• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:08:45
Алматы
+35°

14 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Арақ құйып көрге сүйрегенше, қымыз ұсынып төрге сүйре!

Келген қонағыңа арақ құйып көрге сүйрегенше, қымыз ұсынып төрге сүйре, шапан жап, сөйтіп алғысқа бөлен!

Қазақ деген халықтың қонақжайлылығын, мейірбандығын, көңілінің ашықтығын айта бергің келеді ғой, шіркін! Шаңырағына келген қонағын құдайындай сыйлаған халық. Қашан да бар тəттісін алдына қойып, сый-құрметтің ең биігіне бөлеген. Ал бүгінгі таңда қонағымызға сый-құрмет көрсетіп жүрміз бе?

Өкінішке қарай, Совет үкіметі заманында өскен ағаларымыз бен əпкелеріміздің көбі дерлік "өзгені сыйлау" дегенді "арақ құю" деген тіркеспен синоним етіп алған. Үйіне кім келмесін, қазысынан бұрын арағы дайын тұратын қаншама отбасын көрдім. Əлгісін шығармаса, құймаса, сені адам құрлы көрмей тұр деген түсінік қалыптасып кеткен ғой. Үйіне қонақтап барған туысы, досы да сол бір ащы сусыннан дəметіп тұрады екен. Сол арқылы өзінің сол отбасы үшін қаншалықты сыйлы екенін біле алады. Кез келген үйдің сөресінде спирттік сусын болуы тиіс, əйтпесе, қандай туған күн, қандай мейрам, қандай кеш? Онсыз дұрыс қызбайды екенсің, ал қызбасаң, кештің сəні кірмейді-мыс. 

Айналайын, ағатайларым, əпкелерім! Арақтың денсаулыққа зиян екенін айтпасам да, түсінетіндеріңізге шүбəм жоқ. Бұл - бір. Бүгінгі таңда адамның бəрі оқыған, сауаты бар, түсінеді. Алланың да барын, оның парыздарын, қандай асты халал-харам етіп ара-жігін ашып қойған. Бұл - екі. Сол ащы сусынды ішіп алып, бір-біріне айтқан тілектері ше?! "Осы айтылған тілектер періштенің, Алланың құлағына шалынсын!" деп қояды естерін білмей. Арақ ішілген шаңыраққа періштеңіз көз қырын да салмайтын шығар, құлақ түрмек түгілі...

Қаншама азап, бəле-жала сол бір арақтың кесірінен болып жатты. Кей жандардың өмірін жалмады (өзім куə), кей отбасының шырқын бұзды, нағыз берекесіздіктің бастауы да сол ащы сусыннан. Бір өкініштісі, соның бəрін олар жақсы біледі, бірақ қабылдай алмайды немесе мойындағылары келмейді...

Басқа да себептері бар шығар, кім білсін! Не де болса, ес жиятын кез-келді. Қымызын ішіп, қой бағып жүрген қазақтың санасын арақпен улаған Кеңес үкіметінің саясатына тоқтау салу керек. 

Келген қонағыңа арақ құйып көрге сүйрегенше, қымыз ұсынып төрге сүйре, шапан жап, сөйтіп алғысқа бөлен! Міне, нағыз сыйлағанның "көкесі"!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір