• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:01:37
Алматы
+35°

09 Қазан, 2018 Денсаулық

1 миллион 600 мың адамды аузына қаратқан психиатр: 10 жыл бойы құлағыма неше түрлі дауыс келеді

Элеонор TED тыңдаушыларына басынан өткен жағдай мен дауыстармен қалай өмір сүргенін және ол дауыстар неден туындағанын айтып берді.

Элеанор Лонгден есімді психиатр 10 жылдан астам неше түрлі дауыстарды естіп келеді. Дәрігерлер оған шизофрения диагнозын қойды. Қорқыныш, ертеңгі күнге сенімсіздік, дәрменсіздік секілді сезімдерді басынан өткізген Элеонор қазір психиатрия саласында талмай еңбек етіп келеді. Элеонор TED тыңдаушыларына басынан өткен жағдай мен дауыстармен қалай өмір сүргенін және ол дауыстар неден туындағанын айтып берді.

Мектепте жақсы оқыдым. Жақындарым менен көп үміт күтті. Бақытыма орай,  ЖОО-на түстім. Студенттік өмір көңілді өтіп жатты. Жастар кеші, жаңа таныстық деген секілді. Бірінші семестр осылайша көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті.  

Екінші семестрде өмірім түбегейлі өзгереді деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Сабақтан кейін «Ол дәрісханадан шықты» деген дауыс естідім. Жан-жағыма қарасам айналамда ешкім жоқ. Төбемнен мұздай суды төгіп жібергендей күй кештім. Келесі сабаққа қарамастан үйге қайтып кеттім. «Ол есікті ашып жатыр» деген дауыс қайта естілді. Осыдан бастап өмірім нағыз тозаққа айналғандай. Дауыс әр қадамымды үшінші жақта қайталап отырды. Бастапқыда дауысы жұмсақ еді. Жақын досыммен сөйлескендей болатынмын.

Мен табиғатымнан эмоциямды сыртқа шығармайтын адаммын. Ашуланып тұрсам да сырт көзге білдірмеуге тырыстым. Сондай кездері дауыс менің ішкі күйімді дәл келтіретін. Мұңайсам, мұңайған дауысты естідім. Ренжіп тұрсам, ренжіп сөйлейтін. Ол маған менің жүрегімді түбінде жатқан, өзім байқай бермейтін эмоцияларымды жеткізгісі келгендей көрінді. Сол кезде дауыс туралы құрбыма айтып үлкен қателік жасадым. Ол мұны сұмдық жағдай ретінде қабылдады. Дені сау адам түсініксіз дауыстарды естімейді. Яғни маған психологиялық көмек қажет деп шешті ол. Құрбым дәрігерге көрінуге кеңес берді. Мен оның ақылына құлақ астым, алайда мұным қателік болғанын кешірек түсіндім.

Мен университет психологына өзіме сенімсіздік, болашақтан қорқу секілді мәселелерім бар екенін түсіндіруге талпындым. Дәрігер оған онша мән бере қоймады. Дауыс туралы айтқанда қалың ұйқыдан кенеттен оянғандай көрінді. Қолындағы қаламын тастай сала, мені сұрақтың астына алып, әңгімеме құлақ аса бастады.

Психолог мені психиатрға жіберді. Оған да дауыс есту оқиғасы онша ұнай қоймады. Әр айтқан сөзім, әр қадамым олар үшін жынды адамның сандырағы секілді көрінді.

• Иммунитет пен шизофрения арасындағы құпия байланыс

Мен университет жанындағы телестудияда жаңалықтар жүргізушісі едім. Бір күні психиатрмен әңгімеміз созылып кетті. Мен «Мен жаңалықтар жүргізетін едім. Қазір түсірілімге кешігіп жатырмын. Аяқтасақ қалай болады?», - деп сұрап едім, медициналық картама «Мені психикалық ауытқуы бар, өзін жаңалықтар жүргізушісімін деп ойлайды» деп жазып берді.

Ауруханаға жаттым. Шизофрения диагнозы қойылды. Бүкіл әлемнен үміт үздім. Өзімді қорланған адамдай сезіндім. Ауруханада дауысты өміріңнің бір бөлігі ретінде емес, симптом ретінде қабылдау керек екенін айтты. Осыдан кейін дауыстан қорқа бастадым. Ішкі жан-дүнием алай-дүлей болды. Құдды бір дауыс пен екеуіміздің арасында азаматтық соғыс басталғандай. Соның салдарынан дауыс көбейе бастады. Дауыстағы бұрынғы жұмсақтықтың ізі де қалмады. Ауруханада дауыстар мені аңдып жүргендей болды.

Дауыстар маған түрлі тапсырма бере бастады. Егер оны орындасам, бұрынғы өміріме қайта оралатынымды айтты. Барлығы кішкентай тапсырмалардан басталды. Мәселен, үш тал шашымды жұлу деген секілді. Бірақ уақыт өте келе тапсырмалар қауіпті бола бастады. Өміріме қауіп төндіріп қана қоймай, өзгелердің алдында мені есі дұрыс емес адам етіп көрсеткісі келгендей. «Стақандағы суды ал да адамның басына құйып жібер» деген тапсырмалар болды.

Шығар жолы жоқ, үмітсіздік, қорқыныштан тұратын шеңбердің ішінде қамалып қалғандай күй кештім.

Келесі екі жылда жағдайым нашарлай түсті. Дауыстар тіптен қорқынышты күйге енді. Көзіме түрлі сұмдық елестер көріне бастады. Менің психологиялық жағдайым физикалық, жыныстық және эмоционалды  зорлыққа жол ашты.

Жағдайым нашарлағанның үстіне нашарлай берді. Дауыстарға дамыл болмады. Оларды басымнан шығарамын деп, басымды тесе жаздаған кездер болды.

Маған жамандық жасағандар көп болды, бірақ жақсылық жасағандар одан да көп. Менің үйге қайтып оралатыныма еш күмәнданбаған анам, менің жағдайымды басынан өткергендер, менің жазылатыныма сенген дәрігер. Дауыстар қайтып оралғанда да жақындарыма қолдау білдірген де – дәрігер.

Менің болжамым тура келді. Дауыстар - менің іште жиналған эмоциямды, өзімнен жасыруға тырысқан сезімдерімді шығарып тастап, жеңілдетуге, бала кезден қалған психологиялық зақымнан арылу үшін жасалған реакция еді.

Дауыстарды тікелей түсінбей, оның маған не айтқысы келгеніне үңілуім керек еді. Мәселен, дауыстар маған түнде үйіме біреулер шабуылдайды деді. Мен оны тікелей түсіндім. Алайда бұл ескерту менің өзіме деген сенімсіздіктің белгісі еді.

Уақыт өте келе сөздердің астарын түсіне бастадым. Егер дауыстар «үйден шықпа» деп бұйрық берсе, мен оларды және өзімді қорқудың қажет жоқ екенін сендіруге тырыстым. Дауыстарға сенімді және құрметпен жауап бере бастадым.

Әр дауыс менің ұмыта алмаған, қаламаған жыныстық қатынас, қорлау, өзіме сенімсіздік, өзімді кінәлі сезіну секілді әр эмоция мен өмірде бастан өткерген қиын жағдай екенін түсіндім. Бұл ауыртпалықтарды сыртқа шығармағандықтан ол сөзге айналды. Агрессияға толы қорқынышты дауыс – менің бәрінен қатты ауыр тиген жағдайлар екен. Осының барлығын зерттей келе өзімді қолға алып, психиатрияға оралуды жөн санадым. Бірақ бұл жолы науқас ретінде емес, психиатр ретінде. Дауыстармен өмір сүріп жатқаныма 10 жыл толғанда университет тарихындағы ең беделді  психиатрдың дипломын алдым. Дауыстар емтихан кезінде дұрыс жауаптарды құлағыма сыбырлап тұрды. Кейде олардың назарында болу маған ұнайтын.

Психиатр ретінде көптеген конференцияда сөз сөйледім. Осы салада еңбек етіп келемін. Ғылыми еңбектерім жарық көрді. Сонда бір нәрсені ғана жеткізгім келеді – психиатрияда науқасты емдегенде, ең алдымен оның өткен өмірінде нендей жағдай болды, басынан нені өткергеніне көз жүгірту керек.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша дауыс адамның жан-жағында болып жатқан жағдайға реакциясы. Бұл ауытқу да, шизофренияның белгілері де емес. Біз дауыстарды еститін адамдарға есі дұрыс емес адамға қарағандай емес, дұрыс қарым-қатынас орнататын қоғам құруымыз керек. Бұл мақсатқа жету жолында қадам жасалынып жатыр.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір