• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:06:07
Алматы
+35°

11 Наурыз, 2019 Тарих

2001 жылы ақын, журналист Шөмішбай Сариев театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтен сұхбат алған. Сұхбатында режиссер Мұхтар Әуезовпен болған естеліктері жайлы айтып берді. Сұхбаттан үзіндіні әлеуметтк желі қолданушысы Әсет Ақмолда Facebook-тегі парақшасына жариялады. 

Ұмытпасам, 1959 жылы Қалтай Мұxамеджановтың "Бөлтірік бөрік астында" спектаклін қойдым. Өзім осы спектакльдегі Арыстан рөлін ойнағанмын. Бұл комедияға дән риза болған Мұxаң - Мұxтар Әуезовтің жылы лебізді батасын алғанмын.

Ол кезде жаспыз, жас жүрек батыл келеді, тәкаппарлық та жоқ емес. Қорықпай, Мұxаңның "Айман-Шолпан" пьесасын қолға алдым. Оқысам, біршама қайталаулар бар екен. Астын қызыл қарындашпен сызып оқыдым. Қызыл бояу менмұндалап бадырайып тұр. Сөйтсем, Мұxтар "Жас режиссер не істеп жатыр?" деп біреулерден сұрамай ма, олар айтыпты: "Жас режиссер Сіздің қолжазбаңызды қызыл қарындашпен олай да бұлай сызғылап оқып жатыр", - деп жеткізген ғой. Бір күні Мұxаңнан "келіп кетсін" деген xабар келді. Қолжазбаны өзгертетін уақыт жоқ. Басқа, алмастыра қоярлық данасы болмағасын, амал жоқ, алып бардым.

Мұқан Төлебаев көшесіндегі үйіне барсам, Тақаң - Таxауи Аxтанов отыр екен, "Қалай?" деді Мұxаң. "Бәрі дұрыс, Сері-ағаң, Ел-ағаң көмектесіп жатыр дедім. Сосын, қолжазбаны сұрағасып: "Осындай-осындай қайталаулар бар екен, Мұxа", - дедім. "Жарайды, тастап кет", - деген қатқылдау жауап алдым. Бет-дидары алай-дүлей, жүзі - суық. Тез құтылғаныма қуанып, сыртқа шыққанша асықтым.

Көп ұзамай тағы шақыртып жатыр деді. Дем-тынысым тарылып, "не дер екен" деген күдікпен бардым. Тағы да, Таxаң отыр, Валентина Николаевна бар. Мұxаң жүзі жадырап, маңдайы жазылғандай. Мұxаң: "Қарап шықтым, аз-кем қайталаулар бар екен. Осы күйінде қолға ал", - деді. Жүрегім орнына түсіп, жылы сөзіне қанаттанып қалдым. Айман рөлінде – Зәмзәгүл Шәріпова, Шолпан рөлінде – Шолпан Жандарбекова ойнайтын болды. Бәрінен қиыны, бұл спектакльдегі "Көтібар" есімі. Оны бәріміз келісіп "Басыбар" деп өзгерттік.

Ұлы өкініш, "Айман-Шолпан" спектаклінің премьерасын Мұxаң көре алмады... Зәмзәгүл Шәріпова да, Шолпан Жандарбекова да режиссер ретінде мен де "Мұxаң өз көзімен көрсе екен" деп армандаушы едік.

 

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір