• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:26:39
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2019 Сұхбат

Әлімғазы Райымбеков, қазақтың Тайлағы: Ата салтқа қарсы шығуға мәжбүр болдым

6-ақ күн... Қазақ көрермені сүйікті Тайлағымен қауышар күнге небәрі 6-ақ күн қалды.

6-ақ күн... Қазақ көрермені сүйікті Тайлағымен қауышар күнге небәрі 6-ақ күн қалды. 30 жасқа дейін үйленбей жүріп алған география пәнінің мұғалімі, «баламды қайтсем де үйлендіремін» деп келін іздеген ана, комедиясы терең мағынамен үйлескен әдемі фильм бәріміздің есімізде болар. Иә, иә, ол – «Тақиялы періште» еді. Ал 28 қаңтар «Тақиялы періште» экранға қайта оралады. Бірақ бұл жолы үйленбей жүрген бала да басқа, ауыл да басқа... Тек кешегі 30 жастағы Тайлақ бұл жолы ауылдың қадірлі ақсақалы рөлін сомдайды. Қазақты Әлімғазы Райымбековпен, яғни сүйікті Тайлағымен қайта қауыштыратын қоғамдық кеңестің мүшесі әрі фильмнің бас продюсері Құсман Шалабаев.

Құсман Шалабаевтың кеңсесі

Құсман Шалабаевтың кеңсесінде

28 қаңтар фильмнің жабық көрсетілімі өтеді, бір ерекшелігі – онда көрерменге Тайлақтың 200 тақиясы таратылады. Жүрегінің жартысын таба алмай немесе бойдақтығын қимай жүрген жастар әлгі тақияны алуға асықсын. Бұл да бір қазақтың ырымы... 31 қаңтардан бастап «Тақиялы періште 2» қалың көрерменге жол тартады.

Ал Әлімғазы Райымбековтің Алматы қаласында екенін естіген Qamshy.kz ақпарат агенттігінің журналисі сұхбаттасуға асықты. Аңыз адаммен тілдесіп, әдемі әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. 

Бір сөзіңізде «мені өнерге әкелген спорт» деп едіңіз...

–1965 жылдары Қайрат деген азамат қазақ балаларын жинап, күреске дайындады. Ол кезде қазақ күресі деген ұмытылып бара жатқан, біз соны қайта жаңғырттық. Қайрат ағамыз команда құрып, командамызбен Алматыда өткен жарыстан 2-орын алған едік. Сонда үздік деген 24 баланы қалдырды, Талғарда шынықтық, апта сайын күрестіретін. Ұтылғандар кетеді, ұтқандар әрі қарай жалғастырады. Сөйтіп 6 маусым Шымкенттегі Темірлан деген ауылға бардық. Өзі аудан орталығы болғалы жатыр екен. 16 команданың ішінде мен ауыр салмақтан Қазақстан чемпионы болып, қазақ күресінің шебері атандым да, қуанышым қойныма сыймай үйге қайттым. Жасым болса 25-те. Ауылда жүрсем, бас инженер келіп ауыл басшысының шақырып жатқанын айтты. Барсам, қолыма қағаз ұсынды. Телеграмма... кино... «Ән қанаты»... Қажымұқанның рөлі... «Мүмкіндігің болса, кел» деп жазылған. Әрине, бірден келісе кеттім, қазақты дүние жүзіне танытқан, жүз жылда бір туатын азаматтың рөліне мені ұсынса, неге бармасқа, заттарымды жинадым да, Алматыға қарай тайып тұрдым. Сөйтіп «Қазақфильмге» барып, бәрімен амандасып шықтым. «Орысша оқи аласың ба?» деп сұрады менен, «Судыратып оқымасам да, бір нәрсесін қыламын ғой» деп жауап қаттым. Сондағылар қолыма мәтін ұсынды да «жаттап кел» деп кері қайтарды. Қонақ үйге барып, әлгі мәтінді 10-15 күн жаттадым. Қазақфильмге қайта келіп, жаттағынымды айттым, «Закрепить!» деді. Костюм жөніндегі суретші мені киіндірді: шалбар, шапан, құндыз бөрік, етік, күміс белдік байлап әкелді, «Закрепить!» деді. Сәлден соң бетімді бояды, тағы да сол «Закрепить». Ертеңінде Әнуар Молдабеков, Торғын Тасыбековалармен түсірілім алаңына келіп, үшеуміз бір рөлді ойнап шықтық. 2 тамызда Қажымұқан атаның рөліне бекітті. 

10 қыркүйекте Күйік деген жерге барсам, қазақ үйлер тігіп тастаған. Торғын Майраны ойнайды, Әнуар Иса Байзақовты, мен Қажымұқанды ойнаймын. Сол жерде Қажымұқан атам бір неміспен күреседі екен, соны түсірдік. Сөйтіп бірде түсірілім алаңына  жеңіл мәшине келіп тоқтады, бәрі жапа-тармағай «Шәкен аға!» деп жүгіріп кетті. Келген Шәкен Аймановтың өзі екен. Түсірілім барысын өзі бақылау үшін жолы осында түсіпті. Артынан Шымкент қонақүйіне барып, ақсақалдарға  қызмет еттік. Сол фильмнен кейін Шәкен аға мені «Тақиялы періште» фильміне шақырды. Бірақ не себепті шақырғанын әлі күнге дейін білмеймін, өзі де айтпады. Тіпті басты рөлге тағайындады. Мен алғашында қарсы болдым, себебі кәсіби әртіс емеспін ғой. Сонда Шәкен аға «Әй, айтқанымды естідің бе?» деді, басымды изедім, «Шық кабинеттен! Бірақ ертең сағат 10-нан қалмай кел!» деді, болды. Содан 50 жыл өтіп кетті.

–«Тақиялы періштедегі» Тайлақ сол кезде география пәнінің мұғалімі болды. Ал өмірдегі Әлімғазы Райымбеков кім еді дәл сол уақытта?

–Ол кезде мен жүргізуші болдым, К-700 тракторын айдадым, содан кейін 10 жыл кинода жүрдім, елге барып, мұғалім болдым. Ұстаздық қыметтен зейнетке шықтым. Әйелім жанымда, 10 балам – 5 ұл, 5 қыз, 22 немерем, 16 шөберем бар. Жұбайым екеуміз 4 қарашада «Гауһар» тойымызды тойладық.

–Фильмге түсуге бірден келісіпсіз. Түсірілім алаңын сағындыңыз ба әлде басқа да себептер болды ма?

–Құсман (фильм продюсері – ред.) хабарласып, бәрін жайып салғанда, бірден келістім. 2013 жылы хабарласқан еді, екі жыл жоқ болып кетті. 2015 жылы қайта хабарласып, маусымның 28-іне шақырды. Жамбыл ауданы Қызыләскер деген ауылда болды түсірілім.

–Фильм желісі бойынша үйленбей жүрген немересіне келінді атасы іздейді. Әдетте қазақта жүріп алған ұлын үйлендіруге тыраштанып жүретін анасы, апасы немесе жеңгесі болушы еді. Ал әке-аталарымыз ұлын қатты үйлендіргісі келгенімен, салмақты сөзбен бір айтады немесе анасына айтқызады. Бұл фильмде керісінше екен?

–Бұл фильмге сәйкес, әлгі жігіт – менің алғашқы әрі өзім тәрбиелеп өсірген немерем. Немересіне «Үйленсейші!» деп қайта-қайта айтады, алайда әлгі жігіт «Уақыт бар ғой» деп жүріп алады. Бірде «үйлен» деп қоймай қойған атасын немересі «үйленетін болдым» деп алдайды. Атасы тойдың дайындығына кірісіп кетеді, туыстарына хабарлап, малын сатады. Келінді әкелсе, қара нәсілді қыз екен. Бұған шыдамаған атасының жүрек талмасы ұстап, құлап қалады.

Ақыр соңында «немерем менің тұқым-тұяғыма балта шауып, үрім-бұтағымды жоғалтайын деп отыр. Бұл «иттің баласын» өзім үйлендірмесем болмайды екен» деп атасы салт-дәстүрге қарсы шығады. Сөйтіп өзі келін іздеу процесіне кірісіп, қалаға аттанады. Ақыры мақсатына жетіп, ұлына келін таңдайды. Сөйтсе, әлгі қызды немересі де танитын болып шығады.

«Ата-дәстүрге қарамай үрім-бұтақ өрбісін» деген мақсатты алға тартқан қария ғой ол.

–Бүгінде үйленбей жүріп алған жастар көп. Тіпті ата-анасы ұсынған келінді, не күйеу жігітті жақтырмай жатады. Ал баласына ненің жақсы, ненің жаман екенін әке-шешесінен артық білетін жан жоқ шығар?

–Біздің қазақ жастарының сиқы мынадай: қайда жүрсең, қайда кірсең, бір-бірімен аймаласып жүрген ұл-қыздарды көресің. Олар тектіліктен бұрын, тәрбиеден бұрын сұлулықты алға қойған жандар. Жан сұлулығын емес, тән сұлулығын. Тиіп алады да, аяғы ауырлаған соң ажырасып кетеді. Үйленіп алады да, сұлулығына кірбің келсе, тастап кетеді. Әке-шешесіне, ата-әжесіне обал емес пе? Әке-шешесі несие алып, ұлан асыр той жасайды. Ал мұны бағалап жатқан жастар бар ма? Менің жолдасым тұрмысқа шығарда «Шаңырағыңның ақ босағасын аттадым, енді осы жерден тек күлім шығады» дегені бар. Қазіргі жастар «отбасы» деген сөздің қадірін түсінуден қалған. 

Әлімғазы Райымбеков

–Тайлақ анасы қарсы болса да Айшамен табысады, ал Әлімғазы Райымбеков өзінің жарын қалай жолықтырды? Қалай таныстыңыздар, табыстыңыздар?

–Мен әскерден келгенде «жеңге, жеңге» деп ойнап жүрген жеңгелерімнің «қайын бике» болып жүргенін аңғармай қалыппын. Бір күні олар мені бір әпкелеріне барып қайтуға көндірмек болады, алайда ештеңеден хабары жоқ мен көнбеймін оған. Ақыры амалдары қалмаған жеңгелерім бір қызбен таныстырғысы келетінін  айтты. «Охо, қыздан қашатын мен бе, баяғыдан солай демейсіңдер ме, әрине, барамын» деп көне кеттім. Барып қонақ болып қайттық. Бірақ, неге екені, қызбен таныса алмадым. Сөйтсем, шешесінің рұқсатынсыз қызды менімен таныстырмай отыр екен. Анасының Лепсіде екенін білген соң сонда бардым. Бұл жолы да жолым болмады. Мені әлгі жерге апарып жүрген ағаларымнан мән-жайды сұрап едім: «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді, оны мен бейбақ түсінбеппін. Сөйтіп кәдесімен қоса 23 қазан келетін болып шештік. Елге қайтып, үйдегілерге мән-жайды түсіндірдім. Үйленбек ниетімді әкем қолпаштап, қой алып қояды. Тек қыз жақтан мені есеңгіреткен бір хабар жетеді. Әлгілер маған қызын бермейтін болыпты, себебі жағдайымыз мәз емес еді, кедей едік. Түбінде қайын ағам қыз жақпен келісіп, ақыры беретін болды. Тез арада мәшине тауып, 23 қазан жолға аттанып кеттік.  Кедейлікті көрмейсің бе, апара жатқан малымыздың бәрі кішкентай. Бірақ осы жолы тағдыр маған күліп қарады. Жолда келе жатсақ, мал айдап жүрген қарияны көріп қалдық. Мәшинені тоқтатып, қарияға жағдайымды айта бастадым. Сөйтіп арық малымызды қарияның семіз малымен айырбастап, үстіне 100 сом қосып бердім де, өз жолыммен жүріп кеттім. Барып едік, қыз жақ ағамыз риза болып, некемізді қидырып, зәмзәм суын ішкізіп, бізді шығарып салды. Қыз артына қарамай, елге қарай жүріп кеттік. Сол кеткеннен 60 жыл өтіпті. Шүкір, бақытты ғұмыр кешіп келеміз.

Фильмде немереңізге келін тауып берген өзіңіз болдыңыз. Айтыңызшы, қазақтың келіндері қандай болуы керек?

–Қазақ атам «шешесін көріп, қызын ал» деп бекер айтпайды ғой. Әкесін көрдім, шешесін көрдім. «Жүзі жылыдан түңілме» деген тағы бар. Өзі мәдениетті, киген киімі, жүрген жүрісі ұнады.

Отбасы, ошақ қасы – аналар. Біз, еркектер, құр мақтанудан аузымыз босамайды ғой. Ал сөйтіп мақтанып отыруымызға кім себеп? Әрине, жолымызды қарайлап, бізді үйде тосып отыратын жан-жарымыз емес пе?! Жардан артық ешкім болмайтынын, әсіресе ер адам қартайғанда сезінеді екен. Жағдайыңды жасап, қарның мен көңіліңді тоқ етіп отырса, балаларыңа қазақы тәрбие беріп, жақсылыққа баулыса, одан артық не керек? Оқушылармен кездескенде де жиі айтып отырамын: Отбасы, ошақ қасы, ақ жаулықты аналар қазақша сөйлемей, балалар қазақша сөйлемейді. Оны баланың бойына дарытатын ананың сүті, ананың тәрбиесі. Міне, балаларымды биікке көтеріп, немерелерімді адам етіп тәрбиелейтін келінді мен «нағыз келін», «нағыз әйел» деп айтар едім...

–«Тақиялы періштені» бар қазақ сүйсініп көрді. Ал «Тайлақтың тақиясы» сол киноның жетістіктерін қайталай ала ма? Қалай ойлайсыз?

–Өзім фильмді әлі көрген жоқпын. Анда Құсманның шапқылап жүргені, мында біздің де шапқылап жүргеніміз нәтижесін берер. «Тақиялы періштеге» жете ме, жетпей ме, халық қалай қабылдайды, мұны ойланбай-ақ қояйын. Халық – айна. Сүйсініп көре ме, беймәлім. Алла бұйырса, 28 қаңтарда халықпен бірге көремін. Рахаттанамыз ба, жоқ еңсеміз түсіп қайта ма, алдағы уақытта көре жатармыз. Шәкен аға қашан да айтып жүретін: «халық өнер адамдарына ренжісе, не күліп кетсе, сол жеткілікті» деп. Ренжісе, соны түзетуге көмектеседі. Күліп кетсе, яғни біздің ойымыз халықтың қалауындай болды. Ал Құсман екеуміз халықтың көңілінен шығатындай тырыстық деген ойдамын.

–Айтыңызшы, 50 жыл бұрын «Тақиялы періштеге» түскен сәттегі әсерді қайта сезіне алдыңыз ба?

–Қазір бұрынғыдай жалындап тұрғаным жоқ. Қартайдық, қайғы ойладық... Режиссерге «біздің жас келіп қалды, ұзақ мәтін болса, аяғына дейін жеткізе алмаймын, болмайды десең, мен кете саламын, болады десең, тағы ойлан- толған. Әйтеуір кино болуы керек. Өзің соған ыңғайла» дедім. Ауылдағы кейбір таныстарымыз «Әй, біріншіге жете алмайды-ау» деп айтып қалды. Жете ме, жоқ па, оны ойламаймын. Ең бастысы, жүрекпен ойнадым. Халыққа жетер деген үмітім зор.

–50 жыл бұрынғы Тайлақ қандай еді, бүгінгі Әлімғазы ата дәл сондай. Еңсеңіз биік, денеңіз шымыр. Мұның сыры неде?

–Ақшаны, дүниені ойламаймын. Киер киімім, дастарханға қояр асым болса, соның өзі - бақыт. Шынында тазалыққа ештеңе жетпейді, арың таза болса, ұятың да таза, ұйқың да тыныш. Ал байлық – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Оны ойлағаннан пайда да жоқ.

Әлімғазы Райымбеков қандай әке?

–Ел-жұрттың көзінше балаларын сүйіп, жан салып еркелетіп жатқандарды көрсем, қаным қараяды. Көзбояушылықтың не қажеті бар? Ер адам өзін салмақты ұстауы тиіс. Міне, мен сондаймын. Көзімнің қиығымен еркелетемін, қабағыммен жөнге саламын. Ақылымды айтамын. Үлкенді сыйласам, кішіге иіліп тұрса, ең бастысы адам болып қалса деймін.

Әлімғазы Райымбековтың бір күні қалай өтеді?

–Жалпы шақырған жерден қалмайтын адаммын. Күнде болмаса да, ардагерлермен кездесіп тұрамын, Ардагерлер пленумының мүшесімін. Кей азаматтар бата беруге шақырады. Самайдағы ақ шашымды, сақалымды сыйлап тұрса, неге бармасқа... Балаларыммен, немерелеріммен жиі дидарласып тұрамын, ақылымды айтамын, білгенімді үйретемін. Уақытымның көбін кітап оқуға арнаймын, білген-түйгенімді немерелеріме айтып беремін. Әсіресе, қазақтың нағыз рухты азаматтары жайлы жиі айтамын.

–«Кейбір жастарға өкпем қара қазандай» деп жиі айтып жүресіз...

–Иә, алдында бір «Кел, келінім» деген бағдарламаға қонақ болуға шақырды. Даңғазардай төрт жігіт келіпті қатысуға. Дәл Отанын қорғайтын шақта. Бірақ төртеуі жабылып, бір қойды жыға алмады-ау. Салт-дәстүрге қатысты бірде- бір сұраққа жауап бере алмайды. Тек бос күлкі, мазақ... Намыссыздық қой, бұл. Айналайын жастар, кітап оқыңдар, тарихқа қызығыңдар, салт-дәстүрді біліңдер, дәріптеңдер. Болашақ сендердің қолдарыңда, ертең өскелең ұрпаққа не қалдырмақсыңдар? Ойланыңдар!

–Өзіңіз атақ-даңққа қызықпайтын секілдісіз...

–Мақтағанды, мақтанғанды кім жек көреді. Сені біреу мақтаса, мерейің үстем болады, көңілің көтеріліп қалады. Өз басым бермесе сұрамаймын, берсе, бас тартпаймын. Атақ-даңққа лайықпын ба, жоқ па, шешім – халықтікі. Қазір елдің сұрайтыны: «Фильмнен қанша қаламақы алдың?». Ешқандай қаламақы алғаным жоқ, алмаймын да, сұрамаймын да... Бірақ, берсе, бас тартпаймын. «Аға» деп сыйлап тұрса, сол да жетеді.

Кеудеңізден төсбелгі байқап отырмын. Қайдан алдыңыз?

–«Қазақстанның құрметті ардагері» белгісі ғой. Қадірлеймін, сол себепті тастамай тағып жүрмін. Жалпы үйде уақ-түйек марапаттар көп. Талдықорғанның құрметті азаматы, Алматы облысының, «Ақ жол» партиясының құрметті азаматы, өнер саласына қатысты төсбелгілер бар. Бірақ неге екенін қайдам, осы төсбелгіні тастамай тағамын.

–Ата, сіз үшін өмірдің мәні неде?

–Адам болып өмірге келген соң, адам болып өт. Ол үшін білім ал, тарихыңды біл, салт-дәстүріңді сақта. Кеше, Совет тұсында жастарымыз тегін оқыды, бірақ алған білімдері теңізде еді. Бүгін әкелері ақшасын төлеп жатса да, ақтамайды. Дипломын алса, болды. Ондай адам ертең еліне қызмет ете ала ма? Мынадай бір әзіл әңгіме бар екен: «Әке, «принял , сдал» деген сөздерді қатесіз жазатын болдым» деп қуаныпты бір бала. Қазір дәл осындай жастар өсіп келеді. Күрсінесің, амалың жоқ...

Осылайша әңгімесін қорытындылаған қазақтың тақиялы періштесі – Әлімғазы ата бір күрсініп алды да, жастарға батасын берді:

Аса мейірімді әрі қайырымды Алланың атымен бастаймын! Армандарың абзал болсын, алдарыңда ақ жол болсын, тәңірім көктемдей берсін, талаптарың көкке өрлей берсін. Дәурендерің сәнді болсын, ғұмырларың мәнді болсын, таңдарың азанды болсын, үйлерің қазанды болсын. Әумин!

–Сұхбатыңызға рақмет!

Әлімғазы Райымбеков

Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір