• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:21:38
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2019 NEWS

Астана әкімі көп балалы отбасыларды қолдау мәселесін өзі бақыламақ

Соңғы мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Астанада 4 және одан да көпбала тәрбиелеп отырған 10095 отбасы тұрады.

Астанада қала әкімі Бахыт Сұлтановтың төрағалығымен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
 
«Соңғы уақытта аудандық әкімдіктер мен салалық басқармалар азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүргізді.  Нәтижесінде аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы жасалды, әр отбасының портретін түзіп, нақты қажеттіліктері мен проблемаларын көріп отырмыз. Бірінші кезеңде шұғыл түрде азық-түлік, көмір, мектеп керек-жарақтарымен қамтылып, ақпараттық-түсіндіру кеңестері өткізілді.  Демеушілер мен еріктілер аудандар әкімдіктерінің уақытша тұрақтар мен жекеменшік үй құрылыстарында газ талдауыштарын орнату жөніндегі бастамаларын қолдады. Әрбір отбасын қолдау бойынша жеке шаралар жоспары әзірленді», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
 
Азаматтарды қабылдау кезінде көтерілген түйінді мәселелердің бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігі. 
 
«Асқар Кемеңгерұлы, сізге ескі әрі авариялық тұрғын үйлерді бұзу және үлескерлерге көмек көрсету үшін құрылған институттарды біріктіру есебінен қосымша ресурстар іздестіруді тапсырамын (анықтама ретінде: «Елорда Даму» ЖШС – «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен авариялық тұрғын үйлерді бұзу жобасы шеңберінде жобаларды іске асырады, «Елорда құрылыс» ЖШС – проблемалы нысандардың құрылысын аяқтауды ұйымдастырумен айналысады, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысына қатысады). Осы екі бағытты мысалға ала отырып, бюджет қаражатын тауып, шет аймақтарды ескі және апатты үйлерді бұзу бағдарламасына, мүмкін, Астананың шетінде орналасқан қазіргі Қайта жаңарту бағдарламасына қосымша әзірлеу жолымен қосу керек.  Біз аз қамтылған отбасыларды және көмекке аса мұқтаж, оның ішінде көп балалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», – деді әкім.
 
«Сонымен бірге, біз халықтың әлеуметтік осал топтары үшін муниципалдық жалға берілетін тұрғын үйге қолжетімділік мәселесі өткір тұрғанын түсінеміз. Азаматтардың табысы пәтер алуға несие алу үшін жеткіліксіз болғандықтан, біз бүгінгі күні қалалықтардың уақытша тұрақтарда, 15-20 мың теңгеге бөлме жалдап, жатақханалар немесе заңсыз құрылыстарда тұрып жатқанын көріп отырмыз», - деп сөзін жалғастырды.  
 
Әкім «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қиындықтарға тап болған әрбір отбасыға әлеуметтік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырды.  Бұл ретте, ол қалалықтардың төлем қабілеттілігі деңгейін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. 
 
«Малика Ерланқызы, көп балалы отбасы мүшелерін жоғары ақы төленетін жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Біліктілігі  жеткіліксіз болған жағдайда, кейіннен қала үшін маңызды басым бағыттарға жұмысқа орналастыру арқылы біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету қажет.  Сондай-ақ қолда бар ақпараттың негізінде Тұрғын үй сертификаттарын тапсыру мүмкіндігін қоса алып, көмек көрсету үшін ресурстарды жұмылдыру алгоритмін жасауды тапсырамын», – деді Бақыт Сұлтанов.
 
Аудан әкімдеріне әкімдік басқармаларының басшыларымен бірге қала басшысы бұрын жарияланған «Ашық есік апталығы» аясында азаматтармен жеке кездесулерді жалғастыруды тапсырды. 
 
«Көп балалы отбасылар мен басқа да азаматтар айтқан барлық сұраулар мен өтініштерді талдап жедел жүйеге келтіру керек және жұмыс тобының қарауына Үкіметке жолдау қажет», – деп мәлімдеді әкім.
 
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Астанада 4 және одан да көпбала тәрбиелеп отырған 10095 отбасы тұрады.
 
Ұсынған: Гүлім Жақан
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір