• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:39:06
Алматы
+35°

14 Ақпан, 2019 Экономика

Банктерді еркелеттік, енді пайыздық үстемені түсіруді талап ету керек

Үкімет халықтың қарызға батқанын ескеріп банктерден несие пайызын түсіруді талап ету керек

Қазір елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 6,1 миллионға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл - елдегі әр үшінші адамның банк алдында қарызы бар екенін көрсетеді. Қазақстандықтардың несие бойынша банктер алдындағы қарызы 6 трлн теңгеге жеткен. Ал несие алушылардың 2 миллионнан астамы алған қарыздарын қайтара алмай банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеге жетіп қалған. Демек, халықтың несиеге алған 6 трлн теңгесінің тең жарымы қайтарылмай жатқанын көрсетеді.

Несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов несиеге 24-28% үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу – Қазақстанда ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

Банктерді еркелеттік, енді талап ету керек

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін Үкіметтен қолдау қаржы бөліп банктерді демеп келдік. Енді Үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап ету керек.

«2004-2005 жылдары шетелдің қаржы институттары Қазақстандағы банктерге 2 пайызбен қарыз бере бастады. Біздегі банктер сол 2 пайызбен алған қарыздарын халыққа 22-24-28 пайызбен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер 10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. Бірақ 2008-2009 жылдарғы дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарыздарын қайтара алмай бірқатар банктер дағдарысқа кетті. Қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Жалпы, экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін банктерге береді екенбіз. Ал банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағып отыр. Мұны дереу доғарту керек. Үкімет дер кезінде оларға қолдау көрсетті. Енді халықтың жайын ойлап, пайыздық үстемені төмендету туралы талап қою керек»,- дейді Жұмаділда Баяхметов.

♦Несие аларда назар аударарлық 3 пункт

Өлсең, қарызыңды балаң төлейді

Мамандар біздегі «Банктер  және банк қызметі» туралы Заңның да солқылдақ тұстары көп екенін алға тартты. Мысалы, Қазақстанда банктер қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына қалдырып заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Бұл ретте экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов «өлсең, несиеңді балаң төлейді» дейтін банктерге тыйым болуы керек екенін айтып отыр.

«Дамыған және дамушы елдердің біразында несие тұтынушыға 2-3-4 пайызбен беріледі. Сондай-ақ  несие алушыға жазатайым жағдай болғанда сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Ал бізде банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Ал жазатайым жағдай болса  сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді»,- деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Талап мықты болса тұтынушы тоналмас еді

Осы орайда қаржыгер Арман Мусин расымен де банктер ұсынатын сақтандыру қызметі көңілден шықпайтынын қоса айтты.

«Қазір елдегі банктер кез келген тұтынушыны «тонап алып» қоя береді. Несие аламын десе, несиесінен комиссиялық төлемді бір ұстайды, сақтандыру компаниясының қызметін бір ұстайды. Сосын тұтынушы қолына діттеген сомасын ала алмай дал болып қайтады. «Сақтандыру қызметі қымбат, мен басқаша сақтандырамын» десе, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы саланы алдық та, жеке адамдардың қолына бердік. Ол жекешеленген банктер, әлбетте, халықтың мүддесін көздеген жоқ. Олар тек жекелеп баюды, ондағы басшылар өз қазыналарын қомақты етуді ғана ойлады. Осыдан барып халық пен банк арасындағы байланыс алшақтады. Оның нәтижесін бүгін өзіміз де көріп отырмыз. Рас, Үкімет проблемалы, капиталы аз бар банктерді азайтуды жоспарлап отыр. Қысылтаяңда бұл да болса жол тауып шығудың бір түрі. Өз басым бұл ретте елдегі банктердің деніне мемлекеттік бақылауды, заңды орындауды талапты күшейту қажет дер едім. Сонда тұтынушы тоналмас еді»,- деді Арман Мусин.

 Ал қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, проблемалық несие кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек.

«Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2 пайыздан аспаса онда қауіп жоқ дер едік. Бізде бұл көрсеткіш 8(!) пайыздан асып тұр. Сондықтан бұл арада банктер пайыздарын төмендетуі керек. Негізі Ұлттық банктен қаржыны алғанда екінші деңгейлі банктер 9 пайызбен алады. Ал өздері халыққа 20-22-28 пайызбен несие береді. Оның артында несиені қайтара алмай халық шырылдайды да, жағымсыз несие қоржыны көбейе береді. Сондықтан бұл арада халықтың жайына да қарау керек. Заңға өзгертулер енгізіп талап қою керек. Мысалы, Түркия, Венгрия, Мажарстан, әзірбайжан елдерінде несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалса, мойнындағы несиесінің 40 пайызын жұмыс беруші өтейді. 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді. Сол тәрізді несие алған адам бақилық болса оның қарызы толық кешіріледі. Жұмысынан айрылса әлеуметтік сақтандыру қорлары көмекке келеді.  Өкінішке қарай, біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз. Халықтың қалтасы банктерге тоналып жатыр. Банктер қысылтаяң кезде Үкіметтен көмек сұрайды. Оларды демеу үшін Үкімет талай мәрте қолдау қаржы бөлді. Бірақ банктер халыққа тиімді операциялар жасап отырған жоқ. Сондықтан болашақта банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты талапты төтесінен қойып, пайызды төмендетуді нақты-нақты сұрау керек»,-деді қаржыгер Арман Мусин.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір