• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:38:11
Алматы
+35°

10 Ақпан, 2018 Әдебиет

Анадолыға жеткен Тәңіртаудың дауысы

Түрік тілінде шыққан топтамаға ақынның әр жылдары жазған ой-толғамдары, лирикалық шығармалары, әнге айналған бірнеше өлеңі кірген.

Есенқұл Жақыпбек тірі болса, 10 ақпанда 65 жасын атап өтер еді. Не шара, ақынды еске алу кештерін өткізуден басқа қазақтың амалы жоқ. Таяуда ақын туып-өскен Жамбыл ауданының басшылығы Есенқұл Жақыпбектің «Жазғы таңда» атты жыр жинағын халыққа таныстырды.

Түрік тілінде шыққан кітап Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан шықты.

Топтамаға ақынның әр жылдары жазған ой-толғамдары, лирикалық шығармалары, әнге айналған бірнеше өлеңі кірген. Өлеңдерді түрік тіліне жазушы, дипломат Мәлік Отарбаев аударған. Редакторы – түріктің танымал ақыны Атаман Калебозан.

Шараға Мәлік Отарбаев, Атаман Калебозан бастаған Түркияның бір топ зиялысы жиналды. Одан бөлек, Алматы облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі, Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының өкілдері мен өнер адамдары, Есенқұл Жақыпбектің жары Меңсұлу ханым мен балалары, шәкірттері қатысты.

Сүйінбай мен Жамбыл салған сара жолды жалғастырған ақын

Өмірден өткеніне бес жылдай уақыт болған ақынын сағынған жерлестері оның туған күнін жыл сайын ескерусіз қалмауын қадағалап отырады. Жырларын оқып, сөзіне жазылған әндерін шырқап, естеліктерін айтып, түрлі шаралар ұйымдастыруда әсіресе ақынның туған өлкесі Жамбыл ауданы алдына жан салмайды.

Шара барысында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың құттықтау сөзі оқылды. Онда: «Нағыз ақындарға тән албырт жүрек Есенқұлдың бойынан табылады. Өнер сүйер халық жұртшылық оны әлі күнге дейін есіне алады. Есенқұлдың поэзиясы – еркін поэзия.

Ол журналистік жолда да елі үшін қызмет етті. Ауданның тарихы мен мәдениетінің дамуына барынша атсалысып, ұйымдастырушылық қабілеті мен қайраткерлік болмысын жан-жақты дәлелдеді. Туған жері мен елін жырға қосты, халқының сөзін сөйледі.

Өмірден мезгілсіз өтсе де, артынан өшпейтін із қалдырды. Жамбыл жұрты, қазақ жұрты Есенқұловты сағына еске алып отырады. Ағамыз аяулы жары Меңсұлу жеңгемізбен бірге ұл-қыз өсіріп, немере сүйді. Бүгін де Меңсұлу апамыз шаңырақтың иесі де, киесі де болып отыр», - делінген.

Сонымен қоса, жинақтың түрік тіліне аударылып, жарық көруіне үлес қосқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне,  ақын әрі аудармашы Мәлік Отарбаевқа, Ұлттық спорт ассоциациясының құрметті төрағасы, генерал майор, қоғам қайраткері, руханият жанашыры Қайрат Сатылбалдыға, кешке арнайы келген Түркия елінің азаматтарына барша халықтың атынан алғыс айтты.

Сөзін қорытындылай келе аудан әкімі ақын шаңырағының жарығын сөндірмей отырған Меңсұлу апайға шапан жапты.

Есенқұл Жақыпбек

Түрік пен қазақ поэзиясы ұштасқан сәт

Көп күттірмей Есенқұл Жақыпбектің түрік тіліне аударылған «Жазғы таңда» жинағы ресми түрде жарық көрді. Қазақстан елшілінің дипломаты Мәлік Отарбаев, түріктің танымал ақыны Атаман Калебозан, Еуразия Жазушылар қауымдастығының өкілі Хусейн Калебозан, Алматы облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқарма басшысы Ақан Әбдуәлі, Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, академик, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы және Жамбыл ауданының құрметті қонағы Тұңғышбай Жаманқұлов маңызды сәттің тізгінін өз қолдарына алды.

Есенқұл Жақыпбек

Осы орайда ақын, жазушы Мәлік Отарбай Жамбыл жұртшылығына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының сәлемін жеткізді:

«Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және өзімінің атымнан баршаңызға зор ілтипатымды білдіре отырып, Жетісудың желмаясы атанған ақын Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығына арналған еске алу кеші мен «Жазғы таңда» жыр жинағының түрік тілінде жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан мен Түркия ежелден бауырлас елдер. Былтыр екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өттік. Ширек ғасырдың ішінде өзара ынтымақтастығымыз, ықпалдастық және стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Соңғы жылдары бауырлас түрік елімен әдебиет саласындағы байланысымыз күшейіп, 30-дан аса қазақтың көрнекті қаламгерінің әдеби туындылары түрік тілінде жарық көрді. Ақындарымыздың атымен Түркиядағы көшелер мен саябақтар аталып, жыл сайын шығармашылық кештер, жиындар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Анкарада Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев атындағы көшелер, Сүйінбай Аронұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова атындағы саябақтар ашылып, ескерткіштер орнатылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасы аясында ақын Есенқұл Жақыпбектің де түрік тілінде кітабы жарық көріп, Еуразия жазушылар одағына қарасты «Кардеш Калемлер» журналының биыл ақпан айының саны Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығына арналып отыр. Сүйінбай мен Жамбылдың дәстүрін жалғастырған ақын Есенқұл Жақыпбек ата-бабалары секілді қазақтың ғана көрнекті ақыны емес, түбі бір түркі жұртының мақтанышы, бүгінгі қос қуаныш құтты болсын!», - делінген елшінің сәлемінде.

Қазақ поэзиясына, Есенқұл Жақыпбектің өлеңдеріне бір оқығаннан ғашық болған түрік зиялылары сөзін қазақ тілінде бастады.

«Құрметті, Жандарбек Далабаев, құрметті Қайрат Сатыбалды, құрметті Ақан Әбдуәлі, сүйікті бауырлар, қадірлі достар!», - деп сөз бастаған Хусейн Калебозан Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының құттықтау сөзін оқып берді.

«Шығармашылығы арқылы өткен мен болашақты жалғаған қазақтың көрнекті ақыны Есенқұл Жақыпбек шынында өзіндік, өзіне тән философиялық көзқарасы арқылы, поэзиясы арқылы ірі ақын екендігін көрсетті. Түркі әлемі Есенқұл сынды ақындарға бай ел. Сондықтан ақынның шығармашылығын өз журналымызға насихаттау біз үшін үлкен мәртебе», - дейді Якуб Омароғлы.

Есенқұл Жақыпбек

Сонымен қоса, Еуразия Жазушылар қауымдастығының атынан шараны ұйымдастыруға атсалысқан қазақ азаматтарына марапат табыстады.

«Сүйікті бауырлар, өздеріңізге көрші, бауырлас елден Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Есенқұлдар еліне, Қазақстанға жалынды сәлем», - деп тебірене сөйлеген ақын Атаман ханым қазақ поэзиясына деген ерекше сүйіспеншілігін жеткізді.

«Өлең ақынның өмір сүрген дәуірін анық сүреді. Ақынның қаламынан туған өлең шумақтары өткен шақтан бастап келешекке дейін жалғасатын сөз сабақтастығы, рухани көпір. Елді елге жалғайтын рухани көпірдің бойында қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген орын бөлек, текті ақын Есенқұл Жақыпбекпен таныстым. Есенқұл Жақыпбектің өлеңдерін оқығанда оның бастан кешкен әрбір сәтін оқиғасымен новелласын тамашалап көргендей әсер алдым. Ол өлеңдері арқылы біздің өміріміздің айнасына айналғандай. Өйткені өлеңдерін оқып отырып өзіңді көресің, өткен өміріңе көз тастайсың. Ақынның қоғаммен бітісе қайнасқанына куә боласың», - дей келе сөзін ақынға арнаған жыр шумақтарымен қортындылады.

«Жақсы адам еді жаратылысы бөлекше,

Жақсылық жасап жүретін елге ерекше.

Жақсы адам еді жалпыға жаққан қашан да,

Жақсы адам осы құдайға ғана керек пе?!

Жақсы адам еді жарықтық...

Жабыла көміп қайттық біз оны

Топыраққа қарық қып...»

Есенқұл Жақыпбек

Жамбыл, Сүйінбай жырларын насихаттап, Есенқұл Жақыпбектің шығармаларын түрік тілінде кітап етіп шығарған Мәлік Отарбаев пен Атаман Калебозан «Халықаралық Жамбыл сыйлығыныа» ие болып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Әрі қазақтың салты бойынша шетелден келген қонақтарға шапан жабылды.

Ұлылар дүниеге келген ақпан...

Есенқұл Жақыпбектің өмірі тек өлеңнен тұрды. Саясат, дүние сынды мәселелермен басын қатырып көрмеген. Ақынның жанында жүрген рухани перзенті, шәкірті, бүгінде Алматы облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі Есағамен өткен жарқын күндерді еске алды.

Ол халықтың Есағасы болды, есті ағасы болды. Тіпті көзі тірісінде ақынды өзінен жасы үлкендері де Есаға деген екен. Қашан да халықтың ортасында жүрді.

«Тірісінде «жаяулатып елді көріп қайтайық» деп жанына алып алатын. Сондағы екеуміздің баратын жеріміз – базар мен автовокзал. Сол жердегі елдің тіршілігін көріп, риза болып қайтатын. Тіршіліктің ортасы ғой базар. Ұзынағаштың әрбір бұрышында ол кісінің ізі қалды. Бүгін Мұқағалидің туған күні, сол себепті Оралда Мұқағали мен Есағаға арнап жиын өткізіп жатыр. Ертең Есағаның туған күні. Бұл – өзінің жақсы көретін күні. Себебі Мұқағалидан кейін бір күннен соң туған. Осындай ұлыларды бір айға сыйғызған Жаратқанның кереметі. Мұқағали Жамбылменен бір айда туып, екі ұлы ақынның ортасынан өзінше жол тауып, із жасаған адам», - деді Ақан мырза.

Ұлы адамның дүниеден өткен күні болмайды. Халқы оның өлген күнін емес, туған күнін еске алады. Себебі ұлы адам артында қалған елінің есінде мәңгіге қалады.

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...

Шара соңында Тұңғышбай Жамақұлов, Роза Әлқожа бастаған әншілердің орындауындағы Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндер шырқалды. 

Фото: Мақсат Құсайынов

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір