• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:57:19
Алматы
+35°

11 Мамыр, 2018

Ақорданың ішін безендірген суретшінің "Еңбек кітапшасы" да жоқ

Астанада 14 жыл бойы сурет салумен ғана айналысып, тек сол өнерінің арқасында көптен қалмай, көшке ілесіп келе жатқан бір еңбекқор жігіт бар.

Астанада 14 жыл бойы сурет салумен ғана айналысып, тек сол өнерінің арқасында көптен қалмай, көшке ілесіп келе жатқан бір еңбекқор жігіт бар. Ол – 1982 жылы дүниеге келген, Торғай өңірінің тума таланты Естай Сейдахметов.

«Еңбек еткен ер көгерер» десек, «Еңбек кітапшасынсыз» да ел қатарлы өмір сүруге болады екен. Мысалы, қылқалам ұшында қырық құбылған бояу арқылы көркем сурет өнерінің барлық жанрын еркін меңгерген Естайдың әрбір картинасының құны бүгінде миллион теңгеге дейін шарықтап тұр. Тапсырыспен салынған суреттерінің өзі көлемі мен тақырыбына қарай бағаланғанмен, бәрібір де 100 мың теңгеден кем түспейді.

суретші

Сиқырлы бояудың сырын ұққан бұл мықшеге маманымыз ешқандай бюджеттік мекемеде жұмыс істеп көрмеген.

– Әбден көркем сурет саласына ғана ден қойып, мамандығым бойынша соған кәсіби тұрғыда машықтанып алғандықтан, мен бейбақ «Еңбек кітапшасы» дегеннің не екенін де білмеймін ғой, – деп күліп қояды өзі. Осы бір маңдай тер, мықты машығының арқасында баспаналы болып, жаңа маркалы «темір тұлпарды» тізгіндеп жүрген жайы бар қазір. Үйлену тойының шығынын да өзі көтерген. Тәуір жұмыстың жемісін жеп, тәуелсіз тірлік кешіп жатқаны сүйсінтпей қоймайды.

– Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының көркем сурет және графика факультетінде оқып жүрген бозбала шағымызда алғашқы ұстазымыз болған Құрышбек Жарасқан, Марат Бералиев, тағы басқа да жергілікті суретшілер бізге қиын жанрларды меңгертіп, адал еңбекке жандарын сала баулыды. Оқу бітіргеннен кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Сосын «екі қолға – бір күрек» іздеп, Қазақстан Суретшілер одағының Астана филиалына ат басын тіредім. Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысында орналасқан шағын ғана ғимаратта сол кездегі филиал төрағасы Сембіғали Смағұлов ағамыздың қасында жүріп, шыңдала түсуіме тура келді. Негізінде Сембіғали Абзалбекұлы – менің көп нәрсеге көзімді ашқан рухани ұстазым, – дейді Естай.

Шынымен де Секеңнің сеніміне селкеу түсірмеуге тырысқан жас талап Астана суретшілері ұстаханасының көрігінде ысылды. Рухани ұстазы оны отқа да, суға да салды. Сөйтіп, күрделі мамандықтың ыстығы мен суығына қатарынан төзе білуге бейімдеді. Соның арқасында қазір өзі де шәкірт тәрбиелейтін шамаға жетіп отыр.

– Астанадағы кейбір ұлттық мүсіндерде де менің қолтаңбам бар. Өзгесін былай қоя тұрғанның өзінде, Республика-Қабанбай батыр даңғылдарының түйісер тұсында тұрған «Томирис» мүсінінің бөлшек құрылысын Алматыда жасап, Астанада құрастырдық. Ал «Қазақ елі» монументінің шағын нұсқасын үйлестіру кезінде көзіме желім тамып кетіп, ауруханадан бір-ақ шыққанмын. Әйтеуір, көзім ағып кетуден аман қалды. Одан бұрын Ақорданың ішін безендіруге де ептеп атсалысқанымды біреу білсе, біреу білмес. Жыл сайын қыста елордамыздың сәніне сән қосып тұратын мұз қалашықтары мен мұзды мүсіндердің міндетті түрде біздің қолдан өтетіні – мен үшін мақтаныш, астаналық әріптестерім үшін де абырой...

Сөзін осылай сабақтап, өзін жан-жақты қырынан таныта бастаған «Еңбек кітапшасынсыз» еңбекқорға «Зейнетке шығатын жасыңда өкініп қалмайсың ба?» деген сауалды да қойып көрдік. Иығын қиқаң еткізді.

– Өкінбейтін шығармын. Сүйікті кәсібінің арқасында танылып, елге пайдалы еңбек еткен ерлердің «әттеген-айға» ерік беріп жүргенін естімеппін. Керек десең, баяғы заманда ата-бабаларымыз елеулі әс-әрекеттерін «Еңбек кітапшасымен» өлшемей-ақ, зейнетақысыз өмірден озып жатты ғой. Әрі-беріден соң, менің зейнет жасына жететініме кім кепілдік бере алады?.. Әйелім, балам, үйім, көлігім бар. Одан артық дүниеде шаруам шамалы, – дейді.

Естай

Бір есеппен, бұнысы да дұрыс сияқты. Әйтпесе, таңнан кешке дейін тыртыңдап, басшы-қосшылардың қас-қабағына қарай жұмыс істеп үйренген бюджеттік мекеме өкілдерінің жетісіп жүргені сирек. Әлі күнге дейін құрқылтайдың ұясындай бір баспанаға зар болып, пәтерақыдан артылған ақшасын күнделікті жолақы мен тамағына ғана шым-шымдап жұмсап жүргендері басым. Осындайда күнкөрістің кілтін таба білген Естай сынды есті қазақтардың барына да тәубә дейсің. Өзге жұрттан неміз кем?!.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір