• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:19:54
Алматы
+35°

16 Ақпан, 2019 Тарих

Әбу Наср әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» дұрыс зерттелді ме?

Әбу Наср әл-Фараби (Оған Алланың рақымы болсын!) осы кітапты жазуды Бағдадта бастаған еді.

«Қайырымды қала» дұрыс зерттелді ме?

Ортағасырлық араб жылнамашысы ибн Әби Усайбианың (1203-1270) «Уйуну-л әнбә фи табақати-л атиба» («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі») атты еңбегінде: «Әбу Наср әл-Фараби (Оған Алланың рақымы болсын!) осы кітапты жазуды Бағдадта бастаған еді. Кейін 330 жылдың соңында оны Шамға алып барады. Кітапты 331 жылы Дамаск қаласында аяқтайды. Тексеріп шығады. Нұсқаға тағы бір көз жүгірте отырып, оған «әбуәб» қосады. Кейін келе адамдардың сұрауы бойынша кітаптың мағынасын білдіретін «фусул» және қосады. Бұл бөлімдерді (фусул) ол 337 жылы Мысырда аяқтап, кітабына қосымша енгізеді. Ол алты бөлімнен (фусул) тұрады» деген дерек бар.

Әбу Усайбиа арқылы жеткен бұл хабар Отырар ойшылының атақты «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактаты мен трактатқа кейін қосылған тараулар (әбуәб) және бөлімдер (фусул) жайында еді.

Араб фарабитанушысы Мұхсин Махди (1924-2007) Әбу Наср әл-Фарабидің әуелі «Қайырымды қала...» еңбегінің өзін жазғанын, кейін «абуабын» (тарауларын), сосын «фусулын» (бөлімдерін) жазғанын айта келе, трактаттың кейбір қолжазба нұсқаларында «абуаб» сөзінің «фусул» болып кездесетінін алға тартады.

«Қайырымды қала...» ғалымның шоқтығы биік шығармаларының қатарына жатады. Ол алғаш рет 1895 жылы Лейденде («Бирбил» баспасы) басылып шықты. Бұл нұсқаны баспаға әзірлеген арабтанушы ғалым Фридрих Дитрици (Fridrich Dieterici) (1821-1903) екені ғылымда белгілі жәйт. Ғалым бұл кітапты Британия музейінде сақтаулы тұрған 425/3 нөмерлі (жаңа каталог бойынша – № 7518) қолжазба мен Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасы қорындағы №120/3 нұсқа негізінде баспаға дайындаған.

Кітап 1900 жылы неміс тіліне Ф.Дитрици тарапынан аударылып, «Der Musterstaat von Al-Farabi» деген атпен оқырман назарына ұсынылады.

Еуропа әдебиеті «Қайырымды қала...» трактатымен британдық сарапшы Ричард Рудольф Вальцердің (Richard Rudolf Walzer) (1900-1975) «Principles of the wievs of the Citizens of the best State» (1985) ағылшын тіліне аудармасы арқылы да таныс болды.

Әбу Наср әл-Фарабидің отыз жеті бөлімнен тұратын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты ғылымда біршама зерттеліп, жиі басылым көрген туындысы. Әр жылдары жарық көрген бұл туындыны жиі зерттеп, жиі жариялаған араб елдерінің басында Сирия, Египет және Ливан тұр.
«Қайырымды қала...» Ф.Дитрици нұсқасы негізінде (1895) Мысырда 1906 жылы алғаш рет жарияланды. Бұдан кейін еңбектің Батыс пен Шығыс елдерінде жарық көрген түрлі басылымдары ескеріле отырып, трактаттың араб тіліндегі қолжазба мәтіні терең өңдеуден өткен соң 1949 жылы Каирде француз тілінде жарияланды. Еңбекті аударған мысырлық ғалым Юсуф Карам («Idees des Habitans de la Cite Vertueuse», Каир, «Шығыс мұралары француз институты» баспасы).
«Қайырымды қала...» трактатының Ливанда шыққан басылымы (Бейрут, «Дар-ул машриқ», 1985) Таяу және Орта Шығыс, Еуропа, Америка елдері қолжазба қорларының ешбірінде ұшыраспаған фото көшірмесін қоса жариялайды. Трактаттың құнды фото-нұсқасын баспаға табыстаған Каир қаласындағы Араб елдері университеті жанынан құрылған Қолжазбалар институтының директоры Салах ад-Дин әл-Мунжәд еді.

Түркия қолжазба қорлары мен мұрағаттарында Әбу Наср әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары» еңбегінің әртүрлі нұсқалары түрлі көлемде сақтаулы екендігі ғылымда жиі айтылып жүр.

Түрік ғалымдары Нафиз Данишман (Nafiz Danişman) «El Farabi: El-Medinetü-l Fazila» (Istanbul «Maariv Basimevi», 1956) Ахмад Арслан (Ahmet Arslan) «Ideal Devlet (veya Yönetim) in Yurttaşlarinin Ana Özellikleri» (Ankara, 1990), Яшар Айдынлы (Yaşar Aydınlı) «Erdemli Şehir Halkının Görüşlerinin İlkeleri» (Ankara, 2018) деген атаулармен әр жылдары жариялады.

Ал «Қайырымды қала...» ның Қазақстандағы басылымдары ше?

Қазақстан ғылымындағы фарабитанудың алғашқы кезеңі Қазақ КСР Ғылымдар академиясы КСРО Ғылымдар академиясының құрамында болған ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. Сол жылдары Алматыда Қазақ ҒА Философия және құқық институты жанынан «Фарабитану» орталығы ашылып, ғалымның дүниенің төрткүл бұрышына шашырап кеткен мұралары жинақтала бастады. Осындай игі бастаманың нәтижесінде ғалымның өзге де трактаттарымен бірге «Қайырымды қала...» еңбегі де елге оралады.

Ең әуелі С.Н.Григориянның «Из истории философии Средней Азии и Ирана ҮІІ-ХІІ вв» (Москва, 1960) атты кітабына енген Әбу Наср әл-Фарабидің «Қайырымды қала...» трактатын араб тілінен орыс тіліне белгілі философ А.В.Сагадеев аударды. Кейін бұл аударма «Абу Наср Аль-Фараби. Добродетельный город. Философские трактаты» (Алматы, «Международный клуб Абая», 2014) жинағына да еш өзгеріссіз енеді.

Бұдан соң «Әл-Фараби: философиялық трактаттары» (Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым баспасы», 1973) деген атпен жарияланған жинаққа қазақ тіліне аударылып енген «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» Ф.Дитрици бастырып шығарған (1895) араб тіліндегі мәтін мен А.В.Сагадеев аудармасы (1960) негізінде дайындалады.

Қазақ елі тәуелсіздігін алған кезеңнен бергі жылдарда жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды шаралардың бірі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сериясымен Әбу Наср әл-Фараби мұраларының көптомдықтары әзірленді. Мұнда «Қайырымды қала...» еңбегіне де орын берілген («Әл-Фараби философиясы», Алматы, 2008. ІІ том).

Томдықты құрастырушылар трактаттың қазақ тіліне аудармасын 1968 жылы Бейрут қаласында «Дарул-Машриқ» баспасынан жарық көрген Албир Насри Надир дайындаған «Китәб әрә’и әхли-л мәдинәти-л фадила» еңбегін негізге алғанын айтады.

Қазіргі таңда бұл аударма Әбу Наср әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатының қазақ тіліндегі ең соңғы аудармасы болып саналады.

Жылнамашы ибн Әби Усайби‘а әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатын жазуды Бағдад қаласында бастап, оны 330 жылдың соңында өзімен бірге Сирияға алып келгенін, 331 жылы Дамаск шаһарында соңғы нүктесін қойғанын айтады. Осыдан кейін ғалым дәл осы еңбегіне «әбуәб» (тараулар) қосып, артынша «фусул» (бөлімдер) да әзірлейді. Ол алты бөлімнен (фусул) тұрған.

Олай болса ол тараулар (әбуәб) мен бөлімдер (фусул) қайда?

«Қайырымды қала...» еңбегінің «әбуәбы»

Ғылым тарихында Әбу Наср әл-Фарабиің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінің қазіргі заманға сай алғашқы нұсқасын жарыққа шығарған неміс ғалымы Фридрих Дитрици екенін жоғарыда айттық.

Ф.Дитрици әзірлеген бұл нұсқа (1895) шағын-шағын он тоғыз тармақтан тұратын «Ихтисар әл-әбуаб әлләти фи китәб «Әл-мәдинатул-фадила» («Қайырымды қала» кітабындағы тараулардан қысқаша») және отыз жеті бөлімге бөлінген «Мәбәди’ әрә’ әһл әл-мәдинәти-л фадила» («Қайырымды қала тұрғындары көзқарастарының принциптері») трактатының мәтіндерін қамтиды.

Демек, Әбу Наср әл-Фарабиің «Қайырымды қала...» шығармасының ибн Әби Усайби‘а еңбегінде сөз болған «әбуабы» яғни тараулары трактаттың өзімен бірге Ф.Дитрици нұсқасында (1895) алғаш рет жарияланған.

Еңбектің әлем мұрағаттарындағы кейбір қолжазбалары «Қайырымды қаланың» тек өзін ғана көшірсе, көпшілігі Ф.Дитрици нұсқасындағы «әбуабымен» бірге сақталған. Кейбір нұсқаларда кітаптың «әубабы» кітаптың «фусулы» болып бұрмаланып хатқа түскен.

Трактаттың отандық ғалымдар жариялаған алғашқы нұсқасында («Әл-Фараби: философиялық трактаттары», Алматы, 1973) «Әбу Насыр ибн Мухаммед ибн Мухаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби әл-Түркидің «Қайырымды қала» деген кітабындағы тарауларды шолу» деген атпен трактат әбуабы сосын «Қайырымды қала...» еңбегінің өзі берілген.

Ал «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Әл-Фараби философиясы» (Алматы, 2008, ІІ том) томына енген «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатының басында бұл «әбуаб» яғни тараулар кездеспейді. Ғылымда өзіне дейін жасалған жұмыстарды ескеру қалыпты құбылыс болатын болса не себепті мұнда А.В.Сагадеев нұсқасы мен оның қазақ тіліндегі аудармасы ескерілмегені түсініксіз.

«Қайырымды қаланың» «фусулы» яғни бөлімдері ше?

Отыз жеті бөлімнен (фусул) тұратын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактаттың Әбу Усайби‘аның айтуы бойынша кейін қосылған алты бөлімнің (фусул) жалғыз қолжазбасы алғаш рет 1961 жылы табылған.

Түркия Стамбул қаласындағы Сүлеймения кітапханасында сақтаулы 674 инвентарлық нөмерлі Қалаж Әби Паша қолжазбасы алпыс бес беттен тұратын (көлемі 11*19 ½ см) жинаққа енген қара сиямен, кейбір жерлері қызыл сиямен хатқа түскен көне нұсқа.

Қолжазбаның аты – «Фусул мәбәди ’әрә’ әһл әл-мәдинәти-л фадилати» («Қайырымды қала тұрғындары көзқарас принциптерінің бөлімдері») деп жазылған.
Бұл бөлімдердің қазіргі заманға сай ең алғашқы нұсқасын әзірлеген араб ғалымы Мұхсин Махди. Көне қолжазба толық өңдеуден өткеннен кейін 1968 жылы Ливанның Бейрут қаласында тұңғыш рет басылып шықты.

Әбу Наср әл-Фарабидің әлем ойшылдарының ерекше назарында болып келе жатқан атақты «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатының өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғылымға келіп қосылған бөлімдері (Фусул мәбәди ’әрә’ әһл әл-мәдинәти-л фадилати») қазақ ғылымы үшін әлі тың дүние.

Көне Отырардан шығып, әлемге екінші ұстаз танылған Әбу Наср әл-Фарабидің ілім-білімі кемелденіп, толысқан шағында жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегін түгендеп, бірізге түсіріп жариялайтын кез келген сынды.

Алдағы уақытта «Фусул мәбәди...» («Қайырымды қала...» трактатының бөлімдері) түпнұсқадан тікелей аударылып, оқырманға жол тартпақ.

Хаван Айдынгүл
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір