• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:15:36
Алматы
+35°

12 Ақпан, 2019 NEWS

"Бүгін үшінші күн, тас қараңғы, суық үйде отырмыз" - Астанада өрттен зардап шеккендер

Астанадағы өрт оқиғасынан зардап шеккен тұрғындар осылай деп, жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр

"Бүгін үшінші күн, тас қараңғы, суық үйде отырмыз". Астанадағы өрт оқиғасынан зардап шеккен тұрғындар осылай деп, жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр. Жекеменшік жатақханалардың бірінде болған төтенше жағдай кезінде балалар терезеден секіріп кеткен. Қазір ауруханада жатыр. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Оқиға 9 ақпан, сенбі күні кешкі сағат 8-ден аса болған. Астананың Байқоңыр ауданы, Ойыл көшесінде. Алдымен жарық өшіп қалған. Жиі болып тұратын жағдайға бойы үйренген тұрғындар электр жарығының жануын күтіп отырғанда түтіннің иісі шығыпты. Өрт бірінші қабатта кіре берістегі тұрмыстық бөлмеден тұтанған. Құтқарушылар да дер кезінде жетіпті. 
 
“Алдында электр сымының тұйықталуы басталып, түтінденіп, өрт шықты. Коридорда от шашырай бастады. Есікті жаба салдым да, екі немеремді, балаларды алып терезеден шықтық”, - дейді жатақхана тұрғыны Гүлмира Шығанбаева.

Қою түтіннің иісі ғимараттың ішін  алып кеткен. Дүрліккен тұрғындар балалармен бірге  жатақхананың екінші қабатынан секірген.  Оқиға кезінде төрт балаға иіс тиіп, ауруханаға түсті. Сол төртеудің бірі - Айдын Рахымжанов. Балғын сол күні оқиғаны әлі ұмыта алар емес.   

“Біз екінші этаждан секірдік. Сосын мамам айтты, көмектесіңдер деп. Ағайлар келіп, бізді көтеріп алып шығарды. Сосын дәрігерге бардым”, - зардап шеккен Айдын Рахымжанов.

Зардап шеккен 4 баланың екеуі үйлеріне шығарылған. Ал 2012 және 2013 жылғы туған  екі кішкентай әлі дәрігерлердің бақылауында. Мамандардың сөзінше, балаларға иіс тиюмен қатар, олар  қатты үрейленіп қалған. Сол үшін науқастармен психологтар жұмыс істеуде. 

“Балалардың жағдайы тұрақты. Қазір екі бала жатыр. Үлкендеу екі баланың жағдайы дұрысталды, ата-анасы алып кетті үйіне. Қалған екеуі жаман емес, бір екі күннің ішінде үйлеріне кетеді”, - дейді №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмаилов.

Осы оқиғаның алдында да жуырда жатақханада өрт шығыпты.  Сол кезде мән-жайды көрген пәтер жалдаушылар өз күштерімен ағаштан баспалдақ жасап, эвакуациялық жол дайындап қойған екен. "Соның арқасында аман қалдық", дейді. 

“Жұма күн еді, ерінбей, асығып тұрсам да үстіне трап қойып, жағдай болса, секіресіңдер деп қойып кеткем. Сөйтіп бәрі сол жақтан қашып шыққан, оның үстіне сол күні әйелімнің сіңілісі келген, тағы бір кісі қонаққа келген, оның екі баласы. Өзімнің бес балам бар, бәрі терезеден шықты”, - деп айтты жатақхана тұрғыны Жандар Әлиев.

Сенбі күннен бері бұл мекен жайда не жарық, не жылу, не су жоқ. Жақында ғана пәтерақыны төлеген тұрғындар жағдайымыз қиындап кетті деп налиды.  

“Сол күні  сағат 8-ден басталған өрттен таңғы 6-ға дейін осы жерде жүрдік. Бізді ешқандай жылы жерге апарған жоқ. жағдайымыз жасалған жоқ. Бүгін үшінші күн, суық үйде отырмыз. Балаларды туыстарымызға апардық. Балалар сабаққа бара алмады”, - дейді жатақхана тұрғыны Гүлмира Шығанбаева.

Әр бөлмені жалға беріп отырған жатақхана иесі де әлі төбе көрсетпеген. "Келемін" деп жете алмай жатқан көрінеді. Біз де телефон соғып, хабарласа алмадық.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір