• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:12:07
Алматы
+35°

02 Қазан, 2018 Спорт

"Ақтөбе" сатылады

Ең бастысы, үміткерлер алғашқы жарна ретінде 15 млн теңге төлеуі тиіс. Тендер қорытындысы 9-қазанда белгілі болады.

«Ақтөбе» сатылады. Бастапқы құны 100 млн теңге. Ойыншыларының алдында қарызға белшесінен батқан футбол клубын жергілікті билік осылайша  тендерге шығарып отыр. «Егер ешкім қызығушылық танытпаса,  ел чемпионатының бес дүркін жеңімпазы  көз алдымызда  банкрот болып, құрдымға кетуі ғажап емес деп мыңдаған жанкүйер алаңдаулы.  Ақтөбенің футболын шатқаяқтатқан кімдер?  Еңсесін енді тіктеп келе жатқан клубтың топжаруына не кедергі? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
 
«Ақтөбенің» сатылатыны туралы ресми ақпарат қаржы министрлігінің сайтына шыққалы жанкүйерлерде маза жоқ. Онсыз да мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған клубты сенімгерлік басқаруға берсе, болашағы не болмақ деген сауал сан адамның көкейінде тұр. Солардың бірі - Берекет Шаймағамбетов. Жас жігіт жанкүйерлердің «13 сектор» тобының белді мүшесі. 

«Қожайынның табылу-табылмауын уақыт көрсете жатар. Бірақ, менің ойымша, оған сенім аз. Егер алған жағдайда ол жақсы болады. Өйткені, бір қалтадан шығады да оның барлығы. Сұрауы болады. Жекеменшік біреу сатып алатын болса, ашықтық пайда болады. Бюджеттен бөлінген ақша қалай жұмсалып жатыр, қайда кетіп жатыр дегендей» - дейді жанкүйер Берекет Шаймағамбетов.

Шенеуніктер жанкүйерлердің алаңдауына негіз жоқ деп сабырға шақырғанымен, клубқа ешкім қызығушылық танытпаса, банкрот бола ма, болмай ма ол туралы нақты ештеңе демеді. Ең бастысы, клубты сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсынысқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың еш қатысы жоқ екенін ескертеміз деумен болды. 

«Желіде бізде қаптап шығып жатқан  облыс әкімінің тарапынан осындай -осындай болу  керек, сол кісінің шешімі деген лақап  ақпараттың  бәрі дұрыс емес.  Бұл жердегі  жекешелендірудің бәрі үкіметтің  шешімімен жасалып, ережеге қосылып, біз сол үкіметтің тапсырмасын орындау үшін жасалып жатқан шаруалар» - дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова.  

Енді талаптарға келсек. Жаңа қожайын 7 жылдан кейін ғана  клубты толықтай өз басқаруына ала алады. Одан бөлек тендер шарттарының бірі -  жаңа қожайын Ақтөбе қаласы мен аудандардағы балалар футболын дамытуы да қажет. Ең бастысы - сенімгерлік басқару мерзімінде басқарушыны тағайындау мен орнынан босату Ақтөбе облысының қаржы басқармасымен ақылдаса іске асуы тиіс. Қазіргі таңда қордаланып қалған қарызына қарап, клубқа «құда түсетіндер» болар ма екен деген сұрақ туындайды. Ал клубтың экс-директоры, басы дауға қалған  Дмитрий Васильев болса, кез келген адамның тендерлік байқауға қатысып, оп-оңай жеңімпаз атанатынына күмәнмен қарап отыр.

«Мен заңгер ретінде клубты сенімгерлік басқаруға беру күмәнділеу деп санаймын. Әрі заңсыз. Неге? Өйткені,  Заңға сәйкес, жекешелендірудің екі жолы бар - саудалау, иә, болмаса тікелей сату. 94-баптың екінші тармағында Мемлекеттік мүлікті сатуға тікелей алып келмейтін, бірақ  оның кейіннен сатылуын көздейтін іс-әрекеттер  жекешелендірудің  түрлері ретінде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретінде қарастырылады делінген» - дейді «Ақтөбе» ФК-ның бұрынғы директоры Дмитрий Васильев.

Қазір клубқа кімдер қызығушылық танытып отырғаны  жұмбақ. Ең бастысы, үміткерлер алғашқы жарна ретінде 15 млн теңге төлеуі тиіс. Тендер қорытындысы 9-қазанда белгілі болады. 

Ақтөбенің сапында болып, осы алаңда доп тепкен 5 ойыншыға 213 млн теңге жалақыны артық төледік деген қаржы басқармасы олардың үстінен сотқа шағымданған болатын. Алайда, неге екені белгісіз соңғы сәтте талап арызды қайтып алыпты.
«Талап арыздар қайтып алынды. Себебі, қазір айтып тұрмын ғой,  келіссөздер жүргізіледі әрбір спортшымен және де Қазақстан футбол федерациясымен келіссөздер жүргізіліп, оң шешімін табады» - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Осылайша, облыс спортына жауапты мамандар клубтың қарызы бойынша мәселені шешіп жатырмыз деп сендірді. Ал 2018 жылға бірде-бір берешегі жоқ екен. Бұған дейін жиналып қалған қарыздардың бәрі  сол кезде заңнамаға сай жасалмаған әрекеттердің кесірі деп отыр. Ал оның сұрауы кімнен болмақ, ол сауал сол күйі басы ашық қалды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір