• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:00:06
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 Оқиғалар

Алма жеген әкім "жұмақтан" қуылмаймын десе, біздің кеңеске құлақ түрсін

Халыққа өзгеріс аса қажет уақытта біздің әкім-қаралар бір пакет алма сатып алудан ары аса алмай отыр.

15 қыркүйекте Астана қаласының су жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов Алматы облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, бір пакет алма сатып алған еді. Бұл жаңалықты естігендер "әкім де біз секілді адам екен ғой", - деп таңырқап, "сүйінші" сұрап, жарыса жазды. Иә, әкім де біз сияқты қарапайым адам, алайда біз сияқты күн сайын аяқ-киімнің өкшесін, жүйке жасушаларын тоздырып жүрген адам емес. Олар арзан бағадағы азық-түлікті іздеп, базар жағаламайды, ұл-қызын қайда оқытамын, несие мен пәтер ақыны қалай төлеймін деп те бас қатырмайды, жұмыс күндері қаржыны үнемдеу үшін автобустың артынан жүгіріп, лық толы адамдармен қысылып тұрмайды дегендей. Бұл тізімді таңды-таңға ұрып жалғастыра беруге болады.

Астана әкімі алма сатып алған кезде не ойлады екен? Алматының тумасы туған жердің апортын шынымен де сағынып қалды ма әлде өзін көрсетудің, пиардың бір түрі ме?! Жә, бастысы бұл емес. Біз әкімдер автобусқа мінсе, велосипед айдаса, алма сатып алса, қаланы гүлдендіріп жібергендей жапа-тармағай жарыса жазып, қуанатынымыз қай сасқанымыз? Кей әкімдердің халықты өз қызметшісіндей көріп, мұң-мұқтажына құлақ аспауына, өзінің әкесінен мұрагерлікке қалған қаласында тұратындай талтаңдап жүруіне біз кінәліміз деп есептеймін. Себебі олардың түймедей іс-әрекетін түйедей етіп көрсетеміз. Олар соған мастанып алып, өздерін халықтан ерекшемін деп ойлайды. Сөйтіп қара халықтың күнделікті жасап жүрген іс-әрекетін өздеріне пиар ретінде пайдаланады. Біреуі велосипед айдайды, енді бірі автобусқа мінеді. Халыққа өзгеріс аса қажет уақытта біздің әкім-қаралар бір пакет алма сатып алудан ары аса алмай отыр. Сұлтановтың бір пакет алма сатып алудан басқа қандай жоспары бар екенін әзірге білмедік. Алайда халық экс-министрдің қандай білікті әкім екенін Астананың ауа-райы құбылған кезде білетін боламыз. 

Су жаңа әкімге Серікқазы Көкенай өзінің фейсбук парақшасына Сұлтановқа 7 тілек һәм кеңес беріпті. Аталмыш кеңестердің тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырманның да, Сұлтановтың да назарына ұсынуды жөн көрді. 

"Құрметті Астана әкімі! Өзіңізді жәрмеңкеден алма сатып алу сияқты арзан пиармен көрсетпей, қарапайым болғыңыз келсе, мыналарды істесеңіз болады:
1. Жағдайдың барлығы жасалған Үкімет мүшелеріне арналған үйде емес, қарапайым халық тұратын арзан үйге көшіңіз, сонда тұрыңыз, көріңіз.
2. Жұмысқа автобуспен келіңіз.
3. Айлығыңызды астаналықтардың орташа жалақысындай етіп белгілеңіз.
4. Балалар немесе немерелеріңізді қарапайым балабақша, мектеп немесе университетке беріңіз.
5. Патриот ретінде елімізде тігілген киімдерді киіп, елімізде өндірілген заттарды пайдаланып, қазақстандық тамақты ішіңіз.
6. Қаланы өзіңіз жаяу аралап, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаңыз.
7. Әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңызды қолға алып, виртуалды кеңістікте ашық болыңыз.
Егер осыларды орындай алмасаңыз, алма сатып алу сияқты арзан пиар жасап, сүйкіміңізді кетірмегеніңіз дұрыс!", деп жазады Серікқазы Көкенай. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір