• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:06:04
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 NEWS

Атақты "Жар-жардың" сөзін жазған Әбдірахман Асылбеков өмірден өтті

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің атынан Әбдірахман Асылбеков ағамыздың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз!

Бүгін ақын Әбдірахман Асылбеков дүниеден өтті. Бұл туралы әнші Мейрамбек Бесбаев өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Бүгін ақын Әбдірахман Асылбеков ағамыз дүниеден өтті. Алла алдынан жарылқасын. «Бозторғаймен» көкке самғатқан ағамның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды әнші.

Әбдірахман Асылбеков 1938 жылдың 1 мамырында Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген.

Оның 1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сынды шығармалары жарық көрді.. 1961 жылы балаларға арналған алғашқы өлең жылдары жариялана бастады. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық кітабын шығарды. Лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен айналысып келді. Көптеген байқаулардың жеңімпазы, жүлдегер. Мейрамбектің даусымен күллі қазақ әлеміне мәшһүр болған «Бозторғай» әнінің әрі Желтоқсан көтерілісінің екінші күні жазылған «Желтоқсан желі» әнінің сөздерін жазған  да Әбдірахман Асылбеков еді.  Қазақ тойларының көркін ашып жүрген атақты «Жар-жар» әнінің авторы да – Әбдірахман ағамыз.

«Осы күнге дейін 300-дей әнге мәтін жазыппын. Оның барлығы бірдей эфирден берілгенімен, күн сайын төрт-бесеуі шырқалып тұрады. Шетелде болса, мүмкін байып кетер ме едім?.. Бірақ негізі қазақта күнде бірнеше той болып жатыр, әйтсе де соның барлығы қадағаланып, авторлық құқыққа бағына бермейтіні өкінішті. Егер солардан тым құрыса, 100 теңгеден аударылып тұрса, мен миллионерге айналып кетер ме едім», - деп бір күліп алған еді ақын бірнеше жыл бұрын «Алаш айнасы» басылымына берген сұхбатында.

Ақын ағамыздың талай әні қазақтың жүрегінен орын алған. Әндері тойларда да, концерттер мен мерекелік шараларда да шырқалып жүр. Алайда әндері танымал болғанымен ақынға қарайласқандардың саны аз еді. Үйіне бір барғанымызда қабырғаларының тоз-тозы шыққан бір бөлмелі жұпыны жатақханада тұратынын білдім. Мұның өзіне шүкірлік еткен ақын ағамды көрдім. Ол тірісінде халықтан да, биліктен де көмек сұраған жоқ. Ұлтына тек мынаны айтты:

Алашқа айтар датым...

Қазір қазақ білім де алып, шетелге шығып та жатыр. Бірақ соның «қазағым» дейтіні аз. Ұлттық, елдік намыс деген жетіспейді. Тіл, діл, жер – осы үш нәрсе ғой, мемлекетті, елді ұлтты анықтайтын. Сондықтан менің оларды ойламауым мүмкін емес. Себебі тілім жойылып, сөзім сұйылып, кейінгі ұрпаққа жетпей жатса, ұрпағым өзіме жат боп кетсе, мен не үшін жазамын?!. Мен дегенімде жалғыз өзім емес, жалпы бүгінгі аға буынды меңзеп тұрмын. Расул Гамзатов: «Егер ана тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге бармын», – дейді ғой. Әр қазақтың көкейінде осы ой тұрса, әр адам өз ұлтын солай сүйсе, шіркін! Өкінішке қарай, тіл туралы айтқыштар көп болғанымен, оның шын жанашырлары аз. Тілді түзеуге 10-15 жыл кеңдік беру жөн емес, меніңше, көршілес өзбектер немесе Балтық жағалауы елдері секілді, бірден бетбұрыс жасаған дұрыс. Біз жұмсақтық емес, солқылдақтың танытып жүргенде, өзімізге қатаң үкім шығарып, тілімізден қалай айырылып қалғанымызды байқамай да қалуымыз кәдік! Сондықтан қапы қалмайық!

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Әбдірахман Асылбековтың  туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір