• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:22:42
Алматы
+35°

19 Наурыз, 2019 Тарих

Әлихан Бөкейхан. "... бұл мұсылманшылықтың белгісі емес"

Қажылыққа сапар шегіп өзге елдің қайыршыларын тойындырғанша, өз еліңдегі қайыршыларға жәрдем бергенің дұрыс еді ғой.

Қостанайда қызмет атқарып жүрген кезімізде Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан  айтты деген бір әңгімеге құлақ түргеніміз бар еді. Сол әңгімеден алған әсерімізді және түйген тағылымымызды қалың жұртшылықтың назарына ұсынғымыз келеді. Бұл сөз – кеңестік саяси қуғын-сүргіннен жәбір көрген ұрпақтың отбасылық тарихында атадан балаға ауысып жеткен сөз. Бұл сөз – Әлихан Бөкейханның ХХ ғасыр басында қажылық сапарға бара жатқан жерлесі Төлебай деген кісіге айтқан бір ауыз сөзі. Алаш көсемінің сөзін бізге жеткізген – Төлебай қажының немересі Райхан Шәріпқызы. 

Райхан Шәріпқызы – Қостанай қаласының тұрғыны, мемлекеттік қызметкер. Ата-бабаларының мекені - Қарағанды облысының Қарқаралы өңірі. Райхан Шәріпқызының атасы Төлебай - Қарқаралы өңірінде туып-өскен кісі. Ол ХХ ғасырдың бас кезінде қажылық сапармен Меккеге барып, қажы атанады. Қажылықтан оралғаннан кейін дүниеге келген қыз баласына Мекке сапарының құрметіне Мәкен деп ат қояды. Кеңес үкіметі тұсында қуғынға ұшырап, Қостанай облысындағы қазіргі Қамысты ауданының Бестөбе деген жердің маңына уақытша орналасқан концлагерьге отбасымен жер аударылады. Осы жерде Төлебай қажы қайтыс болады. Төлебайдан Шәріп туады, ал Шәріптен қалған төрт баланың бірі – Райхан. Қажы Төлебайдың ұрпақтары бұл күнде Қостанай облысында бір қауым болып түрлі салада тіршілік етуде.

Райхан Шәріпқызының айтуы бойынша, оның арғы атасы Төлебай Меккеге қажылыққа бара жатқан сапарында Қара теңіз жағалауында Ә.Бөкейханмен кездеседі. Бұл кездесуді ол балаларына үлкен мақтанышпен айтып отырады екен. Әлгі кездесуде Ә.Бөкейхан Төлебайға: «Қажылыққа сапар шегіп өзге елдің қайыршыларын тойындырғанша, өз еліңдегі қайыршыларға жәрдем бергенің дұрыс еді ғой»,- дейді.

Қажылық – мұсылмандықтың бес парызының бірі. ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласынан қажылық сапарға баруға кез-келген кісінің шамасы келе бермейтін. Оған, әдетте, бай-қуатты кісілер баратын. Төлебай осы қатардағы кісі болады. Бұл жерде Ә.Бөкейхан мұсылмандық парызға қарсы болған деген ой тумауы керек. Төлебай  қарақаралық жерлесі болғандықтан және оны қазақ қоғамының қамы тұтас мазалағандықтан осындай базына айтқан деп тануымыз керек. Халқың кедей, ал өзің бай болсаң – бұл да мұсылманшылықтың белгісі емес. Бай мұсылман кісі маңындағы кедейге жәрдем беруі керек. Алаш көсемі Төлебайға Меккеге барар қаражатты қайыршылықпен күн көріп жүрген қандастарыңның пайдасына жаратқаның оңды дегенді мегзеген сынды.

Мұсылмандық парызды атқару үшін алыс сапарға бара жатқан Төлебай сынды бай-қуатты кісінің алдында мұндай сөзді Әлихан сынды – қалың қазақтың қамын ойлайтын әлеуметшіл кісі ғана айта алады. Өйткені ірі салмақты сөз тек халқын шын сүйген, еліне жаны ашыған кісіден ғана туады. Осы орайда, ХҮІ ғасырда өмір сүрген атақты Шалкиіз жыраудың Би Темір қажылыққа бармақ болғанда айтқан жыр шумақтары еске түседі:

Қара бас күспен шалдырып

Көк теңіздің үстінде

Көтеріп желкен аштырып,

Жүк тиедің кемеге,

Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге!

Жүк тиесең кетерсің,

Ниет етсең жетерсің,

Етектеп жиған көп халқың,

Сұлтан ием, кімге асмар етерсің!

Шалкиіз жырау билеушісіз қалып бара жатқан елінің қамына күйзеледі. ХҮІ ғасырдағы қазақтың патриархалды-феодалдық қоғамында ру-тайпаларды бір билеушінің маңына жинау – елдіктің басты сипаты. Жыраудың басты қайғысы – осы. Ал ХХ ғасырдың бас кезінде (бұл оқиға сол кезде болған деп жобалаймыз) Ә. Бөкейханды сол елдің әлеуметтік мұң-мұқтажы, азаттығы мазалаған, ол – соған қам жеген қайраткер тұлға.

Қазіргі таңда кейбір кісілер қажылықа баруды мұсылмандық парызды атқару деп емес, баршылық пен байлықтың, тектіліктің белгісін таныту  деп жүргені жасырын емес. Сондай кісілер Ә.Бөкейханның сөзін, Шалкиіз жыраудың жырын еске алып отырса, артық болмас еді деп ойлаймыз. Қалталы, бай-қуаты кісілер экономикалық қиындықтар кезеңінде елдің мұң-мұқтажына, қиындық көріп жүрген жандарға көбірек көңіл бөлсе, қоғамымыздың әлеуметшілдік сипатын білдіріп, оның немқұрайлық дертінен аман-саулығын білдіретін көрініс болар еді. Жалпы, мұсылман  жамағатының бұл жалғанда жасар игі істерінің бірі – мүмкіншілігі шектелген кембағал-кемтар жандарға, қамқоршыларынан айырылған жетім-жесірлерге қол ұшын ұсынып, көмек-жәрдем беру. Ал ол игі істер қажылық сапарымен тұстас келетін құрбан айт кезінде атқарылса – үлкен сауап. Әлихан Бөкейханның да, одан әрідегі Шалкиіз жыраудың да көкейінде осы ойдың болғаны, олардың сол тағылымды қазақ баласының өз өмірінде ұстанатын танымына айналдырғысы келгені сөзсіз. Ә.Бөкейханнан қалған базына, тағылым сөз бүгінгі қазақ азаматтарының көкірегінен орын алар ма екен...

А.Әбсадықов,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір