• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:03:40
Алматы
+35°

14 Ақпан, 2019 NEWS

Алғабас тұрғыны ұлының туған күнінде лифттен құлап, ажал құшты (видео 18+)

2018 жылдың 13 ақпанында «Зерделі» ықшам ауданының тұрғыны дәл ұлының туған күнінде лифт шахтасына құлап қайтыс болды.

2019 жылдың 13 ақпанында Алматы қаласындағы «Алғабас-6» ықшамауданының тұрғыны дәл ұлының туған күнінде лифт шахтасына құлап қайтыс болды.  Көршілерінің айтуынша, ауған соғысының ардагері Талғат Жастықбаев істемей тұрған лифт шахтасына сағат 16:20-де құлаған, алайда денесі тек 21:00-де бір-ақ табылды. Оқиғаның жалпы қалай болғанын Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісіне 144-үйдің подъездеріне жауап беретін тұрғын Айдана Шүйіншалиева баяндап берді.

Айдана Шүйіншалиеваның айтуынша, оқиға 144-үйдің 1 подъезінде болған. Марқұм ер адам 6-қабатта тұрады екен. Оның неден қайтыс болғанын білу үшін тұрғындар видеобақылауды көрген. Видеодан көрсетілгендей, ер адам жалғыз өзі сырт киімсіз шығыпты. Алайда қайда шыққаны белгісіз. Оның үстіне кеше ұлының туған күні болған.

«Ол кісі 144-үйдің 1-ші подъезінде тұрады. Былтыр 2 подъезге толық видеобақылау қойғызғанбыз. Тіпті лифттің ішінде де бар. Оқиға жайлы ести сала бірден видеобақылауға жауап беретін мамандарға хабарластым. Себебі түсініксіз жағдай еді: жаңағы ер адам лифттің ішінен емес, шахтадан табылды. Ер адам 21:00-де табылды. Сол уақыттан 23:00-ге дейін жатқан жерінде жатты. Себебі ТЖ комитетіне хабарластық, олар келмеді. Ол жерден марқұмды тек солар алып шығуы керек екен. Ал ол кісілер 23:00-ден өте келді. Айтуларынша, шақыру 23:00-де түскен. Ол жақта полиция қызметкерлері де жүрді. Ал видеобақылау өкілі де  алғашында келуден бас тартты. Полиция арқылы шықтық», - деді 144-үйдің тұрғыны.

Ұлының туған күні болғандықтан үйіне туған-туыстары жиналған. Бәрі дерлік Талғатты сыртқа шығып кетті деп ойлапты. Алайда 4 жарымнан бері оралмаған әкесін ұлы іздеуге кіріседі. Бұл уақытта көршілері лифттің істемей тұрғанына байланысты арнайы мамандарға да хабарласып қойған еді. Олар кешкі 21:-де келді. Әрі ер адамның лифт шахтасында жатқанын да байқаған сол мамандар болды. Тек төтенше жағдайлар комитеті келмейінше, ер адамды шахтадан алып шығудан бас тартты.

«Сенесіздер ме, әлгі кісі ана шахтада неше сағат бойы жатқан. Бұл марқұмның жақындарын әбден ашуландырды. Тіпті соңы төбелеске ұласып кетердей болды. Себебі бәрі шарасыз еді. Ақыры видеобақылау мамандары да, ТЖ қызметкерлері де келді. Видеодан көргеніміздей, ана кісі лифтті шақыратын нүктені басқан. Ол келмеген соң, біраз күтті де, баспалдақпен түсіп кетті. Бірақ неге екені белгісіз, қайтадан көтерілді. Лифтті тағы шақырды, келмеген соң түсіп кетті. Дәл осылай ол кісі үш  рет түсіп, үш рет көтерілді. Видеодан дауыс естілмейді, сондықтан не себепті көтерілгені белгісіз. "Бәлкім лифттің қозғалған даусын естіп, істеді" деген оймен көтерілген болар. Соңғы көтерілгенінде шахтаның есігін ашты. Ал ол есік оп-оңай ашыла кетті. Негізі лифттердің есігіне тіпті күші тасып тұрған адамның күші жетпеуі тиіс еді ғой. Жоқ, есік ашылып кетті. Ол кісі төменге қараймын дей бергенде аяғы шалынып, құлап түсті. Ол кезде сағат 16:20-ны көрсетіп тұрды», - деді Айдана Шүйіншалиева.

Яғни, 16:20-да лифт шахтасына құлаған ер адамның өлі денесін ол жерден тек түнгі 23:00-де алып шыққан. 9 сағатқа жуық жатқан Талғатты дәрігерлер де құтқара алмады. Ал дәл ұлының туған күнінде келген ажал марқұмның жақындарын қатты есеңгіретіп жіберді.  

Ресми ақпаратты әлі ешбір орган берген жоқ. Алатау ауданы әкімдігі түстен кейін хабарласуды сұраса, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ауызша түсініктеме беруден бас тартып, болған оқиғаны жазбаша түрде поштамызға жіберуге уәде берді. Әзірге қайғылы жағдайға кімнің жауапты екені белгісіз.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір