• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:18:50
Алматы
+35°

03 Қазан, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Актер болғың келе ме? Алдымен әнші бол!

«Қыз Жібек», «Гаухартас», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» фильмдерінен киноға түскен бірде-бір әншіні таппайсыз

Әлемде әркім өз ісімен айналысып үйренген. Темір ұстасы – темір жонады, бағбан – бау-бақша ісімен шұғылданады. Сондықтан да барлық елде өз ісінің маманы болуға үйрететін түрлі оқу орындары ашылып, «сен мына маман иесісің» деп қолына қалпақтай дипломдарын ұстатады. Яғни, кез келген адам белгілі бір мамандық иесі. Мәселен, білім беру саласында базалық білімің сәйкес келмесе, мың жерден сен сол саланы терең меңгерсең де, тұрақтап жұмыс істей алмайсың. Келген комиссия «мамандығы сәйкес келмейді екен» деп, алдымен саған шүйліге бастайды. Мемлекеттік қызметте де солай. Қызметке қабылдау салаға қабілеттілігіңді тексеріп, тест тапсыру түрінде анықталады. Журналистер де үш айлық сынақ мерзімінен өтпей бұқаралық ақпарат құралдарына қызметке қабылдана алмайды. Тіпті, сахнада ел ықыласына бөленіп жүрген маман актердің өзі де киноға түсетін болса, міндетті түрде сынақ кастингінен өтеді. 
Дәл осындай талап тек әншілерге ғана қатысы жоқ-ау деп ойлайсың кейде. Өйткені, сериалдар мен кинофильмдерде қолында әлгіндей «актер» деген дипломы бар әртістерден гөрі әншілерді көбірек көресің. Жанар Айжанова, Мөлдір Әуелбекова, Жазира мен Жанболат, Кәмшат Жолдыбаева, Айқын Төлепберген, Дастан Оразбеков, Жанар Дұғалова, Жігер Ауыпбаев... осылай кете береді. Тіпті, барлық сериалдарға қатысып, экраннан түспей, «жауыр» болған әншілер де бар. Бәлкім, кейбірінің актерлік мамандығы да бар шығар, бірақ біз оларды әнші ретінде жақсы танып қалғанбыз (әрине, кейбірінің актерлік қабілетіне таң қалмай тұра алмаймыз).
Мәселен, ұлттық кино өнеріміздің жауһарларына айналған «Қыз Жібек», «Гаухартас», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» фильмдерінен киноға түскен бірде-бір әншіні таппайсыз. Әншілер тек әртістер салған әндерге ғана кадр сыртынан дубляж жасайды.
Сонда кино индустриясындағы мамандарға фильмдеріне түсу үшін кәсіпқой актерлерден гөрі әншілердің тиімді болғаны ма? Жоқ, әлде, одан да танымал бола түсу үшін онсыз да «жұлдыз ауруымен» ауырып жүрген әншілердің өздері киноға түсуге сұрана ма? Мұның басқадай да бір себептері бар шығар? Біз білмедік... 

Бекжігіт Сердәлінің фейсбук парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір