• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Мамыр, 15:44:04
Алматы
+35°

28 Желтоқсан, 2017 Сұхбат

«Бір сағатқа Базарбек»: Заңгерлік кеңес үшін халықтан бір тиын алмаймын

Жер мәселесі жөнінде тәжірибелі заңгер Бақытжан Базарбек заңдық тұрғыдан халыққа ақысыз қызмет көрсетіп жүр. Оның «Бір сағатқа Базарбек» атты акциясы...

Жер мәселесі жөнінде тәжірибелі заңгер Бақытжан Базарбек заңдық тұрғыдан халыққа ақысыз қызмет көрсетіп жүр. Оның «Бір сағатқа Базарбек» атты акциясы Тараз және Шымкент қаласында өтті. Осы акцияға және Жер кодексіне енген соңғы өзгерістерге байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Бақытжан Базарбекпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

Еліміздегі Жер кодексіне енген соңғы өзгерістер қандай?

Қазіргі Мәжілісте 3 негізгі заң жобасы қаралып отыр. Соның ішінде өткен жылғы митингтің нәтижесінде құрылған жер комиссиясының негізгі ұсыныстары да бар. Сол ұсыныстар қазір мақұлданып, заң жобалық құрамына кіріп, қазіргі уақытта қабылдануда. Соның ішінде жайылымды жерлерге байланысты өткен жылы заң қабылданған болатын. Заңға сәйкес енді жайылымды жерлерді ауыл маңындағы әкімдіктер өзінің меншігі ретінде өзгелерге беруге құқығы жоқ. Сонымен қатар өзінің жайылымы жоқ ауыл тұрғыны мал жаю үшін жалпы ауылдық жерлерге қарасты жайылымдық жерлерді ортақ пайдалануға құқығы бар.

Келесі өзгеріс, мемлекеттік шекара маңындағы жерлер жекеменшік құқығына берілмейді. Осы норма қабылданды. Одан бөлек көпшілікке белгілі Жер кодексінің 24-бабының 2,3,4-тармақтары және 37-бабының 5-тармағының 2 тармақшасы, 48-бабының 2-тармағы, 97 бабының 6 тармағының 1,3 тармақшалары қазір уақытша тоқтатылған. Бұл тармақтарға сәйкес шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сол сияқты өзінің жарғылық капиталындағы аталған шетелдік резиденттердің үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға аталған  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге уақытша жер пайдалану құқығын беруге  жиырма бес жылға дейінгі мерзімге берілетін норма 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий қойылып, уақытша тоқтатылған. Азаматтардың заңдық тұрғыдан сауатсыздығынан ба белгісіз, қазір көпшілік әркімнің сөзіне ілесіп, сене береді. «Жерге жекеменшік құқығы шетелдіктерге беріледі, шетелдіктердің қолында қазақтың жері кетіп қалады», - деген қауесет әңгімеге ілесіп бүкіл халық көтерілді. Оған себеп жоқ. Себебі Жер кодексінің ешбір бабында жерді шетелдіктерге жекеменшікке беріледі деп жазылмаған. Ал қазір бұл бапқа мораторий қойылған. Сондықтан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің оқырмандарына құлаққағыс ретінде шетелдіктерге жер пайдалану құқығына да берілмейді деп айтқым келеді. Егер әкімдіктегі қызметкерлер заңға енгізілген мораторийге қарамастан, жерді шетелдіктерге  пайдалану құқығына беретін болса жауапкершілікке тартылады.

Бақытжан Базарбек

Келесі Жер кодексіне енгізілетін нормалар бұл мемлекеттік қажеттілік үшін жер алуға байланысты. Осыдан біраз уақыт бұрын тұрғындар «ақысыз жер алу үшін тізімде тұрмыз, біраз уақыт өтсе де тізім өзгермейді», - деп арызданған. Сондықтан әр облыста тегін жерді алуға тізімде 40 мыңнан 70 мыңға дейін азамат кезекте тұр. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 200 мыңнан астам адам тегін жер алуға үмітті. Ал Астана қаласында 107 мыңнан астам адам кезекте тұр. Олар бүгін немесе ертең жер ала алады деп айта алмаймыз. Тіпті Алматы және Астана қаласында ақысыз жерлер берілмейді. Себебі, Бас жоспарға сәйкес Астана және Алматы қалаларында ақысыз жерлерді табыстау тоқтатылған. Сол үшін азаматтарға құлаққағыс ретінде айтайын, егер ақысыз жер алғыңыз келсе Алматы, Астана қаласының ішінен емес, соның төңірегінен, яғни бұл қалалардың іргесінде 40-60 километр аясында жерлерден алу керек. Сол себепті Жер комиссиясы осы мәселені көтере отырып, халықтың жерге мұқтаждықтарын ескере отырып, Жер кодексіне тағы бір өзгеріс енгізді. Енді азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімін ақысыз беру үшін, мемлекет елді-мекеннің қатарына кіретін ауыл шаруашылық алқаптарын мемлекеттің мұқтаждығы үшін алып қояды. Содан соң, ол жер телімдеріндегі қала аймағын тұрғын құрылыс аймағына аударып, онда заңға сәйкес инженерлік құрылымдарды орнатып, жерді сегменттеп, оны 10 соттық жер ретінде азаматтарға таратып беру мәселесі қазір заң жобасына енгізілді. Сөйтіп 10 соттық жерді мақсатты түрде тізімде тұрған азаматтарға сол өзгерістерге байланысты берудің жұмыстары басталуда.

Сонымен бірге жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қоюға байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұрын «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес, жерді мемлекеттік қажетіліктер үшін алған кезде жердің құнын анықтау үшін, егер жер сатып алынса, сатып алу-сату шартына сәйкес шартта көрсетілген өтемақыны берсе, ал қазір, жердің өтемақысы шартпен емес, жердің нарықтық құнымен есептеледі. Нарықтың бағасын тәуелсіз бағалау компаниясы анықтап, бағалайтын болады. Сөйтіп мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жер иесінің мұң-мұқтажы заңдық тұрғыдан қарастырылып, ескерілді.

Бақытжан Базарбек

Сонымен бірге, міне Жер қойнауын пайдалану кодексінің  қабылдануына куә болып отырмыз. Президент, Жер қойнауын пайдалану кодексін мақұлдады. 1 қаңтардан бастап Жер қойнауын пайдалану кодексі өз күшіне енеді. Аталған кодекске сәйкес кез келген адам алтын, күміс секілді бағалы тастарды өндіру үшін, барлау үшін тек қана арнайы лицензия алады. Арнайы лицензия арқылы бағалы тастары мол жерлер, блок блокпен бөлініп,конкурсқа қойылатын болады. Кез келген мүдделі азамат конкурсқа қатысып, жеңіске жетуіне болады. Конкурсқа түсіп, женген тұлғамен жер қойнауын пайдалану шарты бекітіледі. Сөйтіп конкурста жеңіске жеткен азамат аталмыш шартқа сәйкес белгілі бір мерзім аралығында жер  бағалы тастарды игере алады. Сол секілді жер қойнауын пайдалану операцияларына өзгерістер енгізілді. Бір сөзбен айтқанда Жер кодексіне жер қойнауын пайдалану үшін жер телімін беру деген арнайы бап та енгізілді.

Cіз бірнеше қалада өткізген «Бір сағатқа Базарбек» атты акцияның басты мақсаты қандай?

Осы жаздан бастап «Бір сағатқа Базарбек» деген атпен арнайы акция өткізіп жатырмын. Бір сағатқа дегенім мен әрбір адамға бір сағат уақытымды арнаймын. Сонымен бірге, бұл іс шара ақысыз өтетін болады. Мен әр адамның жерге байланысты мәселесін сұраймын, мұң мұқтажын тыңдаймын.  Бір сағаттың ішінде кеңесімді беремін және жерді заңдастыру жолдарын көрсетемін. Соның нәтижесінде, Бас Прокуратураның көмегімен осы акция Жамбыл облысы Тараз қаласында, ОҚО-ның Шымкент қаласында облыстық прокуратура басшылықтарының келісімімен өткіздім. Мысалы, Тараз бен Шымкент қаласында 50-60-қа жуық адам акцияға қатысып, өзінің жерді рәсімдеуге байланысты мәселелерін айтып қана қоймай, шешу жолдарын біліп кетті. Астана және Алматы қаласында да бұл игі шараны өткіздім. Алдағы уақытта Тараз бен Шымкент қаласында бұл акция айына бір рет өтетін болады. Сонымен бірге «Бір сағатқа Базарбек» акциясын мен тек Тараз бен Шымкент қаласында ғана емес, келесі жылы Өскемен, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Талдықорған қалаларында өткізуді жоспарлап отырмын.

Қазір прокуратурада ауыс түйістер болып жатқандықтан, біраз уақыт керек. Ауыс түйістер аяқталғаннан кейін арнайы жоспар жасайтын боламыз. Аталған акция болжам бойынша 10 қаңтарда Тараз қаласында өтетін болады, Шымкентте келесі күні. Ал басқа облыстарда бұл акцияны жергілікті прокурорларға байланысты өткізетін боламын. Егер прокурорлар тарапынан ұсыныс жасалмайтын болса мен өзім облыстық прокурорсыз акцияны өткізе аламын.

Бақытжан Базарбек

Бұл игі шараның негізгі мақсаты - жерлерін рәсімдей алмай жатқан, жерлерінен айырылып жатқан, жерлері мемлекеттік қажеттілік үшін алынып жатқан, құжаттары рәсімдеудің бір тоқырауына түсіп қалған немесе жері алаяқтың қолында кеткен азаматтарға ақысыз кеңес беріп, шешу жолдарын көрсету. Менің кеңесімнің нәтижесінде мыңдаған адам өз мәселесін шешіп алды.

Егер осы акцияға ат салысамын дейтін, ақысыз халыққа көмектесемін дейтін заңгерлер болса, акцияға қатыса алатынын айтқым келеді. Оған мен тек қуанатын боламын. Жер мәселесі өте күрделі мәселе сондықтан өзге де заңгерлердің көмегі қажет.

Сіз әр адамға бір сағат уақытыңызды арнап, ақысыз қызмет етесіз. Сонда табысты қайдан табасыз?

Осы сұрақты маған жиі қояды. Мен бірігіп жұмыс жасайтын .Alageum Electric, АО «Электромонтаж» сияқты ірі кәсіпорындардың жерлері мен өндірістік базаларын заңдастырамын,  ТШО, Карачаганак Оперейтинг, Эмбамунайгаз, КЕГОК секілді компаниялардың заңгерлерін дайындап, жер құқығы, жер қойнауын пайдалану құқығына қатысты семинарлар жүргіземін.Табысым бар. Осыған шүкіршілік етемін. Ал қарапайым халықтан бір тиын алмаймын. 

Негізі көп адам түсінбей жатады. «Бақытжан Базарбек теле бағдарламаларға, түрлі сайтқа шығып жүрген танымал заңгер, сондықтан оның кеңесін алу үшін көп қаражат керек», - деп ойлайтындар көп. Көпшілік ақысыз қызмет дегенге сенбейді. Себебі, нотариусқа барса ақша алады, адвокатқа барса ақша алады, жан жақта қаптаған жемқорлық.Ақша сұрамайтын жер қалмайтын сияқты. Өмірге түңілген, әділетсіздік пен жемқорлықтан беті қайтып қалған, елімде жасаймын, өсемін, көгеремін деп көңілі қалған қарапайым халық сенуден қалды. Бұл ашы болса дағы, шындық. Міне, осында адамдарға үміт отын жаға білу керек, көмек қолын соза білу керек деп ойлаймын.

Мен қазір кейбір заңгерлердің көзқарасын өзгертуге, әлеуметтік парақшамда үгіт-насихат жүргізуге тырысып жатырмын. Біздің, заңгерлердің жұмысы қалтаға ақша басу емес, халыққа қызмет көрсету. Ақшаға көлік аларсың, үй аларсың алайда сауап ала алмайсың. Сен қарапайым халыққа ақылы түрде көмектессең ақша ғана аласың, ал ақысыз түрде көмектессең сол адамның батасын аласың. Сол үшін біз өмір сүру керекпіз. Ақша қашан да керек әрине. Бірақ өзгелерге жақсылық жасау аса маңызды. Біз сәнді де, мәнді өмір сүре білуіміз керек. Сәнді өмір сүру көлікпен, үймен байланысты емес. Сәнді де, мәнді өмір сүру халықтың ризашылығын, алғысын алу, жақсылық жасау, артыңа игі жұмыстарды қалдыру. Өзгелердің ризашылығы менің өмірге деген құлшынысымды көтеріп, маған шабыт береді.

Бақытжан Базарбек

Адам кей кезде артқа қарап, ойлануы керек. Қазіргі жастарға заң бойынша білім алып жүрген жастардың көбісі Қаржы полициясына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне асығады. Кей студенттер ҚазМұнайГаз компаниясында жұмыс жасағасы келеді. ҚазМұнайГаздың жалақысы жоғары болса, ал Қаржы полициясы мен ҰҚК -нің дәрежесі жоғары және ақшасыз қалмайсың деп ойлайды. Мен өз студенттеріме «мұның есебі кейін болады» деп айтамын. Адам өз ақылын қозғап, біраз ойланса, жоқ жерден маңдай термен ақша табуға болады. Сондықтан ақшаны алға қоймай, халықтың игілігін алға қоятын болсақ, жаратушымыз қалған дүниені салмақтап қайтарады.

Қазақстан азаматтарына заңгер ретінде қандай кеңес бересіз?

Азаматтардың түрлі қауесеттерге сенуі олардың басты кемшілігінің бірі. Қоғамда жүрген түрлі білімдісымақтар мен ақылдысымақтардың сөзіне сеніп, ақиқат деп есептеу дұрыс емес. Соның нәтижесінде митингтер де болды, дау дамайлар да туындап жатыр. Сол себепті, нақты дәлел болмаса сенбеңіздер, тек заңға ғана сеніңіздер. Тіпті кей заңгердің айтқанына да сенуге болмайды. Егер заңдық тұрғыдан сауатсыз болсаңыз, заңды түсінбесеңіз заңгердің көмегіне жүгініңіз. Өкінішке қарай, көптеген азаматтар таныстарының, көршілерінің айтқанына сеніп, олардың айтқанымен жүреді. Кейін жапа шегіп, өкініп жатады.

Екінші кеңесім әр адам құқықтық сауатын, құқықтық мәдениетін арттырғаны абзал. Заңгер бар деп жүре бермеу қажет. Әрбір адам заң туралы кітапты ашып қарағаны жөн. Сол кезде ғана құқықтық мәдениет өзгереді.

Үшіншіден, пара беруді қою керек. Азаматтар мүмкіндік болса, барлық қызметкерлерге пара беру арқылы мәселелерін шешуге тырысады. Адамдардың көбісі кезекте тұрғысы келмей әкімдіктегі қызметкерлерге пара беретінін көз көріп, құлақ естіп жүр. Тіпті заң бойынша 30 күн күту керек болса да пара беріп күту мерзімін азайтуға тырысады. Осылай біз өзімізді де, қоғамды да бүлдіріп, болашақ ұрпақтың көзқарасын өзгертеміз. Жастар осы жайттарды көріп оңай жолмен мәселелерін шешуге тырысады. Сол себепті кез келген адам өзінен бастау керек. Заңның аты заң.

Бақытжан Базарбек

Ата-бабаларымыздың кезінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» секілді заң жинақтарды жасаған. Ал заңды бұзған адамды жазалайтын. Сол себепті бұрынғы заманда заң бұзушылық көп кездеспеген. Ал қазіргі қоғамда заң бұзушылық көбейіп кеткен. Біз бұл түрімізбен қоғам бола алмаймыз.

Сонымен бірге жерді беретін, заңдастыратын жер бөлімінің қызметкерлерінің заңдық сауаттылығын арттыру маңызды. Азаматтарымыз әкімдіктегі қызметкерлерді сынаудан бұрын өзінің сауатын арттыру қажет. Батыс елдері қалай күрт дамып кетті? Аталған елдің азаматтары үкіметке сенім білдірді. Иә әлемде жемқор әкім, жемқор билік, алаяқтар бар, десек те барлығы бірдей жемқор немесе алаяқ емес. Сол себепті біз сенім артуымыз керек. Толық сенім білдіретін болсақ біздің мемлекетіміз дамитын болады. Билікке сенім артатын болсақ қана біз алға жылжитын боламыз. Егер әкімдіктердің және басқа да мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан заң бұзушылықтар орын алатын болса Ұлттық қауіпсіздік орталығына, Бас Прокуратураға арыз жазып, заңдық тұрғыдан мәселені шешуге тырысу керек. Әр адам өз ісін жақсы білсе, әр қызметкер өз ісімен айналысса ғана қоғам оңалады.

Егер Бақытжан Базарбектің кеңесі қажет болса редакциямызға хабарласыңыздар.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір