• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:04:57
Алматы
+35°

14 Ақпан, 2019 Әлеумет

"7 жылға түрмеге қамалғаным үшін құдайға шүкіршілік етемін". Зорлық көрген әйелдің оқиғасы

Түрмеге отырса, керісінше бостандықпен қауышатын әйелдер де барын білесіз бе? Ондай әйелдер түрмеге қамалып қана жан рахатын сезінеді,

Түрмеге отыру – адам баласы үшін ең үлкен қасірет, біріншіден еркіндігінен айырылады, екіншіден жақындарынан едәуір алыстайды. Алайда түрмеге отырса, керісінше бостандықпен қауышатын әйелдер де барын білесіз бе? Ондай әйелдер түрмеге қамалып қана жан рахатын сезінеді, бар қиыншылықтан құтылады, еркін болады. Олар – отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер.

Үкімін күткен Лилли Льюис үшін ол күн ерекше болды. Бір түрлі күле берді. Қуаныштан ба, қайғыдан ба, бұл жағы жұртқа беймәлім. Өзі де айналаға көз салған жоқ, кімнің не ойлайтынында шаруасы да жоқ еді. Тек адвокатының «8 жылға бас бостандығыңнан айырылдың» деген сөзін ғана естіді.

Бәрі жай ғана қойылым секілді, өтірік күлкі, өтірік мұң, құдды біреудің арбауына түсіп қалғандай. Сот процесі – абсурд сынды көрінді.

Лиллидің жанында отырған өзге айыпталушыға да үкім шықты, түрмеге түседі. Алайда ол жылады, қатты жылады. Себебі қорықты. Ал Лилли оны жұбатуға тырысты. Тырысқанымен өзі де қорқып түр еді, бірақ неден екенін білмейді.

Бостандықта айқай-шу, ұрып-соғу, зорлау сынды әрекеттерден көз ашпаған еді. Ол – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны. Лилли секілді түрмеде отырған әйелдердің 57 пайызы – зорлық көрген бейбақтар. Тағдырдың сондай тезіне шыдай алмаған әйел арақ та ішті, есірткі де қолданды, бірнеше мәрте өзін өзі өлтіруге оқталды.

Арнайы органдар одан балаларын тартып алды. Енді Лиллидің жоғалтар бағалы дүниесі де қалмады. Тек жаралы жаны бар...

Лилли Льюис

«Мені түрмеге қамаңдаршы. Дайынмын, өтінемін, тезірек», - деумен болды.

Міне, үкімін еститін де кез келді. Қара шалбар, қызғылт кофта киіп тұр, шашының алба-жұлбасы шыққан, жастай бетін әжім басып үлгерген.

«7 жыл», - деді судья. Алаяқтық бойынша айыпталды. Кінәсін мойындағаны үшін мерзімі қысқартылды.

Үкімін естіген Лилли еріксіз күлді. «8 жыл болмағаны қандай жақсы», - деп судьяны мазақ етті.

Түрмеге кетіп барады. Есіл-дерті 4 баласында. «Балаларым анасыз қалай өмір сүрмек? Түрмеде не істейді екенмін? Қандай жұмыс тапсырар екен?» деген ойлар миын шырмап барады.  Тағы күлді. Бұл жолы құдайға шүкіршілік айтты. «Маған осыншама жыл бердің. Әрі қарай не болар екен?», - деп ойлады ол.

1971 жылы Англияда дүниеге келген Лилли отбасының кішісі әрі еркесі еді. Әкесі қара нәсілді, анасы ақ нәсілді еді. Өзі оқыған мектепте аралас отбасынан шыққан оқушы болмағандықтан өзінің ерекше екенін сезіп жүретін.

Алайда 7 жасында өзінің асыранды екенін білді. Өзінің биологиялық анасы қажет етпегендіктен, ерлі-зайыпты қызды үйіне әкелген.

15 жасында ішімдікке құмар бола бастады, тіпті тоқтату қиын болған. «Маған біреу қамқорлық танытса, нағыз махаббат сол деп ойлайтынмын. Тіпті сүйікті жігітім мені соққыға жықса да қамқорлықтан деп түсініп жүрдім», - деді Лилли.

Лилли Льюис

Түрмеге де келді. Камерасына кірді де айналасына қарай берді. Қоршалған кішкентай терезе, бір бұрышта дәретхана... «Мен шынымен түрмедемін» деп ойлады іштей.

Түрме орталығына жұмысқа орналасты. Жаңадан қосылған сотталушыларды қабылдайтын. Көбіне есірткіге әуес әйелдер түсіпті, олар үшін түрмеде арнайы медиктер де болатын. Енді басқа топ психикалық күйзеліске ұшырағандардан құралады. «2018 жылы осындай адамдар үшін арнайы орынның да болмағаны ма?» деп ойлады Лилли.

Әйел түрме өміріне тез сіңісіп кетті. Бос отырып қалған кезі болмайтын, жалықпайтын. Жұмыстан бас алмайтыны соншалық дәл қазір қай ай екенін де білмей қалады.  

Өзіне кесілген жаза үшін ешқашан жылаған емес, өкінген де жоқ. Қорлық көрмесе болды. Тек балаларын ойлап қамығатын.

Ішуді қойды, есірткі де қабылдамайтын болды. Спортзалға жиі барады, жақсы тамақтанады, кітап оқиды. Өз өмірін өзгерте алатынына түрмеде жатып көзі жетті. Өзі үшін өмір сүруге кірісті.

Түрмеде жатып судьяға хат жазды. Онда былай делінген: Байқауымша, қылмыскерлердің көбіне түрме жақпайды. Алайда мен өзімді жақсы жаққа өзгерттім».

Түрмеде әйелдерге бәрін үйретеді екен. Математика, физика, спорт т.б. Тек жуынып, өз-өзіне қарау туралы ғана айтылмайды. Әйелдер есірткі саудалайды.

Мәселен, алкоголизммен ауырған әйелдер есірткіге құмарланып кетеді немесе керісінше. Әйтеуір түзелмейді. Мұны білген Лилли қиналып жүрген әйелдерге көмектесуді мақсат тұтты. Әсіресе жүкті әйелдерді ерекше қамқор болды. «Самаритяне» қайырымдылық ұйымының еріктісі болды. Әріп танымайтындарға әріп үйретті, қажығандарға өмірдің мәнін түсіндірді.

Осылайша Лилли бірнәрсені анық түсінді. Түрмеге түскен әйелдердің көбі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары. Алайда әйелдер бастарынан өткен оқиғаны өзгеге айтуға қорқатын. Бірақ Лилли айтқыза алды.

Лилли жастайынан зорлыққа тап болды. Сұлу қыз болатын, әдемі киінетін, өзінің бизнесі де бар еді. Алайда денесі көгеріп жүретін. Күндіз жарқырап жүргенімен түнде мұңын арақпен, есірткімен басатын.

Майкл есімді сүйіктісі болыпты. Онымен бірге тұрып жүріп, жүкті болып қалады. Бірнеше айдан соң жігіті Лиллиді ұра бастайды. Ай-күні жақындағанда баспалдақтан итеріп жіберген. Ұрыс-керісті естіген көршілері полиция шақыртады. Олармен бірге Лиллидің үлкен қызы Исси де тұрды.

Майклді қамаған соң басқа бір адамды жолықтырды. Мұның да әйелге көрсетпегені қалмады. Тіпті басына тапанша қадап, «өлтіремін» деп қорқытады екен. Лилли ұл туған соң, сүйіктісі әйелді тастап кетеді.

Еркектерден жолы болмаған Лилли араққа салынады. Есірткі шегеді. Өзін-өзі ұмытады. Бұл жайлы білген арнайы органдар одан балаларын тартып алады, ал өзін полицияға тапсырады.

Британия Әділет министрлігі өкілінің пікірі

«Түрмеге қамау әйелдерге пайда әкелудің орнына қоғамға кері пайдасын тигізеді. Сол себепті біз әйелдерді қорғау мақсатында әйелдер орталығын ашуды көздеп отырмыз. Онда қылмыс жасаған әйелдерден бөлек, алкоголь мен есірткіге салынған әйелдер де түсе алады».

Лилли әрі қарай бұлай өмір сүре алмайтынын түсінді. Түрмеге отырып, алкоголь мен есірткіден бас тартуға бекінді. 20 ай өткен соң түрме сыртына шығуға рұқсат сұрады. Рұқсат берілді, себебі тәртібі де жақсы еді.

Нью-Йоркті аралап шықты. Дүкендерді аралады, кафеге кірді, бостандықта жүрген адамдарды көрді де, түн ауа түрмеге қайта оралды.

«Мен өмірді сүйемін. Мен өмірді сүйемін. Мен өмірді сүйемін», - деп ішінен қайталай берді. Өмірдің шын мәнінде керемет екеніне көзі жетті. Жылады, қатты жылады.

Уақыт өктен соң Лилли түрме сыртына еркін шыға алатын жағдайға жетті. Оны өндірістік тәжірибелерге жиі шақырады. Заңды бұзған жастарға тәрбие беретін орталықтарға да жиі барады. Өз өмірін үлгі ете отырып, жастарды тәрбиелеуге тырысатын.

Лилли Льюис

Бойжетіп қалған қызы Иссимен ара-қатынасы түзелді. Кейде Лилли Иссидің жанында түнеп қалатын. Таңға дейін екеуі көз ілмейді, ана мен қызы болып әңгімелеседі.

Мерзімі аяқталар уақытқа әлі бірнеше жыл бар. Алайда әйел бұған қапаланбайды.

«Өз-өзімді жек көруші едім. Енді өзіме дән ризамын», - деп күлді. Бұл жолғы күлкісі шынайы болды.

Дереккөз: BBC News 

Лилли Льюиспен әңгімелескен Джон Келли

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір