• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:57:12
Алматы
+35°

14 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Бізде неге бәрі “СРОЧНО”?

Еуропа жүрдек пойыз секілді, ал біз пойыздың соңынан қуған атты адам іспеттіміз.

Біздің қазақ түнде ұйықтағаннан бөлек, күндіз де ұйқылы-ояу жүреді-ау деймін. Есіне бірдеңе түскенде, селт етіп оянады да: “Ойбай, срочно” деп қағаздың астына алады. Онсыз да жүйкесі тозып, есеңгіреп жүрген адамдардың миы мен жүрегі мұндай қаптаған, қалың “срочно”-ға төзе алмай бірі “инфаркт”, енді бірі  “инсульт” алып жатады...

Сабақ арасындағы үзілісте бастығымның кабинетіне бір өтінішіме қол қойдыру үшін кірген едім, бастығымның түрін көріп шошып қалдым. Шашы дудырап, көзі қанталап, екі ұрты солып, көзінен тастамайтын әйнегін маңдайына тағып әлде неге шұқшиып отыр екен. Үстелдің үсті шашылған қағаз, қарындаш, қалам, телефон. Ол менің келгенімді сезбеді білем, бірде ана қағазды, бірде мына қағазды ұстап, салыстырып, астын сызып әуре. Енді сол жақ тұсына қойылған екінші үстелінің үстіндегі көзін бір қақпастан “едірейіп” тұрған компьютеріне бұрыла бере мені көзі шалып:

- Мүлде уақыт жоқ, жоғары жақтан екі сағаттың ішінде 18 қағаз келді. Бәрі «срочно, обедке» дейін жауап беріп үлгіруім керек, - деді маған қарамаған күйі.

- Тек қол қойсаңыз болды, - дедім мен де қайтпай. Есіне енді түскендей қылқындыра таққан галстугін босатып:

- Бәсе, неге бықынап, қылқынып кеттім десем. Ол осыларды айта жүріп, менің қолымдағы қағазға сол қолын созды да:

- Осы жазуларың-ай, жыланның ізіндей. Қырсыққанда көзілдірігімді таппай отырғаным, - деді жан-жағына көз жүгіртіп.

- Маңдайыңызда тұр, - дедім ептеп езу тартып. Ол бар ашуланғанда айтатын: “Ой құрып кет”-ін айтты да көзілдірігін өзінің кәдімгі орнына қонжың еткізді. Қол қойылды. Мен шығып кеттім. Ол қағазға көміліп қала берді...

Бастығым – кем сөзді, салмақты кісі. Бір сөзбен айтқанда істің адамы. Кафедра меңгеріп жүргеніне де біраз жылдың жүзі болған. Ұжымға сыйлы жан. Арамыз тым жақын болмаса да, бір-бірімізден көңіліміз қалған жоқ әлі. Бұрын әлде сап-салып қарамағанмын ба, бүгінгі бейнесін көріп іштей аяп қалдым. Жазғы демалыста біз қыдырып ел-жұртты аралап жүргенімізде, бұл кісі қабылдау комиссиясының жұмысымен әуре болып шабылады. Жұмыс басталған соң, оқытушылардың жылдық сабақ жүктемесін бөліп, әркімнің көңілін табуға тырысады. Қарап отырсам, бастығымның адам секілді демалғанын көрмеген екенмін. 

Осыдан бір-ер жыл ілгері Еуропаның бір елінде іс-тәжірибеден өтіп келдім. Сол бір ай уақытта көп нәрсені түсініп, түйдім. Ең бастысы, осы тақырыпқа сай түйгенім - “срочно”-ның жоқтығы болды. Бәрі жайбарақат. Әр жұмыс өз ретімен, жоспар бойынша жүріп жатыр. Тосын киліге кететін проблема, аяқасты қабылданатын шешім жоқ дерлік. Дунай өзені қандай сырбаз ағатын болса, олардың қызметі де сондай бір қалыпты, бір ізді және тұрақты. Аптыққан, жанталасқан адамды, бастырмалатып жатқан қағазды, тіпті, асыққан, арбасқан көліктерді де көрмейсің. Сондай жайлы көңіл күйден “Беу, Дунай” деген өлеңім жазылып еді. Екі шумағы былай:

Беу, Дунай, ағасың-ау сырбаздана,

Жағаңда шулы қала, нулы дала.

Жалғайсың қанша елді бір-бірімен,

Көретін толық сені жұлдыз ғана.

 

Толқының  баяу ғана шымырлаған,

Тыңдасаң әлде нені сыбырлаған.

Тереңің тұнып жатқан ескі тарих,

Ал толқын - ұры уақыт, сыр ұрлаған...

Бірде мені сол барған кафедрамның меңгерушісі түскі асқа шақырды. Әңгімеміз жарасып ұзақ сырластық. Жұмыс уақыты әлде қашан басталып кеткен. Бірақ ол кісінің телефонына бірде-бір рет қоңырау келіп түспеді. Университетке қайтар жолда ол кісіден:

- Бүгін Сіздің уақытыңызды алдым, көп жұмысыңыз күтіп қалған болар, - дедім кішіпейілділікпен. Ол сабырлы үнмен:

- Мен Сізді қонақ етуді өткен аптада жоспарлап қойғанмын. Жұмыстарды соған сай ыңғайластырдым. Оның үстіне біз ғылым мен шығармашылық ізденіске уақытымызды көбірек бөлуге тырысамыз. Сізбен болған әңгіме мен үшін шығармашылық ізденістің бірі, - деді. Өзі үлкен ғалым болса да, сөзі де, киімі де сондай қарапайым. Егер біздің елімізде болса, бұл секілді кісілер тойға барардай киініп, қылқынып отырар еді. Әр бес минут сайын келген қоңырауға жауап беріп, әңгімеміздің де берекесі кетер ме  еді...

Осы көріністі көз алдыма әкеліп, екі кафедра меңгерушісі бейнелерін ойша салыстырып өттім. Сол жолғы сырласуда шетелдік кафедра меңгерушісі өзінің барған елдерін, жасаған баяндамаларын, айтқан-ды. Тыңдап отырсам, мына жұмыр жер бетінде оның аяқ ізі тимеген ел қалмағандай. Тіпті, біздің Алматыға да келген. Сонда мен ол кісіні кешкі асқа шақырған едім. Әрбір тамақтың бағасын сұрап, өз елінің бағасымен салыстырып отырды. Кенет менің айлығымды сұрады. Әрине аса бір сыпайы түрде. Одан мұндай сұрақты күтпеп едім, бірақ айтуға тура келді. Ол аз-кем отырды да:

- Тамақтарың бізден қымбат, ал айлықтарың бізден аз екен, қалай ғылыммен айналысып жүрсіңдер, - демесі бар ма? Қапелімде не дерімді білмей сасқалақтап:

- Солай, сүйтіп айналысып жүрміз, - деп күмілжігенім есімде...

Осыдан үш жыл бұрын, бірде өзімнің кафедарамда әлде кімнің туған күнін атап өтіп, арқа-жарқа болып отырғанымызда бастығым:

- Әй біздің жұмыстың көптігі адамды ақылынан адастырады. Мен сендерге бір қызық айтайын, осы күз басталғалы менің мектепте оқитын кенже ұлым, күнде кешке аяғын, шұлығын жуып, аяқ киімін тазалап әбігер болады да жатады. Бір күні шешесі екеуіміз мұның не деп сұрадық. Сүйтсек, сүмелек: “Әке, аяқ киімімнің басы желімінен ажырап кетті, үнемі су кіріп кетеді, Сіздерге айтсам тыңдамайсыздар”, - дейді. Қарасақ, аяқ киімінің аузы итбалықтың аузындай ашылып тұр, - деді күліп. Бәріміз қосыла күлдік. Ол кезде мен Еуропаға іс-сапармен келмеген кезім еді. Келіп кеткен болсам, күлер ме едім, жылар ма едім. Кім білсін?... 

Мұның бәрі де осы 2-3 жыл көлемінде орын алған оқиғалар. Алайда, сол “срочно”-ның әлі де аптығы басылмай, айдарынан жел есіп тұр. Бәрі де срочно, алайда, содан өзгеріп, гүлденіп жатқан жағдайымыз шамалы. Неге солай?

Осыдан 15 жылдан артық ілгері, шамасы 2000 жылдардың бас кезі болса керек, бірде телеарналардың бірінде Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының Франция және Бенилюкс елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Шыңғыс Айтматов сұхбат беріп отыр екен. Сондағы бір сөзі әлі күнге есімде. Ол: “Біз Еуропадан 100 жыл кейін қалдық” -деген еді. Танымал тұлға бұл сөзді тегін айтпаса керек. Бәрібір бір ғасыр болмаса да, “Елу жылда ел жаңа” болардай, кенжелеп қалғанымыз анық. Бізде неге бәрі “срочно” деген сұрағымыздың жауабы осында жатқан секілді. Бейнелеп айтсам:

- Еуропа ғылым мен технология, өндіріс пен өнерде  және басқа да салаларда төселген, жаттық рельстің үстінде бір қалыпты жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан жүрдек пойыз секілді. Ал біз сол қаншама жыл қара озып кеткен пойыздың соңынан қуған асығыс атты адам тақылеттіміз. Атымызды борбайлап, рельстің бірде оң жағына, енді бірде сол жағына шығамыз бәрібір жүрдек пойыз бізді жеткізер емес. Керісінше, атымыз шаршап, болдырып бара жатқандай. Ал біз сол қалжыраған атымызбен  тебініп келеміз, қалай да қуып жеткіміз келеді. Сол үшін  бәрін “срочно” жасауымыз тиіс, солай емес пе? Бұның сыры осында жатса керек. 

Қастер Сарқытқан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір