• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:08:05
Алматы
+35°

14 Маусым, 2018

Алматыда Астананың 20 жылдығына арналған классикалық музыка кеші өтті

Концерт Нұржан Байбосыновтың жетекшілігімен ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің музыкалық сүйемелдеуімен өтті.

Алматыда елімізге танымал классикалық музыка жанрының майталмандары Астананың 20 жылдығына арнап қала қонақтары мен тұрғындарына тамаша кеш сыйлады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Жүректегі арманмен, шыңдарға шығу жолында!» атты концертте ҚР Тұңғыш Президент қорының лауреаттары өнер көрсетті.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жиналған көпшілік әлемдік опера және классикалық музыка жанрының маржандарына сусындады.

Театр фоесінде  Астананың 20 жылдығына арналған «Астана – Ұлы дала жауһары» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

ГАТОБ фоесі

Концерт Нұржан Байбосыновтың жетекшілігімен ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің музыкалық сүйемелдеуімен өтті.

«Үлкен Опера» тақырыбымен өткен кеш композитор Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» увертюрасымен ашылды.  

МАСО

 «Страна улыбок» опереттасынан  Лиза мен Су Чонгтың дуэтін орындаған Бибігүл Жанұзақ пен Медет Чотабаев көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Венгр композиторы Франц Легарға 20 ғасырдың басында ерекше танымалдылық әкелген үш актілі шығармада ерекше махаббат оқиғасы баяндалған. Қос өнерпаз аталмыш шығарманың мәні мен мазмұнын ашып, көпшіліктің жүрегінен орын ала білді.

Бұл кешті адамзаттың музыка өнеріне деген көзқарасын өзгертіп, ән әлеміне ерекше қанық бояулар әкелген танымал композитор Людвиг Ван Бетховеннің шығармаларынсыз елестеу мүмкін емес еді. Ұлы музыканттың Виолончель, скрипка және фортепианоға арналған үздік шығармасын «Форте» триосы ел назарына ұсынды.

Мазмұны бөлек, мәні ерекше кеште тек классикалық музыка майталмандары өнер көрсеткен жоқ. Өткен ғасырдың ортасында Ленинград опера және балет театрында Арам Хачатурянның жетекшілігімен алғаш рет сахналанған «Спартак» балетінен үзіндіні «Астана Балет» театрының солистері Мадина Баспаева мен Серік Накиспеков орындап шықты.  

Адажио

Халықаралық фестивальдердің жеңімпазы Медет Чотабаев Джакомо Пуччинидің әлемдік сахналардың қазынасына айналған Тұрандот операсынан Калафаның ариясын шырқады.  

Концертке Ресей мен Еуропаға кеңінен танымал отандық опера жұлдызы Сүндет Байғожин де қатысты. Ол Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан үзінді орындады. Айта кетейік, Сүндет Байғожин аталған шығарманы Ресейдің «Большая опера» жобасында қалың көпшілік назарына ұсынып, қазылар алқасының таңданысын тудырған болатын.

Сүндет Байғожин

Асқақ өнердің қадір қасиетін бойына сіңірген опера әншісі Татьяна Вицинская әйгілі «Кармен» операсынан үзінді шырқап, кештің көркін қыздыра түсті.

Татьяна Вицинская

Әуезді әуен мен мазмұнды шығарма, музыкалық иірім мен сазды ырғақ үйлесім тапқан концерт Джузеппе Вердидің Аида операсынан алынған үзіндімен қорытындыланды.

Сонымен қатар концертке Гаухар Тасбергенова, Бибігүл Жанұзақ, Гүлзат Даурбаева, Ермек Курманаев, Еркебұлан Сапарбаев, Анастасия Кожухарова, Эмиль Сакавов сынды өнерпаздар қатысып көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

қолтаңба беру рәсімі

Әсерлі кештен соң өнерпаздар театр фоесінде көрермендерге қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір