• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:52:51
Алматы
+35°

11 Қазан, 2018 Әлеумет

Астана әкімдері және Бақыт Сұлтанов

Осыдан тура бір ай бұрын тағайындалған сегізінші әкім Сұлтанов мырзаның өмірбаянына көз жүгіртсек, әкімдіктерде істеп көрмеген екен.

Елордамыз ерекше мәртебе алып, қалыптасқалы бері оның тарихында көптеген әкімдер қызмет атқарды. Астана қаласының әкімі лауазымы Әділбек Жақсыбеков 1997 жылдың желтоқсан айынан қызметке кіріскен кезінен ресми пайда болды. Дәл сол уақытта Алматыдан Ұлы көш қозғалып, Сарыарқаға келіп қоныс теуіп жатқан кезі болғаны бәріміздің есімізде. Ол кезде Алматыдан көшіп келген шенеуніктер суық үйлерде тоңып, бір қиналса, енді кейбіреулері мұнда Алматыдағыдай дұрыс тамақ ішетін жер жоқ екен десіп жүрді. Әлі астаналық инфраструктура қалыптаспаған қаланың өмірін дұрыс жолға қою Әділбек Рыскелдіұлы үшін аса бір үлкен сынақ болды. Бірақ ол бұл жұмысты жақсы атқара білді және Елбасының көңілінен шықты. Оған дәлел, оның кейін әр жылдары министр, Мемлекеттік хатшы және Президент әкімшілігінің басшысы сияқты жауапты да жоғары қызметтерде болғаны. Сонымен қатар Жақсыбеков мырзаның 2014-2016 жылдары да қаланы қайта басқарған кезі болғанын естеріңізге сала кеткіміз келеді.

2004 пен 2006 жылдары әкім болған Өмірзақ Шүкеев те өз деңгейінде қаланың коммуналдық-шаруашылық қызметін ақсатпай жақсы қызмет атқара білді. Өйткені оған дейін Өмірзақ Естайұлы 1998 жылдан бастап аттай 6 жыл Қостанай облысының әкімдігін басқарып, әкім ретінде мықты тәжірибесі қалыптасқан болатын.

Екі жылға (2006-2008) жетер-жетпес қала басшысы болған Асқар Мамин да бұған дейін қала әкімінің орынбасары болып қызмет атқарғаны оның әкім ретінде жұмыс істеуіне көп септігін тигізген еді. Қалай дегенмен де 1996-2000 жылдар аралығында Астана қаласы әлі қалыптасып үлгермеген кезде қиындықтар көп болғаны бәсенеден белгілі. Сол кездерде жұмыс істеген Асқар Ұзақбайұлы да әкім ретінде көп жұмыстың мәнісін түсіне білді және сәтті жұмыс істей білді.

Ал, енді 2008 және 2014 жылдар аралығында жұмыс істеген Иманғали Тасмағамбетов туралы әңгіме мүлдем бөлек десек болады. Бұл әкімнің кезінде қаланың жолдары мен аулалары жаңаша рең алып, мықты өзгерді. Көптеген үлкен кешендер салынып, Елорда үлкейіп кеңіді. Онымен қоймай халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтатын Иманғали ағамыздың түнгі уақытта автомашине рөліне өзі отырып алып, қаланы аралап, нысандарды тексеруі қала дамуына ерекше серпіліс берген еді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммиті абыроймен өткізілсе, 2011 жылы болған VII қысқы Азиада ойындары есімізде жақсы жақтарымен қалды.

ҚР Президенті әкімшілігінің қазіргі басшысы Әсет Исекешевтің өмірбаянына үңілсек, оның еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастағанын көруге болады. Қала әкімі болып тұрған кезінде халыққа жақын болуды мақсат тұтты. Әлеуметтік желілерде өте белсенді болды. Қала әкімдігі тарапына айтылған сындарға дер кезінде жауап беруге тырысып отырды. Және көптеген жағдайда мәселелер оң шешіліп те отырды. Сонымен қатар, 2017 жылғы өткен EXPO Халықаралық көрмеcінің сәтті өтуі осы әкім кезінде жүзеге асты.

Осыдан тура бір ай бұрын тағайындалған жетінші әкім Сұлтанов мырзаның өмірбаянына көз жүгіртсек, әкімдіктерде істеп көрмеген екен. Яғни, оның қаншалықты «шаруақор» екендігі әзірге белгісіз. Егер де біздің кейіпкеріміз бұрындары қаланың коммуналдық–шаруашылық немесе қаржы-экономикалық өміріне қатысты қызметтер атқарған болса мұндай әңгіме қозғамас едік. Тым болмағанда кез-келген облыстық немесе республикалық қала әкімдіктерінде жұмыс істесе, қазіргі лауазымына жарасымды болып тұрар еді.

Өткен жұмада болған Жолдау кезінде Б.Сұлтанов мырзаның аты мақталып та, датталып та аталмады. Үкімет мүшесі болып тұрғанда Елбасынан бірнеше ескерту алғаны бар болатын.

Әзірге әкіміміздің бар айтқаны, Ә.Исекешев бастаған жұмыстарды жалғастырамын дегені. Сонымен қатар қала көшесінде болып жатқан жәрмеңкеге келіп, алма сатып алу сияқты өзіне арзан пиар жасағанын есепке алмасақ, Б.Сұлтановтың өзін мықты көрсетуге әлі мүмкіндіктер өте көп.

 

Ол үшін күн тәртібінде тұрған төмендегі мәселелерді шешіп тастаса, мынандай әкімнен айналмадық па деп тамсанар едік. Тіпті шаң жуытпай қорғаштар едік. Сонымен, қазіргі таңдағы Астананың проблемалары қандай десек, ол мыналар:

  1. Тұрғын үй шаруашылығы проблемалары. Яғни халық арасында «КСК» деп аталып кеткен мекемелер жұмысы көңіл көншітетіндей деңгейде емес. Әр кооператив өзінше жеке «хандық» сияқты саясат жүргізеді және жұмыс істейді. Көбіне-көп тұрғындардың пікірімен санасу әлі де жоқ. Егер олардың жұмысы дөңгеленіп жүріп жатса, әрине, мұндай сынамас едік. Одан бөлек оқтын-оқтын судың тоқтап немесе электр жарығының өшіп қалуы, жылудың дұрыс берілмеуі, үйлердің шатыры мен төбелерінен су тамшылауы және тағы басқадай жағдайларды айтсақ болады.
  2. Қала көшелерін абаттандыру мен жинау. Жаз болса, көшелер суға толып, қайықпен жүземіз де, қыс түссе омбы қарға батып жататынымыз бар. Әсіресе боранды күндері қарапайым адамдарға жүріп-тұру қиынға соғады. Әлбетте, қаланың сол жағалауындағы орталық көшелер қардан жақсы тазартылатын болар, бірақ оң жағалау туралы бұлайша айта алмаймыз. Ескі қала жақта ауылдағы көшелердің жағдайынан нашар жерлерді кездестіруге болады. Ол жерлерде қоқыс пен күлдің айлап-жылдап үйіліп  жата беруі, арықтардың сол қоқысқа толып бітеліп қалуы сияқты антисанитариялық жағдайлар белең алған.
  3. Көптеген құрылысы тоқтап қалған көп қабатты үйлердің жағдайы сол сірескен қалпында тұр. Былтырдан бастап қала әкімдігі мен қалалық прокуратура бұл мәселені қолға алған да болатын. Бірақ әлі де серпіліс керек сияқты. Алдыңғы әкімдер қанша жерден тырысқанмен де шешуі қиын күрмеу болып тұр.
  4. Қалалық көлік пен автотұрақ мәселесі. Бұрынғыға қарағанда жақсарғанмен, әлі көңілден толық шығатын деңгейде емес. Толыққанды жақсы жүретін 2-3 маршрут болмаса, көптеген автобустар өте сирек жүреді. Қыстың аязында тоңып қалмас үшін жасалған жабық аялдамалар өте аз. Кейбір маршруттарда әлі де ескі автобустар қатынап жүр. Автотұрақтардың көпшілігі қазір ақылы болып жатыр. Халық оған да қарсы емес. Бірақ діттеген жеріңізге уақытында жеткеніңізбен, көлігіңізді қоятын орын таппай Министрліктер үйі, Бәйтерек, ҚазМұнайгаз сияқты ғимараттарды 10-20 рет айналып қалатын кездер болады.
  5. Мектептер мен балабақшалар жағдайы. Жаңадан салынып жатқан үйлердің маңайында мектептер жоқ. Балалар алысқа қатынап оқиды. Бұл әсіресе қыстың күні қиынның қиыны екені түсінікті жағдай. Ал, балабақша мәселесінде орын алу мүмкін емес деп жылап жүрген ата-аналар өте көп. Тіпті, баласы 6 жасқа толып, мектепке баратын кезде балабақшаға жолдама алған ананың неге бұлай мазақ қылады деп жылап отырған сәттерін де көрдік.
  6. Экология мәселелері. Қыстың күндері аязда көмір көп жағылса, Елорда аспанын көк түтін торлап тұрып алатыны бар. Оны эколог мамандар шырылдап айтып та жүр. Өткен жылы ғана жасыл энергия деп жер жаһанға айқайлап өткізген көрмемізден қандай нәтиже көріп отырмыз? Экологияның тағы бір мәселесі ол қалада ағаштардың өте аздығы. Сол жағалауда отырғызылған ағаштар дұрыс күтім көрмегеннен тез өліп қалып жатады. Әйтеуір есеп үшін отырғыза ма әлде басқадай себебі бар ма бас қаламыз әлі көгермей-ақ қойды.
  7. Қаладағы бұқаралық спорттың жағдайы. Құдайға шүкір, Елорданың төрінде халықаралық стандарттарға сай көптеген спорт нысандары салып жатыр. Онда түрлі деңгейдегі жарыстар да өтуде. Бірақ көбіне-көп сол нысандар қаңырап босқа тұратын сияқты. Сол себепті, сол нысандарда қала тұрғындары, әсіресе мектеп оқушылары үшін, бағасы тегін болмаса да жақсылап арзандатылған спорт үйірмелері жұмыс істесе. Күнкөріс деңгейі орта немесе ортадан төмен отбасылар Астанада жетіп артылатындықтан, осындай жақсы жағдайлар көптеп жасалса, балалардың спорт пен дене шынықтыруға деген құмарлықтары артып, болашақта чемпиондарымыз көп болар еді. Спорт пен салауатты өмір салтына қатысты тағы бір мәселе ол қала көшелерінде веложолақтарды көбейту. Сол жағалаудағы үлкен көшелер болмаса, ондай жолдарды көзіңіз шалмайды. Бұрынғы әкім бұл жағынан жақсы іс бастап кеткендігін айта кеткен абзал. Ендігі кезек жаңа әкімде.

Елбасының қала басшысына берген тапсырмалары өз алдына жеке бір әңгіме болғандықтан оны келесі жолға қалдырамыз. Ал, дәл қазіргі жағдайда Б.Сұлтанов мырзаның біз жоғарыда айтып өткен өткір мәселелерді шешуі екіжақты тиімді болып халық пен қала билігі арасына алтын көпір орнауына жақсы кепіл бола алар еді. Заман талабына сай қазір халықпен жақындасудың ең оңтайлы амалы ол әлеуметтік желілерде тұрғындармен байланыс орнату. Фейсбук немесе басқа әлеуметтік желілерді шолып өтсеңіз, әкім мырзаның белсенділігі әлі байқала қоймайды. Бір жағынан әкімге түсіністікпен қарау керек те болар, мүмкін ол әлі алдағы жұмыстарды жоспарлап немесе команда жасақтау мәселесімен айналысып жатқан болар?!

«Караван» газеті  Бақыт Сұлтанов мөлшермен 3 жылдай әкім болады деп долбар жасаған екен. Бірақ оның қызметінің ұзақтығы қалай өзін-өзі көрсете алуымен және қала халқымен тікелей қалай тіл табысатындығында болатындығын әр кез ұмытпауымыз керек сияқты.

Серікқазы Көкенай

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір