• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 02:58:04
Алматы
+35°

24 Қаңтар, 2019 Сұхбат

Еркін Рақышевтің «Астанаға көктем кеш келеді» киносындағы өмірдің азабын тартса да, сағы сынбаған, жақсылық атаулыдан күдер үзбеген қайсар қыз Назымды қарапайым қазақ жылы қабылдады. Режиссер аманаттаған рөлді өн бойынан өткізіп, әрбір кішкентай клеткасымен сезіне білген актриса Арай Орақбаеваны экраннан көре отырып дүйім жұрт қаршадай қызға жаны ашып, еңкілдеп жылады, жігерін жасытпағанына қуанып, шын сүйсінді. Содан болар, 11 жыл зулап өтіп, келмеске кетсе де, қазақ киносы небір мықты туындылармен толықса да, «Астанаға көктем кеш келедінің» орны көрермен үшін бөлек болып қала берді. Ендеше, "миллион қазақты мың түрлі күйге бөлеген Назым қыз қайда жүр?" деген халықтың көкейінде жүрген сұраққа Арай Орақбаеваның өзі жауап берсін.

–Арай, осы уақытқа дейін ешқандай басылымға сұхбат бермепсіз. «Қамшының» ұсынысын құп көргеніңіз көңіл қуантады. Айтыңызшы, сіз кімсіз, Арай ханым?

–Сұрақтарыңыздың өзі киноның атауына ұқсайды екен. Актрисамын, екі баланың анасымын. Аягөздің топырағына аунап өскен, әжесі мен атасының қызы атанған, қырық үйден тыйым көрген, ешкімнің ала жібін аттамаған, «ұят болады» деген сөзден кәдімгідей сескенетін қазақтың қарапайым қызымын.

–Көшеде көрген әр қазақ сізді бір жерде көрген танысындай қабылдайды. Рас қой? Барлығының есіне Рақышевтің киносы түсе бермейді. 10 жыл аз уақыт емес. Сондықтан да сізді қалың оқырманмен қауыштырғым келеді. Айтыңызшы, балалық шағыңыздың аспаны қалай өтті?

Алаңсыз өтті. Бақыттың балмұздағын сордық, қуаныштың қымызын күнде іштік. Еркеледік. Үйдің үлкені болғаныммен, ата менен әжемнің сөзсіз еркесі болдым. Ал, әкем мен шешемді мойындамай ұзақ жүрдім. Әжемнің қайтқанына біраз жыл болып қалды. Шіркін, балалықтың сырғанағына отырып, төменге қарай заулап, қуаныш кеудеңе сыймастан жарқ-жарқ күлсең ғой. Балалық шақтың аспанын бекер тілге тиек етпепсіз. Біле білсеңіз, «Балалық шағымның аспанындағы» Елбасының алғашқы махаббаты Арай деген қыздың рөлін ойнаған болатынмын. «Қазақ фильмнің» маңынан өтіп бара жатқанда Рүстем Әбдірашев мені байқап қалып, «арнайы осы рөлге бойың, дене тұрпатың келеді» деп рөл ұсынды. Рөлдердің үлкені-кішісі болмайды деп жатады. Рас-ау, «Арайды» көрген сайын балалық шақтың бал дәурені еріксіз еске түседі.

Арай Орақбаева

–Киноға апарар жолыңыз қалай басталды?

Мен шын айтсам, актриса боламын деп ешқашан армандамаппын. Болашағымды заңгерлікпен байланыстырамын деген ой болған. 10-сыныпта оқып жүргенде «Аякөз аруы-2007» атанған болатынмын. Бірінші орынды иемденген соң мені «Қазақстанның миссына» дайындай бастады. Сол кезде  газетте жарияланған фотомды байқап қалып, Алматыдағы «Ана тілі» байқауының ұйымдастырушылары қоңырау шалып, «Ана тілі аруына» қатысуға ұсыныс тастады. Аягөздің атынан бұл байқауға басқа қыз дайындалып жүрген болатын. Бірақ таңдау өз еркімде болды. Ойлана келе, купальникпен емес, қос бұрыммен сахнаға шығуды абырой санап, «Ана тіліне» келісімімді бердім. Бұл Алматыға ат арылтып алғаш келуім болатын. Конкурстың талабы бойынша бүрмелі көйлек іздеп шарқ ұрдым. Ғ.Мүсірепов атындағы театрға жолым түсті. Көйлекті алу үшін театр директорының алдынан өтіп, рұқсат алу қажет болды. Талғат Теменов мені көрген бетте «киноға түсетін қызсың», «Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы бар, соған түс» деп ақыл-кеңесін айтты. Өнер академиясы деген оқу орнының барын білмеппін. Ал, актрисалық арман үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Сөйтіп жүргенде «Ана тілінің» бірінші орыны қанжығама байланды. Былайша айтқанда, бұл байқауға қатыспасам, бәлкім, заңгер атанып, Аягөзде қалар ма едім.

–Жүргеновтің талантты мың баласына айналған бетте өмір қаншалықты өзгерді?

Талғат Теменовтің айтқан ақылын тыңдап, бірден Өнер академиясына барып, жан-жақты ақпарат алуға тырыстым. Сол кездегі ректор Қышқашбаевқа да жолықтым. Ол кісі де маған актерлықты таңдауға кеңес берді. Ол кезде мен 10-сыныпты оқып жүр едім. 11-сыныпты бітірген соң арман қуып, Алматыға келдім. Жүргеновтің «актерлық» бөлімінде оқу бақыты бұйырмады. «Кино және тв продюсері» мамандығын таңдадым. Бірінші курсты оқып жүргенде Әсет Иманғалиев мені кастингке апарды. Еркін Рақышевтің «Астанаға көктем келедісіне» осылайша тап болдым. Ол кезде жасым 18-де болатын. Әрине, өмірім өзгерді. Алматыда жүргенде танымалдылығым онша қатты сезілмеді. Ал, Шымкент жаққа бара қойған едім, аяқ алып жүре алмадым. Он қадам аттаған сайын біреуі танып, «сіз Назымсыз ғой?», «суретке түсейікші» деп қолқа салатын болды. Шынымды айтсам, өзімді танымал актрисамын деп ешқашан сезінген емеспін. Жұрттың бәрі жаныма жиналып, «өмірде тіпті сұлу екенсіз» деп жатқандарын естігенде жапатармағай қашатынмын. Әжесінің тәрбиесін көріп өскен қызға мұның бәрі ерсі көрінді. Мен мәз болудың орнына ұяттан кірерге тесік таппадым. Сондықтан жүрген жерімде көзілдірік тағып алуды әдетке айналдырдым.

– «Астанаға көктем кеш келеді» 2009 жылы көгілдір экраннан жарық көрді. Ол кезде сіз екінші курстасыз. Актерлік шеберліктің сабақтары ары қарай қалай жалғасын тапты?

–Назымды халық осыншама жылы қабылдайды деп ойламадым. Камерада түрім томпақ көрінгендіктен, мен керісінше осы рөлді сомдағанымнан ұялып жүрдім. Тіпті кинодан соң 9 келі арықтадым. Ары қарай неше түрлі ұсыныстар түсті, әр түрлі киноларда бақ сынадым. 2011 жылы ұйымдастырылған Баян Алакөзованың «Қазақ аруында» Аягөздің намысын қорғап, үшінші орын алдым. Байқау барысында «Баян саған бірінші орын бергісі келіп отыр» дегенді де құлағым шалды. Дегенмен үшінші орынға тұрақтадым. Содан соң Баян ханымның тарапынан да ұсыныстар түсті. Алайда мен тұрмысқа шығып кеттім.

Арай Орақбаева

–Баянды емес, «бракты» таңдадым дейсіз ғой?

Әлбетте, бұған ешқашан өкінген емеспін. Баян ханымның продакшыны бір емес, араға жылдар салып, бірнеше рет мені іздеді. Алайда балаға қарап үйде отырғандықтан бас тартудан басқа амалым болмады. Екі баланың қызығына тоймай жүрген бақытты анамын. Жалпы алғанда, жеке өмірімді жұртқа жария қылуды ұнатпайтын жанмын. Тіпті инстаграмда балаларымның бет-келбетін көрсетуден қашамын. Тіл-көзден сескенетін ырымшыл халықпыз ғой.

–Инстаграм бизнестің көзіне айналғаны қашан. Инстаграмнан қашқаныңыз ақшадан қашқаныңыз емес пе? Қалайда киноға түсу керек емес пе?

Инстаграмыма осы уақытқа дейін мән берген емеспін. Мыңнан аса оқырманым бар (aray_orakbaeva-ред.). Соған шүкір дестім. Алайда бұл желінің күш-қуатын, ауқымын жете бағаламаппын. Кастингке барсам болды, режиссер инстаграмыма қарап, баға беруге асығады. Инстаграмда белсенді, әдемі болсам, жарнамаға да, ұсынысқа да қарқ болатынымды түсіндім. Бәрімізге ақша керек қой. Дегенмен жалаңаштанып фотоға түсіп, атақ-даңқ үшін тәрбиеме жат қылықтар мен әрекеттерге баруға түбегейлі қарсымын.

–Бір жыл бұрын Еркін Рақышев медицинаға бет бұрыпты деген жаңалықты естіп қалдық. Сіз болсаңыз, үйдесіз. «Астанаға көктем келедінің» жалғасы шықпай ма, Арайка?

Ондай ой барын Еркін мырза айтқан болатын. Тіпті былтыр бір киноға түсуге шақырды. Кино түсіру басталды да аяқсыз қалды. Сондықтан да айту қиын. Негізі, балаға қарап үйде отырсыз дегенді айтып қалдыңыз. Иә, және оны мақтан тұтатынымды қайталап өткім келеді. Үйде отырсам да бір жылда бірнеше картинаға түсіп үлгеремін. Жақында ғана Ұлттық арнадан тұсауы кесілген «Күй-ғұмыр», «Жетінші бөлімше» хикаяларында бой көрсеттім. Негізі өзім фестивальге арнап түсірілген киноларды жақсы көремін. Биыл марқұм Рымкеш Жұмаділовамен бірге Бекболат Шекеровтің «Шілде» деген картинасына түстім. Құдай қаласа, Пусандағы кинофестивальге жіберіледі. «Айкадағы» Самалдай менің де бағым жанады деп кәміл сенемін.

Арай Орақбаева

–Рөлді қалай таңдайсыз? Қандай рөлді армандайсыз? Рөлге ғашық болмаудың 5 себебін айтыңызшы?

Рөлді таңдауда туындының идеясына, рөлдің ауқымына, гонорар көлеміне, эротикалық сипаттың, тіпті сүйісудің болмауына баса назар аударамын. Кезінде Талғат Теменов мені «Менің күнәлі періштеміне» шақырған болатын. Алайда осы себептерге байланысты бас тарттым. Өз басым қиялға қанат бітіретін, армандауға жол ашатын, жылатқанды жұбататын, құлағанға демеу болатын мотивациялық киноға түскім келеді. Жауындарға, дауылдарға қарамастан мойымаған, мүжілмеген әйелді көрерменге көрсеткім келеді.

Арай Орақбаева

–Бәріміз диванда жатып алып сынауға шеберміз. Сіз енді кино әлемінің бел ортасында жүрген актрисасыз. Айтыңызшы, 10 жылда қазақ киносы қаншалықты дамыды? Актрисаларға қойылатын талап қатайды ма? Қандай кезде «гудбай, қыз-ай» деп ашық айтады?

10 жылдың ішінде қазақ киносы шарықтап дамып кете алды. Бүгінгі таңда отбасымен жиналып көруге болатын кинотуындылар баршылық. Тәлім-тәрбиелік маңызы зор телехикаялар да толып жатыр. Кинотеатрдан шығатын отандық фильмдердің сапасына риза боласың. Бір-ақ минус бар. Ол актрисаларға қойылатын талап. Басты назар талантқа емес, туған жылға түседі. Барлығы уыздай жас қыздарға рөл беріп, аз ақша төлеп, құтылғылары келеді. Актрисалықты оқыған нағыз мамандар кейде шет қалып жатады. Тасада жатқан талантты жарыққа шығару құптарлық іс. Алайда мұның бәрі шын талантты тұсаудан босату үшін жасалып жатыр ма? Голливудта түріңе, бойыңа, дене сымбатыңа шұқшиып қарап бас қатырмайды. Бетіңде безеу, мұрныңда секпіл, қолыңда тату салынғанына қарамайды. Бастысы – сенің ішкі әлемің, мінезің, рухың. Рөлді қаншалықты дөп жеткізе аласың – бұл актрисаға қойылатын басты сұрақ-талап. Сондықтан да кастингке келген актрисаның отбасылы болса он ойланып, баласы бар болса үрке шошудың қажеті жоқ.

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір