• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:43:47
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019

Арман Жиеналиев, жас әнші: Әншілер көбіне плагиат арқылы халыққа танылып жатады

Менің кумирім – Мейрамбек Беспаев және Құрмаш Маханов. Осы кісілермен дуэт айтқым келеді.

Биылғы 2019 жастар жылына орай Ақтөбе қаласының жас, дарынды әншісі Арман Жиеналиевпен Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сұхбаттасқан болатын.

–Көбіне халық сіздің әндеріңізді білгенмен, түріңізді танымай жатады? Не себепті?

–Негізі жұрт менің халық әндерімді біледі. Ал өзім, иә, танымал емеспін. Халыққа кең тараған 20 шақты авторлық әнім де бар. Бейнебаяндарым да көп емес. Алла қаласа, жақын арада Ташкентке барып «Сүйіп қалдым», «Биле, мадам» сияқты әндерге бейнебаян түсіріп, республикалық арналардан тарату жоспарымда бар. Енді міне, республика көлемінде танылуға жоспар жасап жатырмын.

–Алматы – өнер ордасы. Алматыға келу жоспарыңызда жоқ па?

–Әрине,  өнердің қайнаған мекені – Алматы дер едім. Қазір өзімнің туып-өскен мекенім Ақтөбедемін. Он жылдың көлемі болды, Алматыға ән жаздыруға, әртүрлі түсірілімдерге, бейнебаян түсіруге келіп тұрамын. Бірақ бармақтай бақ керек. Құдай қаласа, өнер ордасына қоныс аудару ойда бар.

–Әндеріңізді қалай таңдайсыз, әніне мән бересіз бе, әлде сөзіне ме?

–Мен әніне де, сөзіне де, өңдеуіне, аранжировкасына да үлкен мән беремін. Әннің стилін таңдау барысында да өзімнің ойымды үнемі білдіріп отырамын. Менің музыкалық білімім бар. Сондықтан, композиторлармен де жиі ақылдасып, ән жазу барысында үнемі біргемін десем де болады. Гармония, нота, теория деген жағын жақсы білемін. Әннің хит болуы үлкен музыкалық сауаттылықты қажет етеді.

–«Биле, мадам» деген әніңіз плагиат па?

–Ия, әншілер көбіне аударма әнін айтып тез танылып жатады. Мен де ойлана келе плагиатқа жолықтым. Ютуб желісін қарай отыра, «Биле, мадам» әнін өз қоржыныма қосып алдым.

–Үлкен өнерге қадам басуыңыздағы басты мақсат не?

–«Өнерге бір күнде келген жоқпыз, және бір күнге келген жоқпыз» демекші, менің музыкалық білімім бар. Осы салада оқыдым, тоқыдым. Өнер менің ата-анамның қанымен дарыған. Әншілікке көшеден, немесе басқа саладан жүріп қосылған жоқпын. Үлкен конкурстарға қатыстым. Киелі Ақтөбе жерінен тағы бір дарынды бала қанат қағып, қазақ эстрадасына тамшыдай болса да үлесін қосса деген арманым бар.

–Қазақ эстрадасында кіммен дуэт айтқыңыз келеді?

–Менің кумирім – Мейрамбек Беспаев және Құрмаш Маханов. Осы кісілермен дуэт айтқым келеді. Ал апайларымыздан Мақпал Жүнісова, Қарақат Әбілдинамен қосылып ән шырқағым келеді.

–Облыс аумағынан әншілерге қандай қолдау көрсетіледі?

–Қазір менің тұрып жатқан жерім – Ақтөбе қаласы. Облыстық мәдениеттен ешқандай көмек көрсетілмейді. Олардың аузымызға нан, қалтамызға ақша салып жатқан ешнәрсесі жоқ. Арасында концерттерге ғана шақырып тұрады. Барлық жетістік маңдай терімізбен келеді. Концерттен, тойдан тапқан табысымызды артық туфли, артық кастюм кимесек те, клип пен ән жаздыруға жұмсаймыз. Өзіміздің еңбегімізбен жүрген жайымыз бар дәл қазір.

Сұхбаттасқан: Әсем Мерекеқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір