• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 12:40:08
Алматы
+35°

04 Наурыз, 2019 Аймақтар

Аралды зерттеп, Нобель сыйлығын көксеген қай елдің ғалымдары?

Тек қана Ресей ғалымдары емес, Аралды зерттеу Өзбекстан ғалымдарының да қызығушылығын тудырып отыр.

Көрші Ресей ғалымдары бірнеше жылдан бері «Қазақстандағы Аралды құтқару керектігін» жиі айтып жүр. Ресейдің  Зоология институтының профессоры Николай Аладин Аралды қалпына келтіру талай мәселені шешетінін жиі алға тартады. Мысалы, 2017-2018 жылдары Аладин мырза «Мен Аралды құтқарамын, сол үшін маған Нобель сыйлығы берілетін болады» деп жалпақ жұртқа жар салып назарымызды бір аударып қойған еді. Жалпы, Аралды құтқару жайы тоқсаныншы жылдардан бері жүзеге асырылып келеді. Теңізді құтқару үшін осы уақытқа дейін ұзын-саны 72 жоба қолға алыныпты. Өкінішке қарай, олардың барлығы Арал суының көтерілуіне ықпал ете алмады.

Тек қана Ресей ғалымдары емес, Аралды зерттеу Өзбекстан ғалымдарының да қызығушылығын тудырып отыр. 2018 жылы Өзбекстан мен Қазақстан ғалымдары Аралды зерттеу үшін бес жылға арналған бағдарлама қабылдаған болатын.

Арал теңізі осыдан жарты ғасыр бұрын әлемдегі көлемі жағынан ең ірі төрттіктің қатарында болған еді. Ал қазір теңіз Орта Азиядағы экологиялыққа аймаққа айналды.

Жалпы, Аралды қалпына келтіруге қатысты еліміздің мамандары түйіп отырған ойға жүгінсек, теңіз суының құрамында сирек кездесетін металдар мен химиялық элементтер мол болған. Бұған қатысты химия ғылымының докторы Қорлан Абсалықованың айтуынша, бірінші кезекте Арал суының құрамында йод ресурсы тұнып тұрғанын ұмытпағанымыз жөн.

«Қазір теңіз суының құрамында тұз ашық жатыр. Міне, осы ашық жатқан тұздың ауаға таралуы алаңдатуы тиіс. Білесіздер, Қазақстанда йод тапшылығы белең алып тұр. Осы тапшылықты ғылыми технологияға жүгіне отырып,  Аралдағы табиғи байлық арқылы жоюға болады. Ол үшін Аралдағы йод ресурсын толық зерттеуге қол жеткізуіміз қажет. Біз үшін қазір Аралдың Солтүстік бөлігін зерттеу маңызды. Біріншіден, Аралдың Солтүстік бөлігі Қазақстанның территориясында. Солтүстік Аралда су көтеріліп, біртіндеп тіршілік жанданып келеді. Онда балық та бар, теңіздің суы да көтеріліп келеді. Ал Оңтүстікте тіршілік байқалмайды. 

Негізі  Арал суының құрамында көптеген сирек кездесетін металдар кездеседі. Жасыратыны жоқ, елдегі қаншама жер асты сулары болсын, теңіз сулары болсын толық зерттелмей жатыр. Біздегі су көздерінде судан алынатын рудалар көп. Әлемдік нарықта судан алынатын рудалардың құны алтыннан да, мұнайдан да қымбат. Қазір Қытай елі осы саланы әбден меңгеріп, су рудаларын сатуда алға озып тұр. Осыған қарап қынжыласың.

Бір ғана Аралды толық зерттей алмауымыз өкінішті. Біз болашақта Аралды сортаңға айналдырмай табысқа кенеліп, өзіндік бренд жинаймыз десек, осы саланы зерттейтін ғалымдарға қолдау көрсетілуі керек. Қуатты технологияны ғылымға жұмылдыру қажет. Әсіресе Арал мәселесі қуатты технологияны қажет етіп отыр. Ертең біз қамданбасақ, Ресей, Өзбекстан ғалымдары, Қытайдың оқымыстылары Аралды зерттеуге құлшынып-ақ отыр. Сондықтан, бұл арада Қазақстанның үлесі басым екенін өзгелер білуі керек» - дейді химия ғылымының докторы, Қорлан Абсалықова.

Ғалымдар болашақта теңіз суын зерттеуде нанотехнологияға жүгінудің маңызды екенін алға тартады.  Бұл ретте, ғалымдар бүгінде жер бетіндегі темір рудасы таусылуға таяу екендігін, 40-50 жылдан кейін темір тапшылығы орын алатынын алға тартады. Осы тұста темірдің орнын алмастыратын композиттік материалдар судан алына бастайтынын айтып отыр.

«2012 жылы Вьетнам компаниялары біздің Арал теңізінен мұнай іздеу үшін барлау жұмыстарын жүргізгісі келетіндерін мәлім етті. Ресми түрде біздің билік тарапынан бұған рұқсат та берілді. Рас, Аралды бұрынғы қалпына келтіре алмаймыз. Аралда қазір басқаша өмір. Теңіздің тартылған жағында өсімдіктердің өздігімен өсу процесі жүріп жатыр. Сексеуіл, өзге де ағаштардың өздігінен өсуі жердің астында әлі де су бар екенін көрсетеді. Сондықтан, Аралды зерттеуді тоқтатпау керек. Соңғы бес жылда Аралды Қазір көптеген елдер теңіз суынан құрылыс орындарына қажетті базальт деген зат алып жатыр. Бұл материал өте жоғары температураға шыдамды және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Тығыздығы жағынан алмазбен деңгейлес. Алмаздың тығыздығы шартты есептік көрсеткіш бойынша 10 болса, базальттікі 9,8 пайыз құрайды. Осыдан-ақ оның берік материал екенін байқаймыз. Соңғы кездері Жапонияда, Қытайда, Кореяда ірі бетон конструкцияларын жасайтын құрылыс компаниялары панельдердің арасына базальттан жасалған арматураларды сала бастады. Өйткені базальттан жасалған арматура қолданылған панельдер жер сілкінісіне төзімді болады екен. Міне, біздегі теңіз суларының құрамында рудадан бөлек осындай құнды материалдар бар. Мұны білгендіктен де Ресейдің ғалымдары және тағы басқа елдердің мамандары біздегі су көздерін зерттегілері келеді»,-дейді гидрогелог маман Ғазиза Түсіпова.

Мамандардың пайымдауынша, біз үшін теңіз суларын зерттеу, жер асты суларын ғылыми зерттеу салалары нақты технологиялық жаңаруға бейімделуі қажет. «Алдағы он жылда Қазақстандағы теңіз суларын, жер асты суларын зертетуде нақты жетістікке қол жеткізіп, ондағы алынған бағалы заттарды экспортқа шығара алсақ бұл біз үшін бедел. Қазір ғылымның қуаты барлығына жетеді. Демек, бізге осы саладағы ғалымдарға жағдай жасалынуы керек. Аралды ғана емес, Балқашты, Зайсан көлін, Ертісті зертету үшін арнайы зертханалар ашылып, суларымыздың құрамында сирек кездесетін металлдар анықталуы тиіс. Өйткені қазір судың да сұрауы артататын заман келе жатыр»,- дейді гидрогеолог Ғазиза Түсіпова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір