық әндері де, халық композиторларының әндері де, Қазақстан композиторларының әндері де аяусыз «күзеліп», «түзеліп» жатыр. Бала күнгі тыңдап жүрген әнімізді танымай қалдық, дұрысы таппай қалдық. Өңі де, сөзі де өзгерген. Бірте-бірте «мутанттанып», өзге бір туындыларға айналуда. Шәмші, Әсет, Әблахат, Нұрғисалар ғайыптан тіріліп келсе, өз әндерін өздері танымас еді. Қосыла шырқайын десең, не тұтығасың, не қақалып-шашаласың. Тілің кекештеніп, басқа әуенге ауысып бара жатқаныңды сезесің. Бұған кім кінәлі? Әнші ме, ән өңдеуші ме? «Кәсіпқой жұлдыздар» көбейген сайын танымал әндеріміздің түпнұсқасынан ауытқып, ремейк-әндерге ұласып бара жатқаны жасырын емес. Күнде естіп жүрген әнің –қыңқыл-сыңқыл. Нұржан айтпақшы, халау-лалау-лилау, гигөк-кигөк, шиқ-пиқ, тарс-тұрс... Ыңырсыған, аһілеп-уһілеген, депрессияға ұшыраған, жылап-сықтаған бірдеңе. Айтсаң «мелизм ғой, қазір мода, әннің ажарын ашады» дейді әншілер. Ажарын ашқанын қайдам, керісінше, базарын қашырып тұрған сияқты... 

Әр өнер туындысының өз түпнұсқасы болмаушы ма еді? Мәселен, «Мона Лизаны» қалай өзгертпексің? «Абай жолына» түзету жасай аласың ба? Шекспирді қайтіп күземексің? Біле-білсе, әр туынды түпнұсқасы – автордың ұзақ жылғы шығармашылық ізденісінің нәтижесі емес пе? Мәселен, Джоконданың қолына гүл не сотка ұстатып, картинаны жаңаша сипатта қайта реставрациялай алмайсың ғой? Ән де солай болуы тиіс! Ол тактімен түгенделіп, нотамен шегенделеді. Ал нота – әннің дұрыс айтылуына, әуенінің бұзылмауына негіз болады. 

Ән бұзу үрдісінің кең етек алып бара жатқаны соншалық, кейінгі жас композиторлар да, әншілерге осындай стильдегі әндер ұнайды екен-ау деп, не буыны, не бунағы келіспеген «жарымжан» әндерді шығаруға көшті. Мұндай әндерге сөз жазып жүрген ақындарды аяйсың. Мәселен, жастар ерекше сүйіп тыңдайтын Айқын Төлепбергеннің репертуарындағы «Жүрегім ақ» әнінен мысал келтірейік (қалам түртпей беріп отырмыз):

Ашық есікті қақпашы
Жүрек қағысын тыңдашы
Барыңды беріп өзіңе керегінді алшы.
Көзіңдегі тамшың алдамшы 
Сезімің рас бірақ 
Сенің жүрегің менікінен ақ 
Күн түн демей 
Уақыт үнемдемей 
Үнемі үндемей 
Алыстасың саған қарай жол іздеймін 
Миымның дәмінен ауыз ти 
Қанымды қайнат есігімді ти

[Қайырмасы] 
Жүрегім ақ, ақ, ақ 
Есігін қақ, қақ, қақ 
Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym 
Жүрегім ақ, ақ, ақ 
Есігін қақ, қақ, қақ 
Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym

Не түсіндіңіз? Бәлкім, күні-түні құлақтарын құлақсазбен тығындап, шетел әуендерін тыңдап жүрген жастар ұғып қалар...

Әннің дұрыс әуені тек дастархан басында, ел ауызында ғана айтылатын сияқты. Шын өнерден сусындап, құлақ құрышын қандыру үшін, концертке билет алып әуре болмай-ақ, әлдебір үйдің терезесінен төгіліп жатқан әндерге құлақ түріп, ләззат алатын заман келе жатыр-ау...

Бекжігіт Сердәлі 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір