• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 06:08:15
Алматы
+35°

17 Мамыр, 2019

Белсендіміз бе, қандаймыз, Сайлауда кімді таңдаймыз?

"Тоқаев. Уақыт өте келе қолына тізгін берсе, реформа жасайды деп ойлаймын. Қосанов. Біріншіден, ол кісіде әлі ондай бедел жоқ. Екіншіден, саяси күші әлсіз.»

Елбасы отыз жыл отырған тағын өз еркімен босатқаннан кейін бірі жылап, бірі қуанып, халық бір сілкініп алды. Біріне шок, енді біріне шоқ болып тиді. Мұң мен қуаныштың арты үрейге ұласқандай «енді орнына кім келеді?!...» деп ойлаған жұрт уақытша болса да Қасым-Жомарт Тоқаевтың отырғанына бір жағы риза болса, бір жағы «жүйе өзгермейді, баяғы жартас сол жартас күйінде қалады», «ол Елбасының оң қолы, Елбасы не айтса, сол болады» деген сынды сан түрлі пікір айтты да, жазды.

Сөйтіп, маусым айының тоғызыншы жұлдызы кезектен тыс президенттік сайлау болады деген жаңалық желмен ұшқан шаңдай тез тарады. Ел-жұрт қуанды. Неге? Себебі, Елбасы өзі "отырғызған" президентті емес, басқа үміткерді таңдауға халыққа мүмкіндік бергелі тұр деп қуанды. Жеме-жемге келгенде, «кімді таңдаймыз?» деп тағы сабылысты, әлі де ойланып жүр. Он сегіз миллион халықты басқару тізгініне Тоқаевтан басқа лайықты ешкімді  көрмей тұрған халықтың алдында жарқ етіп «Ақорданың емес, әкем мен шешемнің жобасымын» деп ағынан жарыла Әміржан Қосанов, «нан болса, ән болады» деп үгіт-насихат жұмыстарын «Ақсай-нан» наубайханасынан бастаған Дания Еспанова, сонымен қатар, тағы бес үміткер суырылып шықты. Бағдарламаларына қарасаң, егер дәл сол үміткерді сайлай қойсақ, болашақ ғажап, өмір керемет, жағдайымыз жақсарып, отыз ел тұрмақ, еліміз дамыған он елдің қатарына мылтықтан шыққан оқтай «зу» етіп жетіп алатындай көрінеді. Сенбеске тағы болмайды. Сенейін десең... биліктің көзіңді бақырайтып қойып, аузыңды басып отырып айтатын құрғақ уәделеріне сене-сене семіре, тіпті сол уәденің бірінің де орындалғанын көрместен о дүниеге аттанып кеткен қазақ қаншама?... Енді осы жолғы сайлау да әншейін қағаз жүзінде болып, жасанды дауыс жинап, халықты ақымақ етіп, өз білгендерімен шеше салса, халықтың таңдауы болмаса, онда қазақ халқының сабыр құмырасы сынып, ашу өзені тасығалы тұр.

Сайлауда дауыс бере алатын жасқа жеткенімнен бері қаншама сайлау өтті, шынымды айтсам, соның біріне де дауыс бермеппін. Менен ешкім сұрамапты да, өзім де бармаппын. Бірақ дауысым "өз аяғымен" тиісті жәшікке түскеніне сенімім кәміл.

«Президенттікке үміткерлерді, бағдарламаларын көрдіңіз бе? Биылғы сайлауда кімге дауыс бересіз? Неге ол үміткерді президенттік таққа лайықты көресіз? Жалпы сайлауға барасыз ба?" деп бірнеше сала мамандарына, қарапайым таныстарыма сауал тастаған едім. Ендеше, ұсынайын.

Қанат Ержігітов, «Жұлдыз Тв», «Домбыра Тв» директоры: «Кандидаттар белгілі. Дауысты Тоқаевқа береміз. Тоқаевты біршама танимыз. Ел басқара алатын азамат, дипломат. Уақыт өте келе қолына тізгін берсе, реформа жасайды деп ойлаймын. Ал Қосановқа келсем, біріншіден, ол кісіде әлі ондай бедел жоқ. Екіншіден, саяси күші әлсіз.»

Сәуле Сейсембаева, «Кайдзен» орталығының директоры: «Ол туралы әлі ойлаған жоқпын. Мен тек қана екі кандидатты білемін. Әділ сайлау болады деп ойламаймын. Кім болса да, Алладан қорқатын, xалықтың қамын ойлайтын біреу болсын.»

Жазира Бастаубаева, мектеп мұғалімі: «Тоқаевтан басқасын танымаймын. Өзім де НұрОтаннан болған соң қолдаймыз. Басқа кандидат көріп тұрған жоқпын. Егер жастау біреу немесе Тасмағанбетов, Бәйбек болса ойлануға болар еді.»

Диана, кәсіпкер: «Сайлау туралы мүлдем ойламаппын, уақыт жоқ. Сайланатын адам, бізсіз де сайланып қойды ғой! Біз ол сайлауға барсақ та, бармасақ та сол бір адам сайланады!!! Осы жолы сайлауға бармайтын да шығармын! Уақыт кетіріп қайтем?  Солай деп шешім қабылдадым.»

Ал жалпы көпшіліктің жауабы ұқсас. «Сайлауға барып көрмеппін, бармаймын да», «Тоқаев. Басқа ешкім жоқ қой», «Ол онсыз да сайланып қойған. Өтірік сайлау болады», «Тоқаевтан басқа лайықты кандидатты көріп тұрған жоқпын», «Мен сайлауға бармаймын! Ешкімге дауыс бермеймін", «Спектакльдің бір бөлігі болғым келмейді. Сайлауға бармаймын», «Менің дауысымсыз-ақ кім болатыны белгілі»...

Ал, Сіз ше? Кімге дауыс бересіз? Кімді президенттікке лайықты көресіз? Жалпы сайлауға барасыз ба?

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір