• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:35:44
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2018 NEWS

Бес жылда 19 баланың анасы атанған Зарина: Өлместің күйін кештік...

«19 баланы асырап алған ол қандай ауқатты отбасы?» деп ойлап отырған боларсыз. Жоқ, мүлде олай емес...

Кейбір адамдар бір немесе екі баланы, тіпті үш баланы асырауды қиынсынады. Алайда бұл сөз Зарина мен Шириннің отбасына қатысты айтылмаған. Олардың шаңырағында қазіргі таңда 19 бала бар, бәрі бір анадан тумаса да, бүгінде бір-бірін туған бауырлардай жақсы көреді. Бір шаңырақтың астында өмір сүруде.

Зарина

«19 баланы асырап алған ол қандай ауқатты отбасы?» деп ойлап отырған боларсыз. Жоқ, мүлде олай емес. Асып-тасыған дүниесі жоқ, баспанасы да мінсіз, кең сарайдай емес. Бірақ бұл отбасының шаңырағы шаттыққа, қуанышқа, ал мұндағы адамдардың жүрегі мейірімге толы. «Алтын жүректі» әйел бүгінде өзінің бес баласымен қатар, тағдыр тәлкегіне ұшыраған 14 баланы қанатының астына алып, аналық мейірім мен жылу сыйлап отыр. Он төрт тағдырға жарқын өмірдің есігін айқара ашып, болашаққа үлкен үмітпен қарап, армандауға мүмкіндік берген Зарина есімді әйелмен Qamshy.kz тілшісі әңгімелесіп қайтты.

Бұл Алматы облысы, Абай ауылы, Шаяхметов көшесі 36 үйдегі отбасы туралы біз білген жалғыз дерек. Аптаның жұмыс күндері барар болсақ, балалармен кездесе алмаймыз, көпшілігі мектепте. Сондықтан аптаның аяғын күтіп, демалыс күні Зарина мен Шириннің шаңырағына қарай жол тарттық.

Үлкен отбасының табалдырығынан аттаған сәттен жан-жақтан «Сәлеметсіз бе?» деген дауыстар кезек-кезек естіліп жатты. Көптен бері сағынысып көріскен туыстары келгендей бір топ бала алдымыздан жүгіріп шығып, әрқайсысы мені қапсыра құшақтай алды. Айтып жеткізе алмайтын бір ерекше сезім бойымды билеп кетті... Үйге кірер-кірместен балалардың әрқайсысы «Менің есімім – Милада, мынау – Марьям, ал мына қыз –Дамира», «Ал менің есімім – Ринат...», – деп өздерін жарыса таныстырды. Қабырғада ілініп тұрған түрлі бұйымдар мен салған суреттерін көрсетіп, «мынаны өзіміз жасадық...» деп қолдан істеген заттарын таласа көрсетті. Олардың бойында өмірге құштарлық, көздерінде жалын тұнып тұрғанын байқадым. Олар айналасындағы адамдарға үлкен махаббатпен қарайды. Өмір бұл балаларды туғанынан еркелетпесе де, олар еркелей алады, махаббат пен сүйіспеншілікке бөленіп өспесе де, өзгелерді жек көрмейді, адамдарды жатырқамайды. Ал бұл тәрбиенің бәрін "анасы" Зарина үйреткен.

Зарина

Зарина

Балалармен аздап сөйлескеннен кейін ішкі бөлмеден біздің кейіпкеріміз Зарина шықты. Жылы амандасып, хал сұрасып болғаннан кейін үйдің жағдайымен таныстырып, балалардың жатын бөлмесін көрсетті. Бір бөлмеде кемінде 5-6 адамнан жатады екен. Қабырғалардың күн түспейтін жері көгеріп, ылғал тартып тұр. Үйдегі ылғал ауаның күлімсі исінен тіпті, гүлдер де солып қалған...

Зарина

Иә, үйдің жағдайы мәз емес. Күрделі жөндеу жұмыстары керек екені қақпадан кірген сәттен-ақ байқалды. Ақиқаты, бұл отбасыға кең әрі ыңғайлы жаңа баспана қажет!

Зарина

Зарина

Бір арнада тоғысқан қилы тағдыр...

Үйдің жағдайын көріп болғаннан кейін үстел басына жайғасып, Заринамен әңгімемізді өрбіттік. Ер мінезді, өзі қаталдау келген 37 жастағы «Батыр ана» әңгімені әріден бастады. Мен алғашқы сауалымды қойдым.

Зарина

– Бұл балалармен қашан таныстыңыз? Үлкен отбасының мүшесіне олар қалай айналды? Бала асырап алуды алдын ала жоспарладыңыз ба? Және сіздің мұндай шешіміңізге жақындарыңыздың, жұбайыңыздың көзқарасы қалай болды?

– «Бала асырап аламын» деп ешқашан да жоспарлаған емеспін. Осыдан бес жыл бұрын, ол кезде төрт баланың анасы едім, бір досымыз Алматы облысындағы Байсерке ауылынан үй алып, қоныс тойына шақырды. Ол жаққа барып, бір күн қондық. Түнде балалар мен күйеулеріміз ерте жатып қалды. Біз құрбым екеуіміз біраз уақытқа дейін әңгіме айттық. Бір кезде көрші үйден жылаған баланың дауысы естілді, ұзақ жылады. Құрбымнан сұрағанда, ол: «Көрші үйдегі отбасының үлкендері бәрі ішімдікке салынып кеткен маскүменмдер, өздерінің кішкентай балалары да бар, аядай ғана үйде жеті адам тұрады, ал балаларға бас-көз болатын ешкім жоқ», - деп жауап берді. Таң ата дүкеннен азғантай азық-түлік пен тәттілер алып көрші үйге бардым. Табалдырығынан аттағаным сол тұрған орнымда қатып қалдым, өте аянышты екен... Үйдің үлкендерінің бәрі мас. Балалардың үсті кір-қожалақ. Өздері аш, әбден қорқып қалған. 11  жас шамасындағы Кристина деген қыздан: «Мұнда қалай тұрып жатырсыңдар?» деп сұрадым. «Өте жаман», - деп мұңды дауыспен жауап берді. Бұл үйде үш апалы-сіңлі тұрады екен, үшеуі де ішімдікке салынып кеткен. Ал балалардың анасы оларды апасы мен ағасына тастап сүйіктісімен кетіп қалған.

Кристинаның айтуынша, ағалары оларды дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ғана тамақтандырады екен. Ал қалған күндері балалар аш отыруға мәжбүр. Кристинадан "Менімен бірге кетесің бе?" деп сұрағанымд ол ойланбастан: «Иә, мені мына жерден алып кетіңізші, өтінемін сізден» деп қолымнан ұстап алды. Менің Софья есімді қызым бар, ол дәл осы Кристинамен құрдас, "екеуі достасып кетеді" деп ойлап, оны өзіммен бірге алып кеттім.

Кристина

Біраз күн тұрғаннан кейін Кристина салмақ қосып, жақсара бастады. «Біздің үйде тұрған ұнай ма?» деп сұрағанымда, «Иә, қатты ұнайды, тек бауырларымды сағынып кеттім» деді. Оның Сергей және Дима атты екі інісі бар. Ертесіне екеуіміз тәттілер алып, Кристинаның бауырларының жағдайын білуге бардық. Үйіне келгенде үстінде тозып кеткен кофта мен бұтында үлкен трикосы бар Сергей шығып: «Сен кімсің? Кім керек саған?» деп сұрады, ал Дима бірден жүгіріп келді де мені құшақтап алды. Жүрегім ауырып кетті. Бірден күйеуіме қоңырау шалып: «Не айтсаң да бәрібір, мына балаларды бұл жерде қалдырмаймын», - деп кесіп айттым. Олардың тұрмысы өте нашар еді және ағалары бұл балаларды аямай, ұрып-соғатын. Ал Дима туғаннан мүгедек, ақсаңдап жүреді. Күйеуім менің бұл шешімімді алғашында құп көрмеді. «Өзіміздің төрт бала бар, тағы үшеу – енді жеті баланы қалай асыраймыз?» деп ренжіді. Алайда, айтқанымнан қайтпадым: «Қалай болса да, бір амалын табамыз, бірақ балаларды тастап кетуге болмайды» дедім. Ақырында күйеуім келісіп, бізді өзі келіп алып кетті.

Зарина

– Жеті баланы асырап-бағу қиын болды ма? Жалпы, өзіңіз қандай жұмыс істейсіз? Күйеуіңіз ше?

– Әрине, алғашында қиын болды. Өлместің де күнін кештік. Күйеуім сол уақытта жұмыссыз болатын, ал мен «Сайрандағы» жануарлар базарында ит сатамын. Кейде ақша болады, кейде болмай қалады. Күйеуім, негізінен, құрылысшы. Ағасымен бірге тапсырыс алып, жөндеу жұмыстарын жасайтын. Алайда, ол қиын күндерден өттік қой.

– Кристина, Сергей және Диманың ата-анасы балаларын оңай бере салды ма сізге?

–Иә, балалардың жағдайы оларды тіпті алаңдатпады да, оп-оңай бас тартты. Дегенмен, қамқорлығыма алу туралы құжаттарды рәсімдеуде біраз қиындық туды. Құзырлы органдағы қызметкерлерге бірнеше рет барсам да, бетімді қайтарумен болды. Кейіннен маған Ася есімді әйел көмектесіп, құжаттарды рәсімдеп берді. Оған алғысым шексіз.

– Жеті баланы асырап-бағу оңайға соққан жоқ дедіңіз. Кейін бесінші балаңызға аяғыңыз ауыр екенін білгенде қандай сезімде болдыңыз?

–Кристинаны бауырларымен алып кеткенімде қаңтар айы болатын. Кейін наурыз айында аяғымның ауыр екенін білдім. Үйде жеті баланы бағып отырмыз, тағы сегізіншісін дүниеге әкелер болсам, мүлде қиналып қаламыз ғой деп бастапқыда алдыртып тастауға шешім қабылдадым. Үйде қандай жағдай болмасын мен балалармен ақылдасып үйренгенмін. Бұл шешімімді айтқанымда, Кристина бірден: «Бұлай болмайды, Зарина әпке. Бұл шешіміңізден бас тартыңыз, дүниеге әкеліңіз балаңызды. Бір амалын табамыз, қараймыз ғой», - деді. Анам болса ренжіп: «Өзгенің балаларын бағып-қағасыңдар да, өз сәбиіңді өлтірмексің бе?» - деді. Жақындарымның қолдауымен ақыры бесінші баламды босандым. Осылай Милада есімді қызым дүниеге келді.

Милада

– Сегіз баланың қамын ойлап жүргенде отбасыңыз одан сайын кеңейе түскен екен. Қалған балалардың жағдайы қалай болды? Олармен қайда, қашан таныстыңыз?

– Милада алты айға толғанда «Кристинаның апасы көз жұмыпты» деген хабар келді. Бізді жерлеу рәсіміне шақырды. Қаншалықты қиын күндерді бастан өткерсе де, «бұл– олардың апасы, оның жерлеуіне бару керек» деп ойладым да, оларды ертіп бұрын тұрған үйлеріне бардым. Ол жақта бірнеше кішкентай бала арбаға бір қуыршақты салып алып ары-бері айдап жүр екен. Бір кезде бүлдіршіннің ақырын жылаған дауысы естілді. Арбаға қарасам, онда жатқан қуыршақ емес, тірі бала жатыр. Шок болдым! Өзі өте кішкентай, әлсіз, үсті-басы кірден көрінбейді. Оның, жылауға да шамасы келмей, әлсін-әлсін дауысын шығарып қояды. Есімі Марьям екен. Оның анасы Кристинаның нағашы әпкесі болып келеді. Алты айлық Марьямды қолыма алғанымда, байғұс қыз басын да ұстай алмайды, салмағы небәрі 6 келі ғана, өзі аш. Анасына қарап: «Баланы тамақтандырмайсыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсем, ол бірнеше күн тұрып қалған ботқа мен бөтелкедегі ашып кеткен сүтті әкелді. «Мұны балаға беруге болмайды» десем, анасы «Ештеңе де етпейді, ол мұндай тамақтарды жеп үйренген» деп жауап берді. Ботқа мен сүтті мысықтың ыдысына төгіп тастадым да, балаларыма ақша беріп, дүкенге банан әкелуге жібердім. Бананды анасының қолына ұстаттым да «Тым құрығанда балаға банан беріңіз» - дедім. Өзім сыртқа дастархан жаюға шығып кеткем, бір кезде тағы да Марьямның жылаған дауысы естілді. Үйге келсем, қасында анасы жоқ, бөлменің бір шетінде бананды өзі жеп отыр. Қатты ашуландым, тіпті, қылқындырып тастағым келді.

Марьям

Марьямды ол үйге тастап кетуге болмайтынын түсіндім. «Баланы екі-үш аптаға алып кетемін. Дәрігерге апарып көрсету керек», - дедім. Анасына бәрібір, еш қарсылық білдірмеді, кейіннен қызын іздеген де жоқ. Ең сорақысы, Марьямды анасы түнде жылап мазаны алмасын деп туғанынан бастап ауызына арақ құйып ұйықтатқан екен. Соның салдарынан Марьямда ішімдікке тәуелділік пайда болған. Байғұс қыз әбден қиналды, түнде ұйықтамай жылай беретін, айран, сүт беріп, әрең дегенде қойдыратын болдық. Өзімнің алты айлық қызыма мүлде көңіл бөле алмай, бір ай бойы Марьямға қарап, бетін бері қараттық. «Өліп кете ме» деп қатты қорықтым. Себебі тым әлсіз еді, иммунитеті мүлде қатаймаған, ауру-сырқауға қарсы тұра алмайтын. Қазір өзі сұп-сұлу қыз болып өсіп келеді, өзі менің Миладаммен құрдас. Осылай біздің қатарымызға Марьям да келіп қосылды.

Марьям

– Қандай қиын тағдыр... Ал енді басқа балалар жөнінде айтып берсеңіз?

– Қаңтар айы біздің отбасы үшін шытырман оқиғаға толы, әрі «жемісті» ай (күліп еске алады – ред.). Келесі жылы дәл осы айда бір танысым хабарласып: «Мұнда бір әйел үш баласымен көшеде қалды, жалдамалы пәтерінен қуып жіберіпті. Оларды да қасыңа алшы», - деді. «Сендердің естерің дұрыс па? Үй болса тар. Оларды қайда сыйғызамын?» - деп айттым. Дегенмен, ешқашан қайда ұйықтаймын деп уайымдаған емеспін, қазір де ондай уайым жоқ, бірақ үйдегі адамдардың барлығын тамақтандыру керек. Ұзақ ойланбастан: «Мейлі келсін, үйде балаларға қарап отырады, ал мен жұмысқа шығамын», - дедім. Сол күні түнде үш баласымен бір әйел келді. Балалары кішкентай: Дамира атты қызы екі жаста, Диана одан кішкене үлкендеу және ең үлкені Руслан шамамен 10 жаста еді. Әкелері қайтыс болған екен, ал анасы үйде отырған әйел және тұрмысы тым нашар болған. Алайда, өзі жақсы, мейірімді болатын. Балаларға түрлі тағамдар пісіріп, үйге жөндеу жұмыстарын жасауға көмектесетін.

Оның үлкен ұлы Руслан алғашында ешкіммен сөйлеспейтін, өзімен-өзі бір бұрышта отырып тамақ жеп, қағаздарды қидалап отыратын. Үйге психолог шақыртып, баланы тексерттік. Оларға сурет салғызып, маман психикасын тексерді. «Суреттерге қарасам, жағдайлары жақсы. Ал Русланды дереу бейімделу орталығына өткізу керек, ол аутизмге шалдыққан», - деді. "Ол жағын ойланып көреміз", - дедім, Русланды қимадым. Ал қазір Русланның жағдайы біршама жақсарған, өзі рэп оқығанды қатты ұнатады. Болашақта әнші болуды армандайды. Дегенмен, Руслан толықтай айығып кеткен жоқ, дәрігерлер оған әлі нақты диагноз қоя алмай келеді. Көктем мен күз айларында тұйықталып қалады, кейде анасының мазарына бара ма деп ойлаймын.

– Бұл балалардың анасы қаза тапқан ба? Ол қалай болды?

– Иә! Ол бізбен бірге мамыр айына дейін бірге тұрды. Өзі мұсылман болса да, шіркеуге барып тұратын. Ол әйелге барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Киім-кешек пен керекті заттарын алып беріп, шаштаразға алып апардым. Бір күні ешнәрсе айтпастан балаларын тастады да, өзі үйден қашып кетті. Тіпті, не ойларымды да білмей қалдым.

Күйеуім іссапарға кеткен, ал мен үйде 12 баламен жалғыз қалдым. Оның екеуі әлі емшектегі бала еді. «Жынданып кетем бе?» деп ойладым.. Оған қоса, екі жастағы Дамира анасы тастап кеткеннен соң қатты стресске шалдықты, бұтына жіберіп қойып жүрді, бір кездері, тіпті, шашы уыстап түсе бастады. 

Дамира

Балалардың бәрін жинадым да: «Ренжімеңдер, сендерді балалар үйіне өткізуге мәжбүрмін. Басқа амалым жоқ, өйткені асырай алмаймын», - деп айттым. Ол кезде балаларға ешқандай да жәрдемақы төленбейтін еді, ал Руслан, Диана және Дамираның бірде-бір құжаты болмады. Балалардың көңілі бірден түсіп кетті, ал Диана болса, айқайлап жылап жіберді де, кейіннен есінен танып қалды. Сөйтсем, ол біраз уақыт бейімделу орталығында тәрбиеленген екен, ол жақта балаларды ұрып-соғатын көрінеді. Жүрегім ауырып кетті, сөйтіп ешқайсын да қимадым.

Біраз күннен кейін маған полициядан хабарласып, Руслан, Диана және Дамираның анасы қаза тапқанын айтты, жоғары жылдамдықта келе жатқан көлік соғып кеткен, оқиға орнында қаза тауыпты. «Мәйітханада жатқанына 9 күн болды. Мүрдесін алып кетіп жерлейсіздер ме?» деп сұрады. Мен оған қатты ашулы едім: «Жоқ, жерлемейміз» деп тұтқаны тастай салдым да, жылап жібердім. Жаныма Диана келіп: "Не үшін жылап отрсыз?" деп отырсыз, оларға шындықты айта алмадым. Кейін балалары анасының зиратына барып тұру керек екендігін ойладым да, «жерлейміз» деп шештім. Балаларын тастап кетсе де, оларды ешқашан да аналарына қарсы қойып, жаман нәрсе айтқаным жоқ. Балаларына «анамыз тастап кетті» деп айтпауды үйреттім. Оны іздейтін уақытым да болмады, мүмкін өзі де қайта келуге ұялған болар...

Сол жылы біздің отбасымызға тағы да Женя есімді балапан қосылды. Ол Кристинаның туған інісі, жалпы олар отбасында 4 бала болған, аналары басқа еркекке тұрмысқа шыққаннан соң Женяны өзімен бірге ала кеткен. Ол анда-санда біздің үйге келіп тұратын, балаларымен кездесіп, сөйлесіп, кейде қонып та кететін. Содан, бір күні ол бізге Женяны әкеп тастады. Күйеуімен ажырасып, өзі баспанасыз қалыпты. Сонымен қатар, дәл сол жылы маған құзырлы органнан хабарласып «Ринатты да алып кетіңіз» деді. Өзімнің бес балам және тағы 14 бала... Осылай біздің шаңырағымыз үлкен отбасыға айналды.

Зарина

Зарина

Біз қаншама уақыт бойы жәрдемақысыз күн көріп келдік. Құзырлы органдарға барған сайын: «Сіздің мәселеңіз әлі қаралуда», - деп жауап беретін.. Осылай бес жыл бойы біздің мәселемізді қарап, созбақтап жіберді. Бір күні қатты титықтап біткен кезімде, жұрттан көмек сұрай бастадым. Содан мені «Ұлағатты жанұя» қорының президенті Марианна Юрьевна деген кісімен таныстырды. Бір ғана қоңыраумен менің басты мәселемді шешіп берген сол кісі. Алғысым шексіз! Содан кейін, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап әр балаға 10 АЕК-тен жәрдемақы ала бастадым. Ендігі үлкен арманымыз – кең әрі ыңғайлы үй болса екен дейміз.

– Егер балалардың ата-анасы іздеп келіп, алып кетеміз десе, қандай шешім қабылдайсыздар?

–Жоқ, бұлар менің балаларым және мен оларды ешкімге де бермеймін.

Балалардың бәрі мені «мама» деп атайды, ал Ширинді «папа» дейді. Олардың ата-анасы – біз. Кейбір адамдар мені мемлекеттен жәрдемақы алу үшін балаларды әдейі асырап алды деп ойлайды екен. Алайда, біз бес жыл бойы өкіметтен бір тиын да алмай өз күнімізді өзіміз көріп келдік. Шамамен, жарты жылдай болды, жәрдемақы алып жүргенімізге.

–Қаншама жылдан бері мұндай үлкен отбасыны қалай асырап-бақтыңыздар?

–Күйеуім екеуіміз және Гена есімді ағамыз бәріміз жұмыс істедік. Гена өзі 1979 жылы, әлі үйленбеген. Осы уақытқа дейін біздің қамымызды ойлап, тынбай жұмыс істеп келеді. Соның арқасында үйіміз қирап қалмай, аман тұр.

Қайырымды адамдар да көп, бізге бәрі көмектеседі. Биыл көмек қолын берген жандардың арқасында мектепке қажетті керек-жарақтарын және киімдерін толық алдым. Қолдау көрсеткен барлық адамдарға басымды иіп, алғыс айтамын!

– Ал үйдегі шаруаларды балалар өздері бөліп істей ме?

–Иә! Жалпы, үйде адам көп болса да, тәртіп сақталады. Әр баланың өзінің міндеттері бар. Сережа иттердің тамағын дайындап береді, ал мен оларды емдеймін. Ұл балалар толықтай шаруашылыққа жауапты, ал қыздар үйдің жұмысын атқарады. Кристина балаларға қарайды, бірақ таңертең сабаққа кетіп қалған кезінде, бәрі маған қалады, кейде үлгере алмай қаламын. Аулада қоян, қаз, тауық және үш ешкі бар. Олардың бәріне жігіттер жағы жауапты, әкелеріне көмектесіп, өздері қарайды.

Зарина

Зарина

– Кейбір адамдар өздерінің туыстарының да балаларына қарай алмайды. Ал сіздер бір шаңырақтың астында 19 баланы тәрбиелеп жатсыздар. Қиын емес пе?

– Балаларды ешқашан да бөліп-жарған емеспіз. Бәрін жақсы көреміз. Олардың әрқайсысының өз арманы бар. Мысалы, Диана суретті керемет салады және қағаздан түрлі ою-өрнектер жасайды.

Диан

Руслан рэп айтқанды жақсы көреді, өзі рэп жазып, бізге оқып береді, ал Ринат өрт сөндіруші болғысы келеді.

Ринат

Сережа болса, конькиді керемет тебеді, оны бұл уақытқа дейін білмеген де екенбіз. Жуырда «Ықылас» қорының ұйымдастыруымен мұз айдынына барып, балаларға коньки тепкізді., Сережаның конькиді жақсы тебетінін сол кезде білдім. Ал, Кристина шаш үлгісінің шебері, керемет жасайды, биыл 9-сыныпты бітіріп, колледжге түскен, қазір шаш үлгісін жасаудың нағыз шебері атанды. Әрқайсысының өз талабы бар, белгілі бір үйірмеге қатысып, шеберліктерін шыңдағанын қалаймын. Алайда, ол нәрсені біздің отбасының бюджеті көтере алмайды.

– Сонда да болса, отбасыңызды одан әрі кеңейту жоспарда бар ма?

–Мен ешнәрсені жоспарламаймын. Бір түсінгенім, көмекке мұқтаж балалардың жанынан жайбарақат өтіп кете алмаймын.

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әлемде әлі де адамдардың тағдырына, балалардың болашағына бей-жай қарамайтын мейірімді адамдар бар. Тек қоғам оларды тани бермейді. Бірақ оларға көмек керек. Айта кетпеске болмас, Заринаның отбасына қазір кір жуатын машина ауадай қажет.

Зарина

Зарина

Қандай да бір көмек көрсетем деушілер болса, төменде олардың реквизиттері жазылған. Балаға мейірім, ал оларға мейірімін төгіп жүрген анаға қоғамның қолдауы керек.

Kaspi gold картасы: 5169 4931 8990 6673 - Зарина Шамильевна

ИИН: 80 10 14 40 16 45

Centrcredit банк картасы - 5104 4550 3026 9658

Зарина

Зарина

Зарина

Зарина

Зарина

Зарина

Әңгімелескен: Назерке Лабихан

Суреттер: Әсел Болатқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір